16.03.2022, 15:30
Оқылды: 84

Бәйтеректіктер Көрісу мерекесін қалай тойлады?

Көрісу мерекесі Бәйтерек ауданында кең көлемде тойланды. Барлық мекеме, ұйымдарда дастархан жайылып, ақ ұсынылды. Мектептер мен балабақшаларда ашық сабақтар мен ертеңгіліктер ұйымдастырылып, айтулы күннің шығу тарихы мен маңыздылығы түсіндірілді.

????????????????????????????????????

Әз-Наурыздың бастауы саналатын амал мерекесінде Раздольный мектебінің ұжымы оқушылар арасында арқан тарту, асық ату, тоғызқұмалақ, қол күресі сынды ұлттық ойындардан жарыс өткізді. Мектеп басшылығы аталмыш шараны ұйымдастырудағы басты мақсат өскелең ұрпақ бойына ұлттық тәрбиені сіңіру болғанын айтады. Шараға оқушылар үлкен белсенділікпен қатысқан.

Сонымен қатар атаулы күні Белес ауылдық клубы жанынан «Ақ босаға» келіндер клубы құрылды. Оның мақсаты «Рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген ұлттық дәстүрді дәріптеп, ене мен келін, ана мен қыз арасындағы байланысты нығайту екен. Бұл ақпаратты өзінің Facebook желісіндегі парақшасында Белес ауылдық клубының меңгерушісі Ақтоты Имағамбетова жариялады.

Халықтық сипат ала бастаған ерекше мерекеде Трекин округінің әкімі Мәлік Сейітов ауыл ақсақалдарына барып, құрмет көрсетті. Ел амандығын тілеп, ақ батасын берген ауыл үлкендері айттан айтқа аман жете берейік деген жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Бұндай шара Янайкин ауылдық округінде де өтті. Ауыл әкімі Сәуле Аққайырова мен аудандық мәслихат депутаты Тілек Залмұқанов елді мекен үлкендерінің үйіне барып, құрмет көрсетті.

Железнов ауылдық округінің әкімдігі де амал мерекесінен тыс қалмады. Округ әкімі Ербол Сидағалиев Новенький елді мекеніндегі ақсақалдар мен кейуаналарға арнайы барып, амандық сұрасты.

Январцев ауылдық округі де Көрісу мерекесін өз деңгейінде атап өтті. Бұл күні Январцев және Красноармейск ауылдық клубтары бірлесіп, дастархан жайып, көпшілікке мереке сыйлады. Ақ ұсынылып, наурыз көже таратылған шараға ауыл ақсақалдары мен жастары түгел жиналды. Өнерпаздар ән салып, би билеп мереке көркін қыздыра түсті.

Аталмыш мерекелік кешке демеушілік еткені үшін округ әкімдігі «Бекмырза» шаруа қожалығына, «Байстон» ЖШС-не, Н.В.Голубенко, К.А.Құлниязова, О.В.Кадаева сынды кәсіпкерлерге алғыс білдіреді.

????????????????????????????????????

Көрісу күні Дариян ауылы кітапханашылары ерте тұрып, ауыл ақсақалдарына көрісіп, баталарын алды.Амал күні өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылатынын үлкен-кіші көрсетті. Осылайша қариялардың батасын алған кітапханашылар халыққа қызмет көрсету орталығы, пошта, ауыл әкімшілігіндегі тұрғындармен де көрісіп, бір-біріне береке-бірлік, амандық, саулық тілеп, келер жылғы Айт мерекесінде де амандықпен қауышайық деген жылы тілектерін арнады.

Макаров ауылдық округіне қарасты Подхоз елді мекеніндегі мектеп ұжымы да амал мерекесін ерекше атап өтті. Олар «Халық ауыз әдебиеті – әдебиеттің бастауы» атты театрландырылған қойылым қойып, оқушылар арасында түрлі сайыс ұйымдастырды.

Талғат Бигелдинов атындағы мектепте де Көрісу мерекесі өз деңгейінде тойланды. Сонымен қатар ұстаздар қауымы оқушыларға ұлттық тағамдарымызды таныстырып, олардың адам денсаулығына пайдасы жайында кең мағлұмат берді.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале