Теректі ауданында кәсіпкерлік саласын дамытып, өркендету мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Кәсіпкерлер мен жаңадан кәсіп бастаймын деушілерге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер мен арнайы бағдарламалар да бар. Бұл кәсіпкерлікті қолдау бойынша барлық бағдарламаларды қолданысқа енгізумен қатар тұрақты жұмыс орындарын құруға және жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлердің санын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді деген сөз.
Теректі аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бахтияр Карлдың айтуынша, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар берілген. Айталық, мемлекет тарапынан бір адамға 555 мың 600 теңге көлемінде қаражат бөлінген.
-«Бастау-Бизнес» жобасымен биыл аудан бойынша 116 адамға грант берілді. Оның 102-сі мал және құс шаруашылығын дамытуға алса, 14-і қажетті құрылғы сатып алды. Қазіргі таңда олар өз істерін дөңгелетуде. Сөйтіп, ауданда жаңа шаштараз ашылып, автокөлік жөндеу шеберханасы іске қосылды. Оның үстіне, «Еңбек» бағдарламасы бойынша азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында биыл жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін 86 адамға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 285,5 мың теңге несие берілді, — дейді аталмыш бөлім басшысы.
Солардың ішінде Подстепный ауылында автосервис ашқан Мұрат Баймұхамбетов «Еңбек» бағдарламасы бойынша 6 млн.теңге несие алып, жұмысқа қажетті қондырғы – автобөлшек ақауын анықтайтын және жөнделгеннен соң дұрыс жұмыс жасауын тексеретін қондырғы сатып алды. Автожөндеу нарығындағы сұранысты сараптап, ең сұраныстағысын және де өзіне бейімдісін дөп тапқан кәсіпкер дизельдік генераторларды диагностикалау және жөндеумен айналысады. Жаңадан ашылған автошеберхананың жұмысына көлік иелерінің көңілі толып, таныстарына да ұсынып жүрген көрінеді. Сондықтан да Мұрат Баймұхамбетовтың шеберханасына келушілер толастамайды.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және табысы аз, жұмыссыз азаматтарды кәсіпкерлікке тарту бағытындағы бағдарламаның өңірлік «Еңбек балапан» жобасы қайтарымсыз грант беру арқылы ауыл адамдарының өз ісін дамытуына жағдай туғызуда. Жұмыссыздық деңгейін төмендету, ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашуына жәрдемдесу — бағадарламаның басты мақсаты. Мәселен, грант иелері қайтарымсыз несиеге балапандарды сатып алып, жаздай күтіп-баптайды. Күзде оны етке өткізіп, түскен қаржыға өз шаруашылығын одан әрі дамыта алады. Осы орайда әр ауданда құс шаруашылығымен айналысатын оператор анықталды. Олар құс етін күзде көтерме бағамен сатып алып, әлеуметтік мекемелердің асханалары мен дүкендерге өткізеді. Халық та сапалы әрі табиғи өніммен қамтылады.
Осы «Еңбек балапан» жобасы аясында «Кенжалиев» жеке кәсіпкерлігі Теректі ауданына балапан әкелген болатын. 4000 бас бройлер тұқымды балапан жаз мезгілінде көпбалалы және әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасы мүшесі, жұмыссыз азаматтар қатарындағы 11 теректіліктің қолына табыс етілді.
Біздің ауданда бұған дейін «Жайық Ет» ЖШС, «Агрофирма «Ақас» шаруашылығы 119 отбасына 5000 балапанды тегін таратқанын айта кетейік.
«Еңбек балапан» жобасы бойынша тегін балапан алған теректіліктер бірауыздан бұл бағдарламаның берері бар екенін тілге тиек етті.
Солардың бірі - Покатилов ауылының тұрғыны Руслан Жалелов: - Биыл мамыр айында ауылдағы әкімшілік тегін балапан берді. Ауылдағы көпбалалы отбасы ретінде 94 балапан алдық.
Әу баста өзім құс шаруашылығымен шұғылданып, қаз бақтым. Сондықтан да болар балапан өсіру таңсық емес. Қазіргі таңда азын-аулақ мал, үйрек, тауық бағып отырмын. Ал көктемде алған балапандарды жемін беріп, өсіріп, кейін тауық етін саттым. Мәселен, бір тауықтың ұшасын 1500 теңгеден Орал қаласындағы теміржол вокзалындағы және орталық базарларға апардым. Бұл балапандардан зиян көрмедік, өзіміз етін жеп, қалғанын саттыққа қойдық.
Жалпы, өзім алдағы уақытта құс шаруашылығын қолға алып, кәсіп бастауды ұйғарып отырмын. Дуадақ өсіргім келеді. Ол үшін ең алдымен кәсіпкерлік хақында оқып алу керек болып тұр. Бір сөзбен айтқанда, кәсіби кәсіпкер болу үшін оқу-кеңес қажет,- дейді бес баланың әкесі Р. Жалелов.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында: «Вертикальді кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдаланған абзал. Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек» деген болатын. Аудан аумағында іске асқан «Еңбек» бағдарламасы аясындағы жобалар Президенттің осы тапсырмасымен үндес келіп, өңірлік азық-түлік кешенін құруға мүмкіндік туғызары сөзсіз.
Ендеше, кәсіп қыламын деген ағайын «Еңбектің» арқасында өз арманыңызға қол жеткізуге мол мүмкіндік бар. Іске сәт!
Самал Жәмет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz