Кеңес заманында халық арасында «ақ халатты абзал жандар» атанған медицина қызметкерлеріне деген сенім, нарық заманында жоғала бастаған еді. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Нарықтық қымбатшылықпен бірге медициналық қызметтің ақылы болуы, кейбір жеке дәрігерлердің жауапсыздығы халық арасында оған деген сенімсіздікке алып келді. Бірақ былтырғы шартарапты шарпыған Covid -19 індеті келгенде дәрігерлер өздерінің антына адал, ажалға арашашы, ардақты маман екендіктерін көрсетті. Мамыр айының үшінші жексенбісі - Медицина қызметкерлері күніне орай дәрігер деген қастерлі мамандық иелерінің еңбегін елге таныстырғанды жөн көрдік.
Біз бүгін ауылымыздағы сондай абзал жандардың бірі - Жамал Исмагилқызы туралы жазбақшымыз.
Жамал Байғалиева 1959 жылы Саратов облысы, Өзен ауданында дүниеге келді. 1977 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының стоматология факультетіне оқуға түсіп, 1982 жылы аяқтады. Алғашқы еңбек жолын осы жылы Орал қаласындағы облыстық стоматологиялық емханада дәрігер болып бастады.
1983 жылдың соңында Батырханов Абаймен болашақ тағдырын тоғыстырып, Тоғанасқа келін болды. Олардан өрген екі қыздары анасының жолын қуып, дәрігерлік мамандықты таңдады. Үлкен қызы Айгүл Алматыда фармокология дәрігері болса, кішісі Әлимагүл Орал қаласындағы ауруханада - дәрігер-терапевт.
«Правда» газеті атындағы совхоздың ауруханасында Жамалдың дәрігерлік қызметі жалғасып жатты. Жұмыс бабында ол тапсырылған істі ұқыпты және тиянақтылықпен, аса жауапкершілікпен атқаратындығымен танылды. Әріптестерімен тығыз байланыста болып, бай тәжірибе жинады. Қазір Жамал апамыз Тоғанас амбулаториялық емхананың басшысы болып қызмет атқарып жүр. Ол бұл салада 45 жыл еңбек етті.
Осыншама уақыт ішіндегі дәрігеріміздің тынымсыз еңбегі бағаланбай қалған жоқ. Ол "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне - 10 жыл" медалімен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының құрмет грамотасы, алғысхаттары, аудандық әкімдіктің алғысхаттары, аудандық аурухана басшысының грамоталары мен дипломдарымен бірнеше рет марапатталды. 2018 жылы «Кәсібіне адалдығы үшін» мүсіні табысталды.
Жамал Исмагилқызы зейнеткерлікке шықса да, соңына ерген жас әріптестеріне қамқоршы, үйретуші ұстаз.
Жамал апай: «Біздің мамандықтың жауапкершілігі жоғары. Қасымдағы жас мамандарға көп жылғы жинаған тәжірибемді үйретіп, кеңес беремін. Оларға алдымызға келген науқас адамдарға медициналық қызмет көрсету сапасының жоғары болуы - басты шарт екенін үнемі айтып отырамын», - дейді. Әрине, осындай білгір маманның шәкірттері де мықты екендігінде дау жоқ.
Жамал апа ауылымыздың қоғамдық іс-шараларға да белсене қатысады. Ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Екі жұлдыз» сайысында ән салып, «Көрермендер көзайымы» номинациясын иеленді. Ауыл тазалығына мән беріп, жасыл желектер, гүлдер өсіріп баптағанды ұнатады. Содан болар үйінің де, емхана ауласы да гүлдер аллеясына толы.
Жалпы, ауырған адам дәрігер алдына сары уайыммен, өзіне деген сенімсіздікпен келетіні шындық. Медицинада ғылымында күлкі терапиясы деген ұғым бар. Міне, Жамал апа алдындағы пациенттерін сыңғырлаған күлкімен баурап алып, оларға үлкен дем береді.
Сондықтан, ісімен ғана емес сыңғырлаған күлкісімен, жылы сөзіменен емдей білетін Жамал апамыз секілді ақ халатты абзал жандар көп болса ғой.
Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» деген романын білеміз. Біздің Жамал – еліне еңбегімен сыйлы, халқына қызметімен құрметті, мамандығынан бақыт тапқан бақытты Жамал!
Ғарифолла Ғабдолов,
Сырым ауданы,
Тоғанас ауылы