Аудан әкімдігі жанынан құрылған білім мекемелерінде санитарлық талаптардың сақталуын бақылайтын арнайы мониторингтік топ Щапов, Үлкен Шаған, Көшім және Батурин мектептерін аралап, оқу үрдісінің ұйымдастырылу барысымен танысты.
Мониторингтік топ құрамында аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық маманы Ұлданай Сейітқалиева және БАҚ өкілдері болды. Айта кетейік, қазіргі таңда Батурин мектебі толықтай штаттық режимде оқуда. Ал қалған білім ошақтарында бастауыш сыныптар ғана штаттық режимде біліп алып жатса, жоғары сыныптар қашықтан оқытылуда.
Бүгінде бастауыш сыныптарда сатылы сабақ кестесі енгізілген. Оқушылар мектеп ғимаратына белгіленген блоктар арқылы кіргізіліп, арақашықтық қатаң сақталуда. Әр оқушының күнделікті дене қызулары өлшеніп, арнайы журнал жүргізілуде. Мектептерде коронавирустың белгілері және одан сақтану тәсілдері туралы ақпараттық бұрыштама жасақталған. Білім ордалары бетперде термометр, антисептик, сұйық сабын, залалсыздандыру кілемшелерімен қамтылыпты. Арнайы изоляторлар мен кабинеттерді кварцтейтін құрылғылар да алыныпты.
– Мониторингтік топтың мектептерді аралаудағы басты мақсаты – санитарлық талаптардың қатаң сақталуын, балалардың сапалы білім алуына ешқандай кедергінің жоқтығын қадағалау. Қазір ешкімге оңай соғып жатпағанын білеміз. Қиын жағдайға қарамастан жұмысын адал атқарып отырған ұстаздардың еңбегі орасан. Тек балалар ғана емес, ата-аналар арасында түсінік жұмыстары жүргізілгені абзал. Күні кеше облыс орталығындағы бір мектеп жабылып қалды. Біз ондай жағдайға жеткізбеуіміз керек. Сол себепті сақтық шараларын күшейтіңіздер, – деді мониторингтік топ жетекшісі, аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер