4.07.2017, 17:52
Оқылды: 39

Бақтияр Мәкен: «Сапаға мән беру керек»

makenТеректі ауданына  жұмыс сапарымен Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен келіп, өңіріміздің тыныс-тіршілігіне қанықты. Оны аудан әкімі Кәрім Жақыпов, аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев және аудан әкімінің орынбасары Виталий Кушнер қарсы алып, жүзеге асып жатқан бірқатар жұмыстармен таныстырды.


Халық қалаулысы алдымен Подстепный ауылындағы Мәдениет үйінің құрылысын көзбен көрді. Ауылдың көркіне айналатын,  300 адамға арналған Мәдениет үйінің құрылысы жандануда. Жұмыс алаңында   жергілікті тұрғындар арасынан 20 адам жұмыспен қамтылған. Жоба бойынша  музыкалық құрылғыларды алу да қарастырылған.

- Жүйелі жұмыс жасауға кедергі көріп тұрған жоқпын. Бірақ, ең алдымен сапаға көңіл бөлу керек. Мердігерлер жұмысына атүсті қарауды тоқтатқан абзал. Бұл - халықтың игілігі. Құрылысқа қажетті заттардың барлығы бар дейсіздер, техникалар да жеткілікті деңгейде. Олай болса, салғырттық танытпай, жақсылап жұмыс жасаған жөн. 10 мыңнан астам халқы бар ауыл үшін бұл Мәдениет үйі аса қажет. Қазан айында іші-сырты келіскен өнер ордасында жолығамыз деп ойлаймын,-деді Бақтияр Мәкенұлы өз сөзінде.

Ақсуат ауылына таза ауыз су жүргізу жұмыстары жаңа қарқын алды. Оған Мәжіліс депуататы куә боп, оң бағасын берді. Айта кетейік,  бюджеттен 144 млн. 480 мың теңге қаралып, «Аяла» ЖШС қарашаға дейін жұмыстарды аяқтаймыз деп отыр. Сонымен бірге, депутат былтыр күрделі жөндеуден өткен аудан орталығындағы №1 Федоров  орта мектебінде болды.

Аудан әкімі К.Жақыповтың төрағалығымен өткен актив жиынына қатысқан мәжіліс депутаты Б.Мәкен облысымыз бойынша мәселелерді атап өтті.

- Мән беретін мәселенің бірі – интернеттің жұмыс жасау деңгейі. Республикамыз бойынша, ірі қалаларда бұл өзекті емес шығар, бірақ шағын ауылдар интернетке мұқтаж деуге болады. Қарқын төмен, жылдамдығы жай болғасын жұмыс жасау да қиынырақ болады. Сонымен қатар, ауыз су мәселесін де атап өткен жөн. Бұйырса, 2020 жылға дейін БҚО бойынша ауыз сумен қамту 100 пайыз болады деп күтілуде. Оған дәлел, бүгінгі таңда Теректі ауданының өзінде  5 ауылды ауыз сумен қамту жүзеге асып жатыр. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен көптеген мемлекеттік бағдарламалар өз жемісін беруде. Жоғарыда аталған мәселелерді шешу жолында депуаттар жұмыстанып жатыр. Мәжіліс 111 заңнаманы қарап, оның 66-сына Елбасы қол қойды.  Егер сұрақтарыңыз болса,  менің жеке парақшама хат жолдауларыңызға болады. Барлық өтініштер жерде қалмайды деп сендіремін,- деді Б.Мәкен.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ   

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале