Жәнібек ауданы Тау ауылының тұрғыны Әлібек Сүйінішев ала жаздай еңбек етіп, бүгінде сол еңбектің жемісін алып отыр. Ол шағын ғана ауласына қияр, қызанақ, қызылша, қарбыз бен қауын, тіпті күнбағыс дақылын еккен. Ауыл тұрғындарына үлгі болғаны соншалық келесі жазда бақшаға ниеттілердің қатары артқан.
- Қоймам бақша өнімдеріне толы болды. Жиеніммен бірге су құйып, отбасымызбен баптадық. Әрине басында қиындық келтіретіні белгілі. Мысалы, қызанақтың тіктеліп, бой алып кетуі үшін де көп күтім қажет. Әлсін-әлсін қарап, уақытында су құйып, топырағын қопсыту керек. Бірақ тынымсыз еңбектің нәтижесінде өзіміз ойлағаннан да көп өнім алдық. Ауыл жұрты артық қимылдағысы келмейді. Қызметтен бөлек осындай бір іс бастауда ат тонын ала қашады. Мен күнделікті еңбегімді әлеуметтік желілерге салып, ауылдағы ағайынды еңбек етуге шақыруға амал жасадым. Ол ісімді де көре алмайтындар табылды. Жалпы айтқым келгені жазда бақшаны қолға алсақ, ештеңеден ұтылмаймыз. Артық мақтангершіліктен аулақпын. Сәл ғана орнымыздан тұрып, бақшамен айналысу өзіңізге және жақындарыңызға үлкен көмек, - деді Әлібек.
Сонымен қатар психолог мамандар бақша адамның санасын сергітіп, артық яки қажетсіз ақпараттардан арылуға көмектесетінін айтқан. Бұл ретте демалып жүріп жасайтын еңбектің пайдасы көп-ақ.
Айта кетейік, Тау ауылының тұрғындары қоғамдық бау-бақшаны қолға алып, ауыл әкімінен бастап бұл іске барлығы атсалысқан.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz