9.07.2025, 10:45
Оқылды: 214

«Байжұма» – Жаңақалада

Кеше Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығында халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, Х-шы Халықаралық «Шабыт» шығармашылық жастар фестивалінің «Гран-При» иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Phd докторант, күйші Досым Мақсотовтың «Байжұма» шығармашылық кеші өтті.

image-08-07-25-11-46

Жиын барысында Досым Мақсотовтың өнер мен ғылым жолындағы табандылығы, елге, өнерге деген адалдығы, ұлт руханиятына сіңіріп жүрген еңбегі туралы бейнебаян көрсетіліп, ҚР Халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор, халқымыздың үнін домбыра арқылы сөйлеткен дарабоз күйшіміз Қаршыға Ахмедияровтың шежірелі мұрасының үнін жалғастырушысы, шәкірті Досым Мақсотов бүгінгі кеште ұстаз аманатын күймен жеткізді.

photo-output

Жеке шығармашылық кешінде күмбірлете күй төгіп, қазақтың күй өнерінің көкжиегін кеңейтіп, домбыраның шанағынан төгілген сырлы үнді халыққа жеткізе білген ол, болашақ жоспарларымен де бөлісе кеткенді жөн көрді. Ол биыл күз айларында Байжұма күйлерінің 20-дан астамын жинақ етіп шығармақшы. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты «Алаш» этноансамблі де сахна төрінен табылып, «Алтын орда», «Құлагер», «Ақсауыт» күйлерін ерекше екпінмен орындады.

photo-output

Шара соңында күй кешімен құттықтау үшін сахна төріне аудан әкімінің орынбасары Ерлан Еркінұлы мен ауданның құрметті азаматы, еңбек ардагері Закария Жүсіпқалиұлы шақырылып, жылы лебізін білдіргеннен кейін, әртіске ат мінгізіп, аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлының атынан алғысхат табыс етті.

Ақерке Ғилымхан

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале