8.11.2025, 15:30
Оқылды: 71

Бәйтеректік балғын спортшылар үздіктер қатарынан көрінді

Жуырда Алматы қаласында өткен ауыл балалары арасындағы «Аuyl sport – 2025» республикалық спорт ойындарында БҚО құрамасы сапында болған бәйтеректік өрендер жақсы өнер көрсетті. Олар бокс, үстел теннисі және баскетбол секілді спорт түрлерінен сынға түсіп, намысты қолдан берген жоқ.

IMG-20251107-WA0012
Атап айтқанда, Бәйтерек аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қыздар баскетбол командасы облысымыздың абыройын асқақтатып, қола жүлдегер атанды. «17 облыстың арасынан суырылып шығып, үздік үштікке ену біз үшін оңай болған жоқ,-дейді команда жаттықтырушысы Айдын Есетов. -Топтық кезеңде Қызылорда және Ақмола командалардан басым болып, 1/8-финалға жолдама алдық. Онда Атырауды жеңдік. 1/4-финалда Түркістан облысымен өткен тартысты ойында небәрі бір ұпай айырмасымен жеңісті қолдан бердік. Ал үшінші орын үшін таласта қыздарымыз ақтөбеліктерді 51:3 есебімен айқын басымдық ұтты».

IMG-20251107-WA0031
Батысқазақстандық балғын боксшылар сапында болған қос бәйтеректік те жақсы өнер көрсетті. 55 келі салмақта рингке көтерілген Махамбет ауылындағы орта мектеп оқушысы Данил Фоменко (жаттықтырушысы Азамат Сұлтанов) II орын, ал 58 келіде жұдырық түйістірген Байқоныстағы Қ. Мырзалиев атындағы мектептің оқушысы Заңғар Серік (бапкері Нұрбол Есімғалиев) III орын иеленді. Ал үстел теннисінде Янайкин ауылындағы Т.Бигелдинов атындағы мектептің оқушысы Балайым Гиссатдин (жаттықтырушысы Дулат Жүзбаев) күмістен алқа тақты.

Салтанат Зұлқарнаева
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале