9-12 қаңтар аралығында самбо мен жауынгерлік самбодан жасөспірімдер арасында өткен БҚО чемпионатынан жас балуандарымыз олжалы оралды. Орал қаласындағы ОЖСШМ спорт кешенінде болған белдесуге 150 балғын балуан қатысса, олардың 9-ы бәйтеректіктер.
Нәтижесінде самбодан дарияндық қос ару Айсұлу Сәрсенова (+80) мен Сабина Кұлымбетова (+72) барлық қарсыластарынан басым түсіп, топ жарды. Ал жүлдегелер сапында, яғни күмістен алқа таққандар арасында рубежкалық Дарья Забильская (65 келі), дарияндық Ардақ Радикқызы (59 келі) да бар. Олардың қатарына жауынгерлік самбодан ауданымыздың намысын қорғаған Дариян ауылынан келген Шерхан Дөкеев (58 келі) те енді. Осы 1-2-орын алған балғын балуандарымыз, келесі айда, яғни ақпанда Ақтау қаласында өтетін ел чемпионатында облысымыздың намысын қорғайтын болады. Байқоныстық Әділ Кәримолла мен переметныйлық Ербол Тынышбаев үздік үштікті түйіндеді.
Самбо күресі бойынша ауданымыздағы жасөспірімдер құрамасының бапкері Наурызбек Сапиевтің сөзінше, оның тәрбиеленушілері үмітін ақтаған. Енді олар ел чемпионатынан да құрқол қайтпау үшін уақытпен санаспастан, белжазбастан жаттығып жатыр.
2021 және 2022 жылдары ел чемпионаттарының жүлдегері болған Айсұлу Сәрсенова да алдағы іргелі жарысқа қызу дайындалып жатқанын айтады.
Салтанат Зұлқарнаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz