Бәйтерек ауданында өткен «Жыл үздігі – 2023» байқауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын жүзеге асыруға атсалысып, әр салада креативті, жаңашыл, іскерлік қабілеттерімен көзге түсіп жүрген белсенді жастар марапатталды.
Салтанатты рәсімде сөз алған аудан әкімі Марат Лұқпанов жас толқынның озық ойлы, білімде алда, қызметте алғыр екеніне тоқталып, үздіктерді анықтау оңайға соқпағанын айтты.
Алайда қай ортада болмасын талабы мен таланты ұштасып, қарым-қабілеті мен мінезі ұшталған үздіктер табылары анық. Оларды ынталандыру арқылы іскерлік әлеуетін арттырып, шығармашылығын шыңдау келешекте қайтарымы мол үрдіс екенін атап, номинанттарды марапаттады.
Шара аясында еріктілер күніне орай бәйтеректік белсенді волонтер Тулеби Бегеев облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің Алған алғысхатын иеленді.
Марапат төрінен көрініп, мерейі үстеген «Үздік жас ұстаз» Людмила Кичатова, «Үздік оқушы» Полина Коваленко, «Үздік жас өнерпаз» Дана Дишенова, «Үздік жас кәсіпкер» Ернар Кенжебеков, «Үздік спортшы» Данат Мусалимов, «Үздік құқық қорғау органы қызметі» Асқар Наурзов, «Үздік жас ауыл шаруашылық маманы» Павел Зулюков, «Үздік жас кітапханашы» Ләззат Мизанбаева, «Үздік жас дәрігер» Альмира Бегеева, «Үздік жас волонтер» Лунара Жалелова, «Үздік жас шекарашы» Ерлан Аяпберген деп танылып, оларға «Жыл үздігі – 2023» жастар сыйлығы табысталды.
Ал Переметный ауылдық округінің орталығында бой көтерген «Бәйтерек» тынымбағы «Жыл жаңалығы» аталды.
Гүлжаз Баделова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz