Бәйтерек ауданында Жеңістің 80 жылдығы аясында ҰОС ардагері Сары Әйтімовтың туғанына 110 жыл толуына орай еске алу шаралары ұйымдастырылды.
Сары Әйтімұлының саналы ғұмыры қазіргі Белес ауылдық округында өтті. Сол себепті іс-шаралар Белес ауылынан бастау алды. Әуелі алыс-жақыннан келген мәртебелі меймандар, жиналған жұртшылық майдангер кезінде өз қолымен салып, біраз уақыт сонда тұрған үйіне барды. Онда «Ұрпақтары ұмытпайтын Ұлы Жеңіс» деген атаумен мемориалдық белгінің ашылу салтанатына қатысты.

- Осынау біздің ауылдан да талай әке майдан даласына аттанған еді. Олардың біразы елге оралмады. Жаралы, мүгедек болып келгендер де бар. Концлагерлерде болғандар да жоқ емес. Мына мемориалдық тақта сол әкелердің бәріне арналған жиындық образдағы құрмет белгісі іспеттес. Алдағы уақытта да азат еліміздің аспаны ашық, дұшпаны қашық болғай,-деді өз сөзінде майдангердің ұлы, көпке танымал ғалым, елжанды азамат Ақсерік Әйтімов.

Содан соң жиналғандар ауыл саябағына барып, тал-терек отырғызылып, Даңқ ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

«Ұлы Жеңіске – мәңгілік тағзым» іс-шарасын ашқан Белес ауылдық округінің әкімі Бақтыгүл Жүнісова көпшілікті мерекемен құттықтап, С.Әйтімовтың туғанынан 110 жыл толуына орай басталып жатқан еске алу іс-шарасының мән-маңызына тоқталды. «Ақсерік Сарыұлы ауылдық округіміздің дамуына көп үлесін қосып келеді, - деді ол. - Мына Даңқ ескерткішінің жөнделуіне де жәрдемін берді. Елге жасап жатқан жақсылықтары үшін жерлес ағамызға белестіктердің атынан алғысымды білдіремін».
Мерекелік концерттен соң, ауыл жастарының қатысуымен спорттық сайыстар өтті. Түсте ауылдағы мейрамханада дастархан жайылып, С.Әйтімовтың рухына арнап Құран бағышталды.
Ал аудан орталығында математика бағытында ғылыми-әдістемелік семинар мен оқушылар арасында математикалық олимпиада болды. Л.Гумелев атындағы ЕҰУ, ҚазИИТУ ғылым-білім кешені, аудан әкімдігі бірігіп ұйымдастырған семинарға аудан мектептерінің математика мен физика пәндерінің мұғалімдері қатысты.

Жиынды ашқан аудан әкімі Марат Тоқжанов даңқты әкенің даңқты ұлы ұйымдастырып отырған іс-шаралардың маңызы зор екенін баса айтты.

- Осынау семинардың мектепте өтуі де тегін емес. Өйткені, қазір жас ұрпақтың тәрбиесі – өзекті мәселенің бірі. Біз әр уақытта білімді алға қойып жүрдік. Соның кесірінен тәрбие артта қалды. Ал тәрбиесіз білім кімге керек? Патриотизм, Отан қорғау деген киелі ұғымдар бала бойында тәрбие арқылы қалыптасады. Кезінде жақсы тәрбие алған Сары Әйтімұлы секілді әке-аталарымыз майдан даласында болып, қаны мен терін төгіп елді қорғады. Соғыстан оралған соң Сары Әйтімұлы елдің дамуына көп үлесін қосты. Бүгінде елді мақтаншы болып жүрген перезенттерді тәрбиелеп өсірді. Сол себепті осындай тәлім-тағылымы мол іс-шараларды жиі өткізуіміз керек, - деді Марат Лұқпанұлы.

Облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин ҚазИИТУ ғылым-білім кешені өңірімізде математика ғылымын дамытуға көп тер төгіп келетінін атап өтті. «Жалпы алғанда математика күрделі пәннің бірі, - деді Елдос Нәбиоллаұлы. - Мектепте оған аптасына бес сағат, яғни бір оқу жылы ішіндегі 34 аптаның ішінде 170 сағат берілген. Сонда он бір жыл ішінде 2 мыңға жуық сағат қарастырылған. Басқа бірде-бір пәнге мұндай мүмкіндік жасалған жоқ. Содан болса керек «Математика – ғылымдар патшасы» деп аталады. Семинар барысында тек баяндама оқып қана қоймай, тәрбиеге қатысты да ой бөлісуге шақырамын. Себебі осындай іс-шаралардың түп мақсаты – ұрпақ тәрбиесіне атсалысу екенін екенін ұмытпағанымыз жөн».

Осынау семинарға елордадан, өңіріміздің тумасы, физика-математика ғылымдарының докторы, халықаралық ғылым академиясының академигі, ҚР білім беру саласының озаты Нұрлан Темірғалиев арнайы келді. Ол мектептерде математика пәнінің кешегі кеңес заманында, егемен елімізде берілу барысы туралы жан-жақты баяндады. Сондай-ақ аудан мектептерінің мұғалімдері де түрлі тақырыптарда баяндама жасады.
Ал олимпиадада аудандағы он бес мектептен келген 7-8-сыныптардың 40 оқушысы бақтарын сынады. Нәтижесінде 7-сынып арасында Янайкин ауылындағы Т.Бигелдинов атындағы орта мектеп оқушысы Ернар Темірболат үздік болса, 8-сыныптардың ішінен аудан орталығындағы Қ.Аманжолов атындағы орта мектептің намысын қорғаған Нұртөре Нәсиболла тең құрбысының алды болды. Ұйымдастырушылар тарапынан оларға планшет пен ноутбук табысталса, қалған жүлдеді орын алғандарға да ұялы телефон мен смарт сағат секілді сыйлықтар берілді. Жүлдеге қолы жетпей қалғандарға құлаққап тарту етілді.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы