3.04.2018, 11:47
Оқылды: 121

Бақытбек Смағұл: «Тәуелсіз сана қалыптасатын уақыт жетті»

IMG_6116Сырым ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Бақытбек Смағұл келді. Депутат Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевпен бірге аудан активімен кездесті.

 Актив жиналысының күн тәртібінде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі бағыттарын және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Қазақстан халқына үндеуін түсіндіру мен іске асыру мәселелері сөз болды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлдың айтуынша, Елбасының жолдауының да, үндеуінің де, жалпы қазақтың да, тіпті Тәуелсіздік идеясының да түйінді мақсаты, түпкі мұраты – біреу. Ол – елдің бірлігі мен дамуы. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы нақты мәселелерді шешудің нақты қадамдарын ұсынумен ерекшеленеді. Бұл жайлы Президенттің өзі де Үндеуінде «Мен айтатын ұсыныстың бәрі – есеп-қисабы мұқият жасалған бағдарлама» - деп айтып өтті. Бес әлеуметтік бастама бюджеттік саланың, соның ішінде педагогтардың, білім жолындағы жастардың, баспанаға зәру отбасылардың, ең бастысы, инфрақұрылымы өркендеуді қажет ететін өңірлердің игілігі үшін қызмет ететін болады. Мемлекеттің алдында асқақ мұрат, сол асқақ мұратқа жетудің жете ойластырылған жоспары да бар. Осы жолды жүріп өту үшін қазаққа рух керек. Рухы мықты елдің бірлігі мықты болады, бірлігі мықты елдің арманы ақиқат болады. Елдегі саяси үдерістер туралы қоғам қайраткерінің ойы - осындай.

- Қазақтың тәуелсіз санасы қалыптасатын уақыт жетті. Рухани жаңғыру соған қызмет етуі тиіс! – деді өзінің сөзінде Бақытбек Смағұл.

Актив жиналысында қатысушылардың да пікірі тыңдалды. Аудандық С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева мектеп, аурухана, театрлар сияқты, мемлекет үшін ірі музейлерді салудың да қажеттілігі күшейіп келеді дейді. Музейлерді салу, оларды көркейту – рухани жаңғыру жолындағы елдің руханиятының талабы. Ал аудандық мәслихаттың хатшысы Шынар Дүйсенғалиева әйелдердің зейнет жасын азайту, аудандық мәслихат депутаты Роза Ихсанова білім жүйесіндегі өзгерістерді жүзеге асырудағы ауыл мектептерінің мүмкіндігі жайлы ұсыныстар айтты. Бақытбек Смағұл мырза ұсыныстарды қабылдады.

IMG_6179Сырым ауданында өршіп тұрған мал ұрлығының дауы кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатының алдына да жетті. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың аяғында Сырым аудандық ішкі істер бөлімі мал ұрлығын ұйымдастыруға тікелей қатысы бар Бұлдырты ауылдық округінің бірқатар тұрғынның қылмысын әшкерелеген болатын. Жәбірленушілер қылмыскерлерге қандай жағдайда да кешірім бермейміз деп кесіп айтты. Себебі, елге жамандық жасағандар тиісті жазаны тартуы керек. Жалпы саны 18 эпизодты құрайтын қылмыстық іске айыпты деп танылғандарға сот үкімі кеше ғана шықты. Сот қылмыскерлерді ұйымдасқан қылмыстық топ деп танымапты әрі жеңіл жаза тағайындаған. Жәбірленушілер үкімге қанағаттанбақ емес. Олар әділ жазаны талап етеді. Ауылдастарының осындай жанайқайын айтқан аудандық мәслихат депутаты Болат Тасқалиев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлдың мәселеге араласуын сұрады. Бұл мәселе мәжіліс депутатының облыс орталығындағы арнайы қабылдауында кеңірек тыңдалатын болды. Болат Тасқалиев Бұлдыртыға жаңа спорт кешенін IMG_6304салуға қаржы бөлу мәселесін де көтерді.

Жиналысты Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады.

- Бақытбек Смағұлдың өмір жолы өрлік пен өнегеге толы. Ол Ауған соғысына қатысты. ІІ дәрежелі «Айбын», «Құрмет», «За заслуги», «Долг и честь» ордендерінің кавалері болған Бақытбектің есімі Қазақстан түгілі, Ресейге, Ауғанстан, Монғолияға таныс. Ол «Мен көрген соғыс», «Қан кешкен күндер», «Намыстың құлы - Алаштың ұлы» сияқты бірнеше кітаптың авторы. Оның әр кітабы – қазақ болудың әдістемелік құралы іспеттес. Тұла бойына тұтасқан осы қасиеттердің барлығы Бақытбек Смағұлды қазақ руханиятының жауынгеріне айналдырды. Рухани түсінігінің молдығынан, бір жағынан шығармашылық адамы болғаннан шығар Бақытбек Смағұлды Сырым ауданындағы сапары ерекше әсерлендірді. Ол Алаш саябағындағы Алаш зиялыларына қойылған монументтің алдындағы тасқа жазылған Жаһанша Досмұхамедовтың «Біздің мақсатымыз - ел билеуді халықтың өз қолына беру. Қазақ халқы алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қазіргі желбіреген бостандықтың туы бәрімізді бірлікке, туысқандыққа шақырады. Қазақ шаңырағы бәріне пана бола бермек!» деген сөзін оқыды да, сүйсініп біраз тұрды. «Бұлардың (Алаш зиялыларының) сөзі қашан тозып еді?» - деді сол сүйсінгеннен.

Депутат мырза аудандық С.Датұлы атындағы тарихи өлкетану музейі мен Алаш мұражайын да аралап шықты. Қонағымыз түске дейін Қаратөбе ауданында болған сапарында да жергілікті мұражаймен танысқан екен. «Ауылдағы музейлердің өзі қандай керемет? Бұл музейлер ауылға ғана емес, Астана сияқты ірі қалаларға да жарасар еді» - деп баға берді.

- Мәңгілік елдің мақсат-мұраты жолындағы әрбір өрен, әрбір азамат Сырымның сырымен сусындағанда ғана Тәуелсіздіктің қадірін бағалай алады. Бағаланбаған бақыт бақыт емес. Біз бағалайтын жалғыз бақыт бар! Ол – Тәуелсіздік! – деп жазды Бақытбек Смағұл музейдің пікір кітабына. Біз бұл сөз кітаптің ішінде қалып қоймай, бүкіл оқырманға жетсе деп ойлап,  мақаланың аяғында әдейі келтіріп отырмыз.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале