Бүгінде қыз-келіншектер үйде отырып-ақ ақша тауып, отбасына қолғабыс етеді. Бірі тоқыма тоқыса, енді бірі түрлі тәттілер пісіреді. Соңғы уақытта тәттілер пісеретін бұрымдыларымыздың кәсібі жүріп тұр деуге болады. Өйткені қазір дүкеннің түрлі қоспаларымен жасалған тәттілерден гөрі таза да табиғи өнімнен жасалған тағамға деген сұраныс артты. Ауылдастарын тіл үйірер торттарымен, дәмі балдай бәліш, пирогтарымен қуантатын Зәмзәм Иманалиева ауданымызға қарасты Достық ауылының талай тұрғынының ризашылығына бөленген жан.
Бөкей ордасы ауданының Бөрлі ауылында дүниеге келген кейіпкеріміз туған жеріндегі мектепті аяқтаған соң арман қуып Орал қаласына келеді. Облыс орталығындағы оқу орындарының бірінен ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығын алып шыққан ол «Үш ұйықтасам да кондитер атанамын деген ой келмеген еді» дейді. Десе де осы күні ұстаздықты қойып, жаңа кәсіпті меңгергеніне еш өкінбейді.
- Оқуымды аяқтаған соң біраз жыл мамандығым бойынша қызмет жасадым. Кейін отбасын құрып, декреттік демалыста отырғанымда түрлі тәттілер пісіруге әуестендім. Ол өнер маған анамнан дарыса керек. Өйткені оның пісірген тағамдары ауыл адамдарының мақтауына ие болатын. Ең алғаш чак-чак пісіруді де анам үйретті, - дейді Зәмзәм. Осы аралықта кейіпкеріміз инстаграм желісі арқылы тәтті пісіруге құлықты жандарды жинап, шеберлік сағаттарын өткізетін Аяжан есімді шеберден біраз нәрсе үйреніп алады. Бірақ декреттік демалыс аяқталған соң кейіпкеріміз мектепке қайта оралады.
2019 жылы жолдасы Достық ауылынан үй салып, Зәмзәм ханым отбасымен бірге ауылға қоныс аударады. Сонда да ұстаздықты тастамағанымен, Оралға қатынау жағы қиындап, мұғалімдікті қояды.
Ұстаздықтан біржола қол үзген соң біраз уақыт үйде болған оны жақындары мен достары кәсіп ашып, шеберлік сағаттарынан үйренген торттарын сатуға үгіттеген. Басында аздап жүрексінгенімен, алғашқы тапсырыс берушілердің оң бағасынан соң өзіне деген сенімі артып, жаңа кәсібіне бел шеше кіріскен. Осылайша тапсырыс берушілердің де мақтауына ие болған Зәмзәмнің торттарының атағы алты қырдан аспағанмен, 6 мың тұрғыны бар Достыққа тез тарайды.
- Ауылымыз қала іргесінде болғанымен, тұрғындар жақын жер ғой деп менің тәттілеріме тапсырыс береді. Осы күні әр тұтынушымның үйіне дейін жеткізіп беру жағын да бір жолға қойдым, - дейді жас кондитер.
Вупи пай, сүтті қыз, қызыл бархат сияқты торттары мен түрлі мерекелерге арналған тәттілерді де пісіретін кейіпкеріміз тапсырыс берушінің сұранысына қарай өнімге түрлі форма беріп, туған күн иесінің жасына сай сан етіп те жасап береді. Бисквитті торттар мен пирогтардың он шақты түрін, тәтті нан, самса, пицца, чизкейк, трайфл, чак чак, тыштырманы да дайындайды.
- Адамның қалыптасуына оның ортасы қатты әсер етеді. Мен кішкентай кезімде анам білім алсын деген ниетпен қаладағы нағашы апамның қолына берген. Бастауыш сыныпты Сәкен Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында оқыдым. Сол нағашыларым мені білімге және жаңа нәрсені үйренуге үйретті. Колледжден соң аздаған уақыт «Love» той-мереке агенттігінде қызмет жасадым. Ол жердегі басшым Айгүл Хайрлиевна да өте қарапайым жан еді. Одан кейін Аяжан ханым да ерекше мотивация беріп, кәсіп ашуыма тікелей әсер етті. Осы жандарға алғысым шексіз, - дейді Зәмзәм ханым.
Бүгінде жаңа кәсібін дөңгелетіп отырған Зәмзәмның торттарына тек ауылдастары ғана емес, Орал қаласының тұрғындары да тапсырыс береді екен. Жолдасы мен енесі де қамқорлығын аямай, қолдан келген көмегін көрсетіп тұратын көрінеді.
- Тапсырыс көп түскен күні енем көмекке келеді. Қайын інім ауыл ішіндегі адамдарға жеткізуді қолға алған болса, інім қаладағы тұтынушыларға жеткізуді өз мойнына алды. Жалпы менің жаңа істі бастағаныма барлық ет-жақын туыстарым қуанып жүр. Ешкім қолдаусыз қалдырмайды, - дейді ол.
Не бастаса да соңына дейін жеткізіп, кез келген істен нәтиже шығару керек екенін үнемі айтып отыратын кейіпкеріміз алдағы күндері өз дүкенін ашпақ. Сондай-ақ кондитерлік цехы мен наубайханасын ашуды, тек торттарды ғана емес, нан түрлерін дайындауды да қолға алмақ ниетте.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz