22.03.2022, 17:50
Оқылды: 11

Бақ берекем, құт мерекем - әз Наурыз

Тарих қойнауына енген өткен екі жылда көпшілік шаралар тар көлемде атап өтілген болатын. Биыл індеттің етек-жеңі жиылып, жұқтырушылар саны азайып, коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша шектеу шаралары жеңілдетілді. Бұл Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз мейрамы қарсаңындағы жағымды жаңалықтардың бірі. Ұлттық мейрам да өзінің маңыздылығын жоймай, кең көлемде тойланды.

93D5BAE5-EC6B-475C-8DE8-C89EB999A5FD

2021 жылдың 5 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарық көрген болатын. Ел Президенті тағылымды мақалада Наурыз мейрамын мерекелеу тұжырымдамасын әзірлеуді және көктемгі мерекенің мазмұнын байытуды тапсырды. 

«Наурыз мейрамының негізгі мақсатыҚазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Казталов ауданында айтулы мерекеде ұлттық сипат басым алып, ұлттық болмысымыз жаңғырды.

Ұлыстың ұлы күнінде аудан орталығында таң бозарып атып, күн ұясынан шыққан сәттен бастап халық әндері шырқалып, күмбірлеген күйдің үні естілді. Аудан халқы орталық «Достық» саябағына бет алып, еңбек ардагерлерімен бір топ ауыл тұрғындарының «Ақ бүрку» дәстүріне куә болды.

«Ақ бүрку» – салт-дәстүр. Оның ерекшелігі жаңадан отырғызылған жас талдарға ауылдың үлкендері ағарғаннан бүрку жасайды. Жоғалып бара жатырған бұл дәстүрді казталовтық ағайын берік ұстанады.

390C6521-57E6-4B1A-8EF4-B7A5E8A1375B

Бір-бірін айтулы мерекемен құттықтап, өкпе-ренішін ұмытып, жаңа жылға қадам басқан жұртшылықтың ықыласы «Dombyra party»-ге қазақтың қара домбырасының үніне ауды. Қоңыр дауыстың артын мерекелік концерт жалғады. Мерекелік думанның алғы сөзін аудан әкімі Рүстем Зұлқашев алып, Қос өзен жұртшылығын Наурыз мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Қос өзен жерін ақ адал еңбегімен құтты қонысқа айналдырған аудан халқының өз мүмкіндіктеріне деген сенімдері бекіп, кемел келешек жолындағы бастамалары баянды, еңбектері жемісті бола берсін. Ұлыстың ұлы күнінде барлық тілек қабыл болсын. Көп ұлтты Қазақстанымыз ынтымағы жарасқан дәулетті де, сәулетті елге айналғай! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Осы айшықты мерекеде әрқайсыларыңызға мықты денсаулық, еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға молшылық пен бақ-береке тілеймін. Жаңа жылымыз - әз Наурыз әр шаңыраққа шаттық нұрын себе берсін. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!, - деді аудан әкімі.

570F4C01-2E73-4092-AFB6-22EA8BCAAF07

Думанды шара «Қош келдің, құтты Наурызым» қойылымымен жалғасын тапты. Ұлыстың Ұлы күнінде мерекеге арналған кимешектерден сән үлгісі көрсетіліп, наурыз көже мен бауырсақ үлестірілді. Сондай-ақ бірқатар рәсімдер жасалып, ұлттық өнеріміз айтыста көрініс тауып, дүйім жұрт Жиренше мен Қарашаш сұлудың айтысына қанықты. Ұлттық болмыстың жаңғырған күнінде Қыдыр ата мен Ұмай ананың да ақ батасын алдық.

4EE01ACD-F8E3-4068-A56F-EB1A88911968

Осынау ұлттық мерекеде ұлттық ойындарымыз да назардан тыс қалмады. «Асық ату», «Садақ ату», «Қой көтеру», «Арқан тарту» сынды ойын түрлерінен білекті азаматтар мен мергендер өзара сынға түсіп, жеңімпаздар анықталды. Олар құр алақан қалмай, қанжығаларына арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар байланды.

- Бүгінгі мейрам өте ерекше көңіл-күйде өтті. Халық мәз-мейрам. Сонымен қатар, ерекшелігі сол алтыбақан құрылып, киіз үй тігіліп, ұлттық болмысымыз көрініс табуда. Бұл келер ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Ерекше дейтініме тағы бір себеп жаңа үлгіде лотореяның ойнатылуы. Ұлыстың ұлы күнінде халқымыз наурыз көжеден дәм татып, арнайы асылған еттен ауыз тидіОсынау үзілістен кейін қайта жаңғырған көрініске дән ризамыз, - деді ауыл тұрғыны Мұқанғали Бектілеуов.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале