Тасқала ауданында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Бақытты бала - бақыт бастауы» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Жарқын жаздың алғашқы күні – 1 маусымда бүлдіршіндеріміз үшін ерекше күн болды. Себебі бұл күн балалардың төл мерекесі. Ең алғаш болып сахна төріне шыққан Қ.Сәтбаев атындағы ЖОББМ «Айжұлдыз» би тобы өнерлерін паш етті. Балалар күніне орай ұйымдастырылған шараға қатысқан аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов жүрекжарды тілегін жеткізді.
«Құрметті балалар, барлығыңызды бүгінгі Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын. Жаздың алғашқы күнінде балалардың керемет күлкісі естілуде. Сіздерге жазғы демалыстарыңызды жақсы өткізулеріңізге тілекшімін. Қызықты да мәнді өтсін дегім келеді. Балалардың білім алуына, өз-өздерін дамытуына мемлекет тарапынан көңіл бөлініп келе жатқаны барлығымызға белгілі. Жыл сайын мектептеріміз жөңделіп, халықтың игілігіне берілуде. Балаларды қорғау күні барлығымызға құтты болсын. Жарқын балалық шақ тілейміз. Тек жақсы демалып, келесі оқу жылына зор күш-жігермен келеді деп сенемін», - деді аудан әкімі Бауыржан Есқайырұлы.
Биылғы оқу жылында жоғары жетістікке жеткен бастауыш сынып оқушылары аудан әкімінің алғысхаты мен сыйлықтарына ие болды. Бүгінгі шарамызда алаңның әр бағытында балалардың мектептен тыс жұмыс орталығының ұйымдастыруымен «Асық ату», «Мольбертке сурет салу», «Қағазбен жұмыс» т.б ойын түрлері оздырылды. Жас туристер станциясының ұйымдастырумен «Туристік кедергілер жолағы», « Велотуризм қашықтағы», «Лабиринт» қашықтығы және көңілді эстафета ойындары ойнатылды. Кітап көрмелері де мерекелік шараға ерекше әсер берді. Кішкентай бүлдіршіндер атпен серуендеп бір серпіліп қалды. Ауданға танымал жеке кәсіпкерлер жеңілдетілген бағада түрлі балалар ойынын ойнатып, балғындарға мерекелік көңіл күй сыйлады. Бұл атаулы күнде ерекше атап өтетін нәрсе - ол тегін балмұздақтар. Алаңға ата-аналарымен немесе ұстаздарымен бірге жиналған балаларға демеушілердің көмегімен бүлдіршіндердің сүйікті тағамы балмұздақтар тегін үлестірілді. Аудандық мәдени демалыс орталығының өнерпаздары мен аудандық саз мектебінің оқушылары әсем ән шырқап, шараның көрігін қыздырды.
Гүлмира Мақанова,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz