«Ауыл тынысы» аудан өмірін кеңінен қамтып, жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформаларды дамыту мен насихаттауға елеулі үлес қосуда. Газет бетінде қоғамдық өмірдің сан саласын бейнелейтін тақырыптар жүйелі жазылып келеді. Аудандық басылымды Бәйтеректің шежіресі деуге әбден болады.

Бұл туралы Бейбітшілік және Макаров ауылдық округтарында газет оқырмандарымен болған кездесу кезінде сөз болды. Басылымның 85 жылдық мерейтойына орай өткен іс-шараларда аталмыш округтардың әкімдері Манарбек Жандарбеков пен Еркін Әбілкәкімов Бәйтеректіңтыныс-тіршілігін, алған асулары мен жеткен жетістіктерін халыққа жүйелі жеткізуші басылым бетінде мәдени-рухани дүниелермен қатар, саяси, тарихи, танымдық мақалалар да кездесетінін айтты.
Кездесуде сөз алған Бәйтерек ауданының құрметті азаматы, белгілі меценат, «Асан ауыл» ЖШС-ның басшысы Бейбіт Асанов 90-шы жылдардың соңындағы елдегі, соның ішінде газет редакциясындағы қиын жағдайға шолу жасап өтті. «Сол кездегі газеттің бас редакторы, менің құрдасым Мақсот Ержановтың қолқа салуымен көмек ретінде баспаханаға (ол кезде баспахана мен газет редакциясы бірге болатын) газет басу үшін керек қағазды рулонымен апаратын едім,-деді Бейбіт Батниязұлы.-Одан соң аудандық басылымның 150 данасын тұрғындарға өз есебінен жаздырып беретінмін. Ол кезде ауылдастарым газетті жақсы оқитын еді. Басылымның кезекті санын күтіп отыратын. Сөздің шыны керек, қазір үнпарақты жанына серік еткендер қатары сирек. Бүгінде 35 дана «Ауыл тынысын» өз есебімнен ауылдағы еңбек ардагерлеріне жаздыртамын. Алайда кейде оны оқитын адам таппай қалатынымыз да да өтірік емес. Қазір көпшіліктің газетке емес, гаджетке үңілетіні жаныма батады».
Бейбітшіліктегі Қ.Ахмиров атындағы орта мектептің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Думан Шанов осы кездесуге мектеп мұғалімдері мен оқушылары арнайы келгендері газетке деген құрметі екенін атап өтті.

Ал Макаров ауылдындағы кездесуге негізінен Жалын ауылының тұрғындары келді. Жалын мектебі директорының орынбасары Арайлым Жаңабаеваның сөзінен қарағанда, баспасөз – қоғамның бет-бейнесі. Сол себепті одан алыстамаған жөн. «Мен он жылдан бері «Ауыл тынысымен» тығыз байланыста жұмыс істеп келемін,-деді ол.-Осы жылдар аралғында отыздан аса мақала-материалдарым жарық көрді. Негізінен әріптестерім туралы жазамын. Өйткені, бізде газетке жазып, ісін, адамгершілік қырларын үлгі етуге тұрарлық мұғалім көп. Әлі есімде, алғашқы мақалам бізге сонау Достық ауылынан күн сайын қатынап жұмыс істейтін әріптесім туралы болды. Күн райына, жағдайға қарамастан жұмысын адал атқаратын, жауапкершілікті сезіне білетін осындай педагогтардың еңбегі қандай ма мақтауға лайық! Мектебімізде өткен түрлі іс-шаралар да уақытылы газетке шығып келеді. Менің жазбаларыма мән беріп, жақсылап шығарып жүрген редакцияның кешегі, бүгінгі құрамдарына айтар алғысым зор. Осынау ісім өзгелерге үлгі болып, бүгінде әріптестерім де редакциямен байланыс орната бастағанына қуаныштымын».

Жалын ауылы кітапханасының меңгерушісі Эльвира Ахметова да алдағы уақытта «Ауыл тынысымен» тұрақты байланыс орнатуға мүдделі екенінін айтып, ауылдастары, осында жиналғандар атынан газет мерейтойымен құттықтады.

Қос ауылдағы кездесу барысында аталмыш басылымның бас редакторы Сәкен Әбілхалықов газетке жазылуда белсенділік танытып, редакциямен тығыз байланыс орнатқаноқырмандарға Алғыс хатын ұсынып, естелік сыйлақтар табыстады.
Серік Маратұлы
Бәйтерек ауданы