Бәйтерек ауданы, Қайнар ауылында белгілі қаламгерлер - Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығы мен Қадыр Мырза Әлидің 90 жылдығына арналған көркемсөз оқу байқауы өтті. «Көркем сөздің шеберлері» атты бұл әдеби сайыс «Ұлттық кітап» апталығы аясында ұйымдастырылды.

Аталмыш іс-шараға Белес, Шалғай, Егіндібұлақ, Атамекен, Қайнар ауылдарының кітапханаларының 12-14 жасар оқырмандары қатысты. Байқаудың негізгі мақсаты жас оқырмандарды көркем әдебиетке баулу, сөз өнерін құрметтеуге тәрбиелеу, ұлы ақындардың шығармаларын насихаттау болды.

Тоғыз сайыскерлер үш кезең бойынша сынға түсті. Яғни олар бірінші кезеңде Жұбан Молдағалиевтің өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыса, екіншісінде Қадыр Мырза Әлидің поэзиясынан үзінділер ұсынылды, соңында ақындардың сөзіне жазылған әндерді шырқады.

Іс-шараны ашқан Атамекен ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Акерке Досқазиева мұндай рухани іс-шаралардың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондан соң жиналғандарға «Жайық деп соққан жүректер» атты кітап көрмесі таныстырылды.

Байқау қорытындысында бас жүлде Атамекен ауылынан келген Ерсұлтан Мұратқа бұйырды. 1-орынды егіндібұлақтық оқырман Санжар Боранбайұлы алды. Қалған орындарды қайнарлық Ақбота Нығымет пен шалғайлық Наз Ақмышева өзара бөлісті. Барлық қатысушыға дипломдар мен сыйлықтар табысталды.

Бұл байқау жас ұрпақтың сөйлеу мәдениетін жетілдіруге, көркем сөзге деген қызығушылығын арттыруға, рухани дамуына аз да болса өзіндік үлесін қосты деп ойлаймыз.
Раиса Досмұхамбетова,
Қайнар ауылдық кітапханасының
кітапханашысы,
Атамекен ауылдық округі