Бәйтерек аудандық «Ауыл тынысы» газетінің штаттан тыс тілшісі, педагогика саласының ардагері, Бәйтерек ауданының құрметті азаматы Анципрович Николай Антонович 80 жасқа толды.
- Өмірін ұстаздық пен тілшілікке арнаған сіздей жан – жас ұрпақ үшін үлгі. Қаламыңыздан шыққан ауыл азаматтары мен еңбеккерлер туралы мақалалар, очерктеріңіз оқырман қауымның үлкен қызығушылығын тудырады. Ал қоғамдық өмірдегі белсенділігіңіз сізге деген көпшілік құрметін арттыра түседі. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін. Достарыңыз бен жақын-жуығыңыздың құрметіне бөленіп жүре беріңіз, - деді ардагер тілшіні арнайы құттықтай келген аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов.
Одан соң Мұрат Дүйсенұлы ардагердің иығына шапан жауып құрмет көрсетті.
Жеңіс мерекесімен тұспа-тұс келген еңбек ардагерін туған күнімен аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалымжан Мендалиев және газет ұжымы құттықтады.
Құрметке разы болған қарт журналист жиналғандарға ақжарма ризашылығын білдіріп, ел мерейі аса берсін деген тілегін жеткізді.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress