24.05.2021, 10:33
Оқылды: 40

Бәйтеректегі желаяқтар бәсекесі

Бәйтерек ауданы әкімдігі мен «Uralsk Runners» жүгірушілер клубы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Январцев ауылында трейлингтік жарыс ұйымдастырды. Белгілі бапкер, жеңіл атлет Жарас Айтуаровтың ұйытқы болуымен жүзеге асқан желаяқтар бәсекесіне өңірдің және көршілес Атырау облысының спортшылары жиналды.

4923C978-A821-4086-A5D3-91ADF388DD23

Облыста алғаш ұйымдастырылған аталмыш жарысты тамашалауға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ихласов, «Бәйтерек» спорт клубының директоры Максим Үмбетқалиев, облыстық жеңіл атлетика федерациясының президенті Тимур Жукушев және ауыл тұрғындары келді.

055AC7B4-C662-4C70-9182-11CC487C39C3

-Ауданда ғана емес, облысымызда алғаш ұйымдастырылған жеңіл атлеттер жарысы жас өрендердің салауаттылыққа деген қызығушылығын арттырып, бұқаралық спортты дамытуға өз септігін тигізеді деген ойдамын. Жарыс өткізуге мұрындық болған ұйымдастырушыларға аудан әкімінің атынан алғыс білдіремін. Бабы мен бағы келіскен шын мықты жеңіске жетсін,- деді бәсекенің ашылу салтанатында Р.Ихласов.

F8BF3C34-D6D7-4F73-848D-64D244ACE3CD

Кейін «Uralsk Runners» клубының мүшесі Рустам Беркалиев сөз алып, аудан әкімдігі мен шара ұйымдастырушыларына және спортшыларға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Максим Үмбетқалиев, атыраулық спортшылар Дәуір Жоламан мен Нұрғали Қалиев те жүрекжарды лебіздерін білдірді.

-Бір кездері осындай жарыстарға жүздеген спортшы қатысатын еді. Сол дәстүр үзілгенімен осы күні қайта жандана бастады. Спортты, соның ішінде жеңіл атлетиканы дамытуға күш салып жүрген азаматтарымыз аман болсын. Әр ауылда, аудан, қалада спортшылар көбейе берсін,- деді өз сөзінде жарыстың бас төрешісі Сергей Скакунов.

FF33C11C-09D1-42F2-BCD9-C7AFAFBA98F1

Он шақырымға созылған шағын марафон бәсекеге толы болды. Жарыстың басты фавориттері саналған казталовтық Баубек Ильясов, январцевтық Жарас Айтуаров пен Атырау қаласынан арнайы келген Дәуір Жоламан суырылып алға шықты. Дистанция басынан соңына дейін бәйгенің алдын бермеген үштік соңына дейін қапталдасып отырды. Тек соңғы шақырымда атыраулық желаяқты артқа тастаған Баубек пен Жарас бас бәйге үшін таласқанымен мықтыны анықтай алмай, мәре сызығынан қатар өтіп, бірінші орынды бөлісті. Екінші орын Дәуір Жоламанға бұйырса, үшінші болып мәре сызығын Архат Есенғалиев кесті.

-Жарыс жолы қиын болғанымен тамаша табиғат аясында жүгіру ауыр болмады. Бұндай жарыстар көп болса, спортымыз дамып, жастарымыз да жеңіл атлетикаға қызығушылық танытар еді. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз,- дейді екінші орын иегері атыраулық Дәуір Жоламан.

Ерлермен қатар қыздар да жарыс жолына шықты. Қорытындысында нәзік жандылар арасында үшінші орын Александра Елееваға, екінші орын Дарья Авдееваға бұйырса, бірінші орынды январцевтың жас спортшысы Наталья Панова жеңіп алды.

Жас болғанына қарамастан талай бәсекенің көркін қыздырып жүрген Январцев ауылының спортшысы алдына үлкен мақсат қойған. Болашақта әлемдік додаларда ел намысын қорғамақ ниеті барын жасырмайды.

-Немерем осы кезге дейін Орал қаласы мен еліміздің басқа өңірлерінде өнер көрсететін. Біз үйде отырып, жанкүйер болатын едік. Бүгін оның өнерін өз көзіммен көрудің сәті түсті. Қызымды спортқа баулып, өмірден өз орнын табуына көмек көрсетіп жүрген бапкері Жарас Мұқанұлына алғысым шексіз,- дейді Наталья Панованың әжесі Вера Константиновна.

Жарысты тамашалауға арнайы келген облыстық жеңіл атлетика федерациясының президенті Тимур Жукушев алғаш рет Бәйтерек ауданында ұйымдастырылған жарыс жоғары деңгейде өткенін айтады. Сөзінше, осы бәсеке өңірде трейлді жарыстарды өткізуге болатынын көрсетіпті. Болашақта аудан орталығы Переметный ауылында да қызықты бәсеке өткізу жоспары бар екенін де жеткізді.

-Алдағы уақытта балалар жарысын өткіземіз. Ол мәселе шешілді. Сондай-ақ Бөкей ордасы ауданында да трейлді жарыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Спортшылар үшін де, ұйымдастырушылар үшін де Орда топырағындағы жарыс қызықты әрі қиын болады,- дейді облыстық жеңіл атлетика федерациясының президенті Т.Жукушев.

Облысымызда алғаш рет өткізілген жарыс аса қызықты өтті. Жеңіл атлеттердің тартысы мен спорттың небір сиқырына куә болған жастардың қызығушылығы артып, Бәйтерек ауданынан әлі талай спортшы шығады деген сенімдері күшейе түсті.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Нұрғали Қалиев жарысқа қатысушы, Атырау қаласы:

-1995 жылдан бері жеңіл атлетикамен тұрақты түрде айналысамын. Осындай тамаша жарыс болады дегенді естіп, Атырау қаласынан арнайы келдім. Табиғаты тамаша өңірдің жарыс жолы да жоғары деңгейде дайындалған. Әсіресе, жастардың көптігі қуантты. Ел спорты дами берсін.

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале