Бәйтерек аудандық «Ауыл тынысы» газетінің №27 санында журналист Николай Берендяевтың «Ложка дегта в капле меда» атты мақаласы жарық көрген болатын. Онда ауыл көшелеріне тас жол төселгенімен, суағар қарастырылмағаны айтылған. Мұндай олқылықтың соңы неге апаратынын да көрсеткен тілшінің сөзі жоғарыға жетсе керек? Аудандық мониторингтік топ мүшелері құрылыс жүріп жатқан көшелерді аралап, жол сапасын тексеруді қолға алды.
Құрамында «Nur Otan» партиясы Бәйтерек аудандық филиалының кеңесші маманы Жеңіс Есеналиев, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Радим Рахметов, «Aqjayiq - adaldyq alany» жобалық кеңсесі жетекшісі Алма Төлепқалиева және ауданның белсенді азаматтары кірген топ алдымен көктем шықса, батпаққа айналатын «Орал» көшесіне барды. Тұрғындары асфальт төселіп жатқанына разы болғанымен, қар суы жиналатын орынға суағар салынбағанын айтты. Сондай-ақ тексеруші мамандар «Алматинская» және «Г.Жуков» көшелеріне салынып жатқан жолдың құрылысын да тексерді. Аталған көшелердің тұрғындары да суағар жүйесі салынуы керек екенін жеткізді.
-Бүгінде аудан орталығындағы көшелерге 15 шақырымнан астам тас жол төселуде. Құрылыс жұмыстары жыл соңында аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда мердігер компания тұрғындардың шағымын ескеріп, суағар салынуы керек жерлердің барлығына арнайы су өткізетін құбыр салуды қолға алды. Күні бүгінге дейін оннан астым құбыр орнатылды. Құрылыс сапасын әрдайым бақылауда ұстайтын боламыз,- деді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Радим Рахметов.
Енді апта сайын құрылыс жұмыстарының қалай жүріп жатқанын бақылайтын мониторингтік топ мүшелері барлық жұмыстардың жобаға сай жүргізілуін мердігерге қаперледі.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz