Ұлы Отан соғысының ардагері, Бәйтерек ауданының құрметті азаматы Старцев Александр Тимофеевич 94 жасқа толды.
⠀ Ардагердің сырқаттанып қалуына байланысты аудан әкімі Марат Тоқжанов телефон арқылы құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық тіледі. Туған күн иесіне аудан әкімінің алғыс хаты мен сый-сияпатын аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр табыстап, құрмет көрсетті.
⠀ - Аға ұрпақтың ерлігі – қазіргі жастар үшін өнеге. Ұлы Отан соғысы жылдарында толарсақтан саз кешіп, Отан үшін арпалысқан сіздерді әрқашан үлгі тұтамыз және мақтан етеміз. Біз өзімізді осындай бейбіт өмірге жеткізіп, ұрпақ өсіруге мүмкіндік сыйлаған сіздердей аталарымыздың ерлігі алдында басымызды иеміз. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін, - деді ардагерге жүрекжарды лебізін білдірген Нұржан Тоғызбайұлы.
⠀ Әр мереке сайын елеп, туған күнінде де құттықтай келген аудан, ауыл басшылығына ардагер ризашылығын білдірді.
⠀ - Біздің ұрпақ соғыс көрді. Кейін тың жерлерді игереміз деп аянбай еңбек етті. Соның барлығын ұрпақ үшін жасадық. Бүгінде елімізбен бірге ауданымыз да дамып, көркейіп жатыр. Осы игі істер одан әрі жалғасып, бейбіт күніміз таусылмасын! - дейді Александр Тимофеевич.
⠀
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz