Бәйтерек ауданының түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуді 29-30 маусым аралығында тапсырды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Сафиуллинің айтуынша, биыл ҰБТ-ға 25 мектептің 291 оқушысы қатысуға ниет білдіргенмен, олардың бесеуі түрлі себептермен сынақ тапсыра алмаған.
-Биыл 286 оқушы ҰБТ тапсырды. Емтихан кезінде барлық сақтық шаралары ескерілді. Оқушыларды тасымалдауға 16 мектеп, 2 әкімдік автобустары мен 9 жеке көлік пайдаланылды. Алғашқы күні 7 білім ордасының, келесі күні қалған 18 мектеп оқушылары сынақтан өтті. Тесттен шыққан түлектерді тамақтандыруды да ұйымдастырдық. Үш оқушы 120-дан көп балл жинады. Олар: 127 ұпай иеленген Переметный мектебінің түлегі Тайыр Мұсақұлов, 125 балл алған Трекин қазақ мектебінің оқушысы Жанбике Заева мен Қ.Аманжолов атындағы мектеп түлегі Камила Иманғалиева. Ол 123 ұпай жинады, - дейді Серік Сафиуллин.
Серік Нәженұлының биылғы түлектердің 20-сы «Алтын белгі», 16-сы ерекше аттестатқа ие болғанын да атап өтті.
Нұрлыбек Мұхамбетияров,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz