30.11.2024, 17:30
Оқылды: 5

Бәйтеректік кәсіпкер ару кәсібінің нәсібін көруде

«Әйел – бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген даналық бар. Мұның астарында әйел адамның кез келген істе алғыр, жарқын нәтижелерге қол жеткізе алатынын аңғартады. Өйткені, қоғамның түрлі салаларындағы жетістіктерде әйелдердің үлесі бар екені ақиқат. Осындай арудың бірі – 2023 жылы мемлекетке көпбалалы ана ретінде қайтарымсыз грантқа өтініш тастап, сол жылы кондитерлікті меңгерген Айзада Аманғалиева бүгінде кәсібін кеңейткен. Қазір ол өз қолынан шұжық пен трендтегі шоколадтарды жасап, сатуда.

1

- Мен қай уақытта болмасын ізденуден шаршамаймын. Өзімді бір кәсіппен шектемей, табиғи өнімдерді жасау жолдарын іздедім. Жаңа кәсіптің көзін тауып, көш ілгері жүретін адамдардың ойы үздіксіз дамып отырады. Кәсіпкерлер креативті ойласа, айналасына пайдасы тиіп, оң бастамаларды қолға алады. Жаңа жұмыс көздері ашылып, бәсекелестік пайда болады. Соның арқасында тұрғындар тұтынатын өнімнің сапасы артып, таңдау көбейе түседі. Шұжық жасауды өзім ақылы түрде шеберлік сағаттарына барып үйрендім. Жұмыстың жеңілі жоқ, әрине. Дегенмен шұжық шығарудың қызығы да, шыжығы да жетерлік. Мәселен, қазіргі таңда жылқы және сиыр етінен шұжық жасалынады. Құс етінен жасалған мәрмәр шұжығы да көптің көңілінен шығуда. Сондай-ақ, жылқы етінен жасалған шұжық жоғары сұранысқа ие. Әр кәсіптің өз қиындығы болады. Әсіресе, «жасаған өніміңді тұрғындар ұната ма» деген сұрақ жиі мазалайды. Шеберлік сағатынан 5 түрлі шұжық түрі мен шұжықшаның (сосиска) 2 түрін үйрендім. Бүгінде тұрақты сатып алушыларым бар. Олар өзіміздің ауыл тұрғындары және Орал, Ақсай, Атырау қалаларынан да бар. 1 келі шұжықтың бағасы 7000-8500 теңге, ал шұжықша (сосиска) 5000-6000 теңгені құрайды. Әзірге шұжықтарды жасайтын арнайы құрылғы жоқ, оларды уақытша қолмен жасаймын. Қазіргі таңда «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына қатысып жатырмын. Оның жауабы желтоқсан айында шығады. Жеңсем, кәсіпті дөңгелетіп әкету ойда бар. Шоколад трендін бастағанда өз қаражатыммен шеберлік сағаттарына қатысып, үйрендім.
Құрамы – таза бельгиялық шоколадтан. Тренд басталған кезде тапсырыстар өте көп болды, қазір азайып қалды. Шоколадтарымның бағасы нарықпен бірдей. Оларды Орал қаласындағы және Жалпақтал ауылындағы гүлдер дүкеніне өткіземін. Кәсібім еңбегімді ақтауда. Айына шамамен 200 мыңдай табыс табамын. Кәсібімді үйден жалғастырып отырмын. Көмекшім – енем. Мен қандай кәсіпті бастасам да енем қолдап, өз жұмысымды алаңсыз істеуім үшін балаларға қарайды. Үлгермей жатқанымда өзі де кірісіп, көмектесіп кетеді. Бірақ мен тапсырыстарды уақытыма, үлгеруіме қарап аламын, - дейді Айзада Аманғалиева.
Сондай-ақ кейіпкеріміз аудан орталығында өткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне де тұрақты қатысады. Мақсаты – тұтынушы талғамынан табылу. Осы жылдың наурыз айында Мансап орталығының ұйымдастыруымен өткен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповамен кездесу жәрмеңкесінде өз өнімдерін көрмеге шығарған. Аудан атынан облыстық «Пай-пай қазақтың келіндері-ай» сайысына қатысып, алғысхатпен марапатталған.

Салтанат Серікбайқызы
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале