21.01.2021, 14:02
Оқылды: 52

Бәйтеректік мүсінші марапатталды

Елімізге танымал бәйтеректік мүсінші, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Ерғали Бекешев «Бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін» медалін иеленді.

8328BC0F-9D1D-4C3F-89EE-85FD47D42120

Көп жылдан бері тастан және темірден көздің жауын алар мүсіндерімен талайды таңдай қақтырып келе жатқан белгілі мүсіншінің туындылары өзінің жеңілдігімен және адамға терең ой салатындығымен ерекшеленеді. Оның өзіндік қолтаңбасы және қайталанбайтын стилі бар. Бүгінде Ерғали Бекешевтің қолынан шыққан мүсіндерді аудан орталығы Переметныйдан ғана емес, Орал, Ақтөбе қалалары мен өңіріміздің басқа аудандарынан көруге болады.

AF4AE542-2E34-44A7-BA16-AE58E9E9B16B

Өзінің тырнақалды туындысын жеңістің 60 жылдығына арнап жасаған мүсіншінің Үлкен Шағандағы обелискі ауыл қонақтары мен тұрғындардың сүйікті композициясына айналды. Одан кейін елорданың 10 жылдығына арналған  «Ровесник Астаны» туындысы Нұр-Сұлтан қаласының көшелеріне сән беріп тұр. Бұдан бөлек «Еркебулан», «Встреча», «Вечность», «Алдар көсе», «Одуванчик» сияқты композициялары көрген адамды түрлі ойға жетелейді.

-Бар өмірімді мүсіншілікке арнадым десем болады. Бүгінгі медаль менің өнерімнің бағаланғаны. Мүсіншілік — қиындығы көп өнер түрі, бір туынды жасау үшін кемінде үш ай уақыт кетеді. Болашақта өнерімді одан әрі дамытып, ұмытылмас туындылар жасасам деймін. Қоладан және басқа металдан мүсін құйып, ел тарихында өз ізін қалдырған бабалардың бейнесін жасағым келеді. Әсіресе темірмен жұмыс жасауды ширата түсуді жоспарлап отырмын,- дейді мүсінші Ерғали Бекешев.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале