Қаратөбе ауданының Жусандыой ауылдық округі орталығындағы мәдениет үйінде еңбек ардагері, Қаратөбе ауданының Құрметті азаматы, адам бойындағы асыл қасиет - қарапайымдылығы және өзінің адал еңбегімен елге сыйлы ақсақал Болатжан Бекмағанбетовтың мерейлі 80 жасқа толуына орай «Еңбек – ырыстың бұлағы» атты шара өтті.

Болатжан аға 1941 жылы ауданның осы Жусандыой өңірінде дүниеге келген. Соғыстан кейінгі қиыншылық жылдары ауыл мектебінде білім алып, еңбекке ерте араласқан Болатжан аға ауылда тракторшы болып қызмет жасап, сан алуан жұмыстарды атқарған.
1962-1965 жылдар аралығында ағамыз теңіз флотында Отан алдындағы борышын өтеп, елге келіп жұмысын жалғастырады. Еңбек майданында жігерлі жас жігіт Болатжан аға үздік қызметімен көзге түсіп, 1969 жылы «В.И.Лениннің 110 жылдығына» арналған мерекелік медальмен, 1971 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.
Отбасында 6 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірген ағамыз бен зайыбы Мәруаш апай бүгінде ұл-қыздарынан тараған 27 немересі мен 11 шөбересінің қызығына бөленіп отырған бақытын еңбектен тапқан ардақты жандар.
Аталмыш салтанатты шарада ауылдық округ әкімі Бекболат Бақытжанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Қыдырашев, «Орал қалалық ардагерлер ұйымы» Қаратөбе қауымдастығының төрағасы Амантай Макаров құттықтау сөз сөйлеп, ағаның келешек ұрпаққа үлгі, елеулі еңбегі турасында әңгімеледі.
Ауыл әкімі Бекболат Рахымғалиұлы аудан әкімі атынан және өз алғысхатын табыстап, меретой иесі Болатжан ақсақалдың иығына шапан жапса, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Зиеденұлы алғысхат және жарға ілетін картина, «Орал қалалық ардагерлер ұйымы» Қаратөбе қауымдастығының төрағасы Амантай Макаров облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Бергеннің алғысхатын ағаның зайыбы, батыр ана Мәруаш апаға табыстап, Болатжан ағаның омырауына «Асыл ардагер» төсбелгісін тақты. «Жақсы адам елге сыйлы» демекші ағаның туыстары, ауыл тұрғындары Бауыржан Ихсанов, кезіндегі әріптесі Сағат Нұриев жүрекжарды жылы лебізін арнаса, тағы бір туысы Кеңесбай Абдрахманов мерейтой иесін мерейлі жасымен құттықтап, иығына шапан жапты.

Шарада белгілі әнші болған жерлесіміз Ескендір Хасанғалиевтің «Ауылым» әнін орындап берген Болатжан ағаның балалары мен немерлері де өнерлі жандар екен. Ата мен әжесінің құрметіне немерелері Нарқыз бен Алина «Ата-Әже» әнін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Мерейтой иесі Болатжан ағаға арналған кеште Сал Мұхит пен жезтаңдай әнші Ғарифолла Құрманғалиевтың әндерін насихаттаушы белгілі әнші Нұршат Исламғалиев және Жусандыой ауылы мәдениет үйінің көркемөнерпаздары музыкалық сәлем жолдап отырды.
Болатжан аға шараға қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, өзінің еңбек жолы туралы әңгімелеп берді.
Мерейтой иесі Б.Бекмағанбетов еңбегін елеп, дәріптеу мақсатында шара ұйымдастырған аудан әкімдігіне, аудандық ардагерлер кеңесіне, ауылдық округ әкімі аппаратына, «Орал қалалық ардагерлер ұйымы» Қаратөбе қауымдастығына, ауылдық клуб ұжымына зор ризашылығын білдіріп, табысты еңбек пен отбасы бақытын тіледі.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz