22.03.2026, 20:41
Оқылды: 2

Бәйтеректіктер Ұлыстың ұлы күнін дүркіретіп тойлады

​Дархан пейілді халқымыз Наурыз мейрамын асыға күтетіні анық. Бұл күні бәйтеректіктер де ұлттық нақышта киініп, бабадан қалған бай мұраны көрсетіп, ауыл-аймақтың сән-салтанатын асырып, айналаны ән мен күйге бөледі.

image-22-03-26-07-53-12

Биыл да байтақ Бәйтеректің түкпір-түкпірінде киіз үйлер тігіліп, ұлан-асыр той болды. Ал аудан деңгейіндегі Наурыз мейрамы Переметныйдың орталық алаңында ерекше көңіл күймен аталып өтті.

image-22-03-26-07-53-14
Қатар тізілген киіз үйлер, жергілікті шеберлердің қолөнер бұйымдары, мектеп ұжымдары жайған аста-төк дастарқан ұлттық мерекенің көркін еселей түсті.
Алаң төріндегі сахнадан бастау алған «Жаңа күн - жаңа үміт» атты мәдени іс-шара театрландырылған көрініспен басталды. Он шақты бала асыр салып, асық ойнап ортаға шыққаннан соң қолдарындында ұршықтары, құрақ көрпелері бар әжелер келді. Ата-баба аманатын адал сақтап, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты бойына сіңірген асыл әжелер ғасырлар қойнауынан жеткен қазақы үлгі-өнегені жас ұрпаққа насихаттады. Көп кешікпей алаң төріне улап-шулап, айналаны шаттыққа бөлеп сал-серілер мен арулар шығып, қыстан аман шыққан, мамыражай тірлігі бар қазақы ауылдың көрінісін көрсетіп, ән мен жырды әуелетті. Ал әжелер мен келіндер болса мерекелік нақышқа сай шашу шашып, жұртшылыққа бауысақ пен наурыз көже ұсынды. Сәлден соң еңгезедей екі жігіт үлкен сандықты ортаға әкеліп қойды. Әжелер барып оны ырымдап ашса, іші толы кәде сый екен. Нақтылап айтсақ, 70 тақия, 70 орамал, 50 білезік, 30 шекелік, 30 сырға, 30 алқа секілді әшекей бұйымдар да алаңдағы халыққа таратылып берілді.

image-22-03-26-07-53-8
Одан соң биыл мерейтойлары аталып өтілетін әйгілі күйшісі Дина, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков, ақиық ақын Мұқағали секілді тарихи тұлғалардың бейнелері сахнада жаңғырып, олардың сөздері мен жырлары көрерменге рухани серпін берді.

image-22-03-26-07-53-2

Иә, 100-ге тарта адам қатысқан бұл театрландырылған көрініс ешкімді бейжай қалдырған жоқ.

image-22-03-26-07-53-13
- Биыл да Наурызнама онкүндігі қасиетті Рамазан айымен тұспа тұс келді. Бұл дәстүр мен діннің жарасымды сабақтастығын көрсетсе керек. Ал мейрам күндерге түскен Ораза айт мерекесі, халқымыздың рухани бірлігін нығайтып, ізгілік пен кешірімнің, татулық пен берекенің мәнін айрықша айқындай түсері кәміл. Ниет етіп, ай бойы ораза ұстаған жандардың дұға-тілектері қабыл болғай. Егер тарихқа көз салсақ, Наурыз мерекесі осыдан 5 мың жыл бұрын түрік тілдес халықтар арасында алғаш рет тойланған екен. Содан соң түрлі жағдайларға байланысты тоқтап қалып, қайта жаңғырып біздің заманымызға дейін жеткен ұлық мейрамымыз құтты болсын,-деді құттықтау сөзінде аудан әкімі Марат Тоқжанов.

image-22-03-26-07-53-10
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлім Өтешев наурыз-бата берген соң жергілікті өнерпаздар халық әндерін шырқап, күй күмбірлетіп, мың бұрала би билеп, көрерменнің ықыласына бөленді.

image-22-03-26-07-53-11

Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, асық, садақ ату, қол күресі, арқан тартысы, гір көтеру сияқты жарыстарда мықтылар анықталды.

image-22-03-26-07-53-9
Әрбір жүрекке жылылық сыйлайтын, әр шаңыраққа береке әкелетін ұлы мерекені бәйтеректіктер осылайша жоғары деңгейде атап өтті.

Серік МАРАТҰЛЫ,
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале