Бәйтерек аудандық жас туристер станциясы және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жастары бірігіп, Переметный ауылы тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған «Швейцария» аталып кеткен аймақта тазарту жұмыстарын жүргізді.

Табиғат жанашырларының көмегімен Деркөл өзенінің сол жағалауы және жоғарыда аталған «Швейцария» көлі ортасында орналасқан жер толығымен тазартылып, қоқыстар арнайы орындарға шығарылды.

– Жоспарға сәйкес «Таза жағалау» акциясы экология бөліміне қарасты төрт түрлі үйірме оқушыларының қатысуымен жүзеге асты. Акцияға барлығы 20-ға жуық адам атсалысты. Тазалау жұмыстарын оқушылардың бос уақытын дұрыс пайдалану және қоғамға өз пайдасын тигізу мақсатында ойын түрінде ұйымдастырған болатынбыз. Бұл акция оқушыларымызға жақсы әсер қалдырды әрі қызықты өтті, – деді жас туристер стансасының экология бөлімінің меңгерушісі Асхат Бекешов.

Асхат Серікалиұлының айтуынша, туризм орталығы «Таза жағалау», «Орал өңірінің жасыл желкені», «Турист, өз ағашыңды отырғыз» сынды ацияларды жыл сайын өткізіп отырады екен. Алдағы уақытта экологиялық акциялар өз жалғасын таппақ.