Бүгін Бәйтерек ауданы орталығында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Елдіктің асыл мұраты – достықтың нұрлы шырағы» атауымен мерекелік іс-шара өтті.
– Қадірлі жерлестер! Сіздерді бүгінгі мейраммен шын жүректен құттықтаймын! Елімізде мекен еткен 130-дан астам ұлт өкілдері ынтымақта, бір үйдің баласындай жарасымды тіршілік кешіп келеді. Тарих көшінің белгілі бір кезеңдерінде тағдыр тауқыметімен елімізге келіп қоныстанған ұлттар мен ұлыстар үшін қазақ жері киелі алтын бесікке айналды. Тәуелсіз ел болып қалыптасқан уақыттан бері алған асуларымыз бен жеткен жетістіктерімізде әрбір отандасымыздың қосқан үлесі бар. Мемлекетімізде татулық пен келісімнің салтанат құруының арқасында бүгінде баршамыз алаңсыз өмір сүріп, білім алып, еңбек етудеміз. Бір шаңырақ астындағы ауызбіршілікте тұрып жатқан халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі нығайып, елімізде ұлтаралық татулықтың беріктігі арта берсін, – деп бәйтеректіктерді мерекемен құттықтаған аудан әкімі Марат Тоқжанов түрлі салада еңбек етіп жүрген «Достық» клубы мүшелерін марапаттады.
«Халықтар достығы» хореографиялық композициясымен ашылған мерекелік концертте түрлі ұлт өкілдерінің әндері шырқалып, билері биленді. Сондай-ақ арқан тартыс, қол күресі, қашықтыққа жүгіру сынды спорттық сайыстар да ұйымдастырылды.
Салима Сакпусунова, «Шатлық» татар халық шығырмашылығы өнер ұжымының мүшесі:
– Ауданымызда түрлі ұлт өкілдері береке-бірлікте өмір кешіп жатқандығы бүгінгі мерекелік концертте де көрініс тапқандай. Қазір Қазақстан - әлемдегі ұлтаралық, дінаралық келісімнің үлгісін көрсетіп отырған елдердің бірі. Біз осындай тамаша елде өмір сүріп жатқанымызға қуанамыз. Қашанда бірлігіміз де, тірлігіміз де жарасып, дәулетті әрі сәулетті өмір кешейік!
Әлішер Асқаров,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz