25.07.2024, 16:15
Оқылды: 161

БАҚ саласының ардагері 80 жасқа толды

Қай заманда да қазақ қызы ұлтының намысы, тіршіліктің тұтқасы болған. Олардың есімін ұлықтап, ел журналистикасына жаңалық енгізген ерен еңбегін бағалау – уақыт еншісіндегі мәселе.

91E87FD3-A857-41FA-9B0A-CEC51AC3206C

Бүгінгі мақаламыз аудан экономикасының дамуына өзіндік үлес қосқан ұлағатты ұстаз, журналистика саласының ардагері, жақында ғана 80 жасқа толған Майсура Ахметова жөнінде болмақ. Еңбек жолын мектепте мұғалім болып бастаған ол кейін аудандық газетте еселі еңбек етіп, әртүрлі бағытта қалам тербеді. Осы уақыт аралығында ол өзінің қалам қуатын еңбек адамдарының жарқын бейнесін жария етуге жұмсады. Аудандағы әлеуметтік-экономикалық өзгеріс, өркенді жаңалықтар оның жазған мақалалары арқылы көрініс тапты. Елмен етене араласып, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілегін билік органдары назарына ұсынып отырды.

– Мен 1961 жылы Оян ауылының мектебін бітіріп, екі жыл жұмыс істедім. Орал қаласындағы педагогикалық институтқа «Қазақ тілі» факультетіне оқуға түстім. Содан 1967 жылы редакция ашылғаннан бастап сол жерде еңбек еттім. Сол кезде редакцияда жұмыс істеген ең бірінші әйел мен болдым. Маман тапшы еді. «Орал өңірі» газетінен келіп істеген ағайлар да болды. Ол кезде қазіргідей емес, типография өзімізде. Яғни газет ауданнан басылып шығатын. Маман тапшылығы сондай, 10 сынып бітірген қыздар келіп, әріп теруші болып жұмыс істеді. Максим Сәрсенғалиев пен Геннадий Пешков деген азаматтар қызмет етті. Күміс Төлебаева машинистка болды. Ол кезде іс-сапар көп. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жауын-шашын, қар-боран демей жолға шығып, берілген тапсырманы орындауға асығатынмын. Осылайша ер адамдардан қалмаймын деп, талай рет салқында қалып, тоңғаным бар. Бір жылдары жолдамамен Румынияға бардым. Сол кезде «Сендер кімсіңдер? Орыстардың қол астында қалған елсіңдер медегенде намыстанып,  ауылға қайтқанда бірінші қазақша мектеп ашуға үлесімізді қосып едік. Ең алғашқы ұйымдастырылған әжелер ансамблінің құрамында болдым. Облыстан, республикадан бастықтар келгенде бәрінен қазақ мектебін ашуды сұрайтынбыз. Сол сұрауымыздың себебі болар, аудан орталығынан 1999 жылы Қ.Сәтбаев атындағы қазақ мектебі ашылды. Ол мектептің құрылуында менің де үлесім бар деп есептеймін. Кабинет безендіруге дейін атсалысып едім. Ол кезде мектеп директоры Бақтығұл Тасмағамбетов болды. Мектеп қабырғасындағы талай жетістігіміз ел есінде. Қазірдің өзінде үлкейсем де, облыстық «Орал өңірі» мен «Приуралье», аудандық «Екпін» газеттерін қалдырмай оқимын. Өйткені газеттен оқығандарыңның барлығы есте жақсы сақталады, - дейді Майсура Ахметқызы.

Сонау Ұлы Отан соғысы кезінде, яғни 1944 жылдың 24 шілдесінде дүниеге келген апамыз бүгінде 80 жасқа жетіп отыр. Жолдасы Серік Жұбанышалиевпен 53 жыл отау құрып, екі ұлды дүниеге әкеліп, өсіріп-өндірді. Олардың білім алуына жағдай жасады. Бүгінде олар – өз алдына бір-бір шаңырақ иесі. Қос ұлынан алты немере, екі шөбере сүйіп отыр.

Майсура Ахметқызы – ауданға еңбегі сіңген ұлағатты ұстаз. Республикалық дәрежедегі журналист. 1999 жылы Қ. Сәтбаев атындағы тұңғыш қазақ мектебі ашылды. Сол мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Балаларға бағдарлама бойынша сабақ берумен қатар, ұлттық құндылықтарды насихаттады. Мінезі өте жайлы, тәрбиелі, мейірімді, үлкенді сыйлайтын, кішігеізет білдіретін апамыздың еңбек жолыкейінгі ұрпаққа үлгі, - деді аудандық аналар кеңесінің төрағасы Майра Нұрмақова.

Назерке Шайхолла

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале