«Өнерлі балалар – болашақтың діңгегі». Бүгінгі тұлымшағы желбіреген сәбилер ертеңгі күннің бірден-бір тірегі, келешектің іргесін қалайтын таудай тұлғаларға айналып кейінгіге сабақтасып жалғаса берері сөзсіз.

Жәнібек аудандық мәдениет үйінде «Бала дауысы – Жәнібек» ән байқауының іріктеу кезеңі өтті. Байқаудың бір ерекшелігі – көрмей тыңдау. Ауқымды жобада 8 бен 15 жас аралығында 44 өнерлі бала өз өнерлерін көрсеткен болатын. Әр ауылдық округтерден, тіпті Орал қаласынан келіп қатысқан балақай да болды.

Кешегі жобада балалардың өнерін Аслан Боранбаев, Райымбек Кәрімов, Жандос Темірғалиев, Айшат Хамзина сынды ауданымызға танымал әншілер көрмей тыңдау арқылы бағалап, өз топтарына алды.

Жобаның негізгі мақсаты – музыкалық дарынды балаларды анықтап, оған қолдау көрсету, жаңа балалар әндері арқылы олардың музыкалық шығармашылығын жан-жақты насихаттау және дамыту.
Үміткерлерге де тәлімгерлерге де оңай болмағаны сөзсіз. 44 баланың ішінен жүзден жүйріктің оза шығуы екінің бірінің бағына бұйырмайтын бақыт. Дегенмен де іріктеуден өте алмаған өнерпаз балаларға осымен тоқтап қалмай қалаулары өнер болса әрмен қарай өнерлерін шыңдауға тілекшіміз.
Ән байқауын көрермендер аптаның әр жұма күні тамашалай алады.
Бану Самат
Жәнібек ауданы