Переметный ауылында тұратын Мұндаш Нармағамбетова әжеміз 98 жасқа толды. Соған орай аудан әкімінің орынбасары Лауаз Уәлиев үйіне арнайы барып құттықтады.
-Құрметті Мұндаш апа, сіз - ауданымыздағы жасы үлкен анамызсыз. Қарапайым еңбек адамы, жұмысшы маман ретінде ауданымыздың дамуына өз үлесіңізді қосқаныңыз белгілі. Өмірдің сан сынағынан сүрінбей өтіп, көп жетістікке жетіңіз. «Алтын алқа» иесі атағы бұйырды. Жүріп өткен жолыңыз, төккен теріңіз кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болары анық. Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ өмір тілейміз, - деген Лауаз Жеңісұлы аудан әкімі су тасқынына қарсы шаралармен жүруіне байланысты келе алмай қалғанын жеткізіп, аудан басшысының Алғыс хаты мен арнайы сыйлығын табыстады.
Өз кезегінде сөз алған «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бибігүл Ахметжанова да құттықтауын жеткізіп, игі тілегін білдіріп, сый-сияпатын жасады.
Мұндаш әжей өзін елеп-ескеріп келіп жатқан аудан басшылығына ризашылығын жеткізіп, батасын берді.
Айта кетейік, Мұндаш Нармағамбетова 1927 жылы бұрынғы Тайпақ ауданында дүниеге келді. Содан соң Тасқала ауданының бұрынғы Логашкин ауылына қоныс аударған. Ал 1946 жылы Переметный ауылының тұрғыны Хамит Нармағанбетовке тұрмысқа шыққан.
Хамит атамыз өмір бойы элеваторда еңбек еткен көрінеді. Өзі де Переметныйдағы элеваторында көп жыл қызмет жасап, сол жерден зейнет демалысына аттанды. Олар 8 баласының ата-анасы атанды. Жолдасы 1975 жылы дүние салды. Бүгінде балаларынан 19 немере, 47 шөбере, 15 шөпшек сүйіп отыр. Перзенттерінің айтуынша әжей әлі тың, тамағын өзі пісіріп, дайындайды, ақыл-есі дұрыс. Әлі күнге дейін перзенттеріне ақылын айтып, бағыт-бағдарын беріп отыр. Олар үшін бұдан асқан бақыт жоқ.
Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы