Халқымыз бағзы заманнан бала тәрбиесіне үлкен ыждағаттылықпен қараған. Баланың өсуіне, дене бітімінің дұрыс қалыптасып, ақыл-ойының жетілуіне зор мән берген. Бұрын қазақ десе, ел басына күн туған шақта, етігімен су кешкен, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған батыр, кез келген дау-дамайды шешіп, ел басқарған билер көз алдымызға келетін. Қазір бәрі басқаша. Қазіргі қазақ пен байырғы қазақтың айырмашылығы жер мен көктей. Мәселе заманның дамуында емес, тәрбиенің осалдығында.
Сол себепті оқырман назарын бала тәрбиесінің маңыздылығына аударуды жөн санадық.
Халқымыз «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деп бекер айтпаған. Бала болса, үйімізге «жан» біткендей сезімде болатынымыз рас. Дегенмен, кей кездерде сүйкімді қылығымен, былдыраған тәтті тілімен шаңырағымызды шаттыққа толтырып жүрген баланы жанын жараламай, дұрыс тәрбиелеуді ұмытып жататынымыз өкінішті. Әрине, барлық ата-ана бірдей емес. Ұрпағынан ештеңе аямай, көрген-білгенін үйретіп, бақытты болуына барынша қадам жасап, тырысып жүргендер де, таңнан кешке дейін ащы суды сіміріп, жанұясының құтын қашырып, баласының болашағына балта шапқандар да жетерлік. Бұлай деуімізге дәлел бар.
Естеріңізде болса, тамыз айында премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстандағы білім беру саласын дамыту бойынша шаралар қабылдау қажет екенін мәлімдеген болатын.
«Әлемдік рейтингте Қазақстан бала тәрбиесі бойынша ең соңғы 73-орында тұр. Оқушылардың білім жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасы, яғни, PISA нәтижесі оқушыларымыздың сауаттылығының төмендеп кеткенін көрсетті. Кері кету тенденциясы байқалады. Сондықтан анализ жасап, білім беру саласын жақсартуға қажетті шараларды тез арада қабылдау қажет», - деп анық айтқан премьер-министрдің орынбасарының сөзіне қосылмасқа амал жоқ.
Білім саласы бойынша көтерілген мәселелер ақырындап шешімін табуда. Мәселен, әліпбимен қайтадан қаушытық. Өзге мәселелер де сұраныстың арқасында түбі шешіледі. Ал бала тәрбиесі тек білім ордасына қатысты емес. Ата-ана мен ұстаздар бірге жұмыстануы тиіс. Иә, жаңалық ашудан аулақпыз. Бірақ, кей ата-аналар баласы мектепте тәрбиеленуі керек деп түсінетінін көріп жүргенімізді жоққа шығара алмаймыз.
Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы алтын ұясы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне отбасы мен өскен ортасының тигізетін әсері мол. Бала тәрбиесі ұлт таңдамайды, тәрбие барлық ұлтқа қызмет етеді. Алайда, әр елдің балаларының бала тәрбиелеу ісі бір-біріне ұқсай бермейді. Әр ұлттың тәрбие беруі әрқилы болса да, бала атаулыға бірдей нәрселер қажет. Олар: туған отбасы, ұядай жылы үй, ата-анасының қамқорлығы мен сүйіспеншілігі. Келісетін шығарсыз?
Осы тақырып жөнінде ізденіп жүргенімде отбасылық кеңесші, тәжірибелі педагог, «Баланы жазасыз тәрбиеле» кітабының авторы Елжас Ертайұлының Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына көзіміз түсті. Барлық жазбаларын оқыдық. Кәсіби маман ретінде Елжас Ертайұлы ата-аналарға мынадай кеңес береді.
- Бала тәрбиесі – баланы тек материалдық тұрғыдан қажеттілігін қамтамасыз ету емес. Ол баланың материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз етумен қатар, ішкі жан-дүниесіне көңіл бөлу, сезімдерін түсіну. Сондай-ақ, бүлдіршіннің рухани дамуына ата-ана ретінде өз үлесімізді қосу, ешкіммен салыстырмай тәрбиелеу. Баланың сезімін «тұншықтырмау» қажет. Қазіргі ата-аналардың үлкен қателігі осы. Мәселен, «жылама, қуанба, ашуланба…» деген секілді сөздер арқылы әрқашан олардың сезімдерін басып тастап, бақылауға тырысады. Бұл – дұрыс емес. Бала өз ойын ашық айтып, эмоциясын көрсете алуы тиіс. Балалардың сезімдеріне еркіндік беріп, олардың іс-әрекетін тәртіпке келтіру – ата-аналардың басты тақырыбына айналуы керек. Ең алдымен, кез келген адам өз баласын тануы керек. Баламыздың қырлары мен сырларын анықтап алсақ, сол құндылықтарын дамыту мүмкіндігіне ие боламыз. Ал, егер де балалардың жан-дүниесін танымай жатып өзіміздің жасап алған «портретімізге» шектеп, соған кіргізуге тырысатын болсақ, онда баланың бойындағы қасиеттерді өшіріп, сезімдерін «өлтіріп» алуымыз әбден мүмкін. Сондықтан ата-аналарға ұсынарым, балаларыңызды таныңыздар. Олардың қызығушылықтарын, қабілеттерін, ерекшеліктерін, потенциалдарын, күшті жақтары мен бейімділіктерін анықтап, соларды дамытуға тырысыңыздар, - депті Елжас Ертайұлы.
«Әйел. Қоғам. Болашақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Көркем» дамыту оталығының жетекшісі Гүлмира Төлегенованың да осы мәселеге қатысты ойын тыңдап көріп едік.
- Балаға әр ата-ана ұлттық тәрбие беруі қажет. Бала өзінің жеті атасынан бастап тегін, тілін, ділін, дінін толық меңгеруі тиіс. Ұлттық тәрбие беру барысында, әрине, ата-әжелер институтының рөлі зор. Балаларды ертегілермен, тәлім-тәрбиесі мол әңгімелермен таныстыру – ата-әжелеріміздің басты міндеті. Өкінішке орай, қазіргі таңда бұл функцияны атқарып жатқан ата-әжелер саны өте аз. Көпшілігі ертегі айтуды, баламен отырып сөйлесуді де біле бермейді. Көбінесе олар қазіргі жастардың ағынына түсіп, еліктеп кетіп жатады. Мысалы, гаджеттерді меңгеру, сериалдарды мүлт жібермеу, т.б. салдарынан немере тәрбиесіне көп көңіл бөлініп жатқан жоқ. Барлық ата-әжеге топырақ шашудан аулақпын. Десек те, басым бөлігі осындай кейіпте. Осы олқылықтың алдын алу үшін ауданымыздағы аналар кеңесімен бірге жұмыстанып жүрміз. Қыз-келіншетер, аналар, әжелер және жас отбасылармен түрлі кездесулер ұйымдастырып, отбасылық құндылықтар, бала тәрбиесін насихаттап жүрген жайымыз бар. Шараларымызда ата-аналарға тәлім-тәрбиелік мәні бар әңгіме, мақал-мәтел, қазақ зиялыларының еңбектері мен ақын-жазушыларымыздың өлеңдерін балалармен бірге оқу, талқылау қажеттігін, тәрбиенің төте жолы үлгі болу екенін ескертеміз. Бала әрдайым көргенін істейді. Сондықтан әр адам ең бірінші өзін тәрбиелеуі керек деп есептеймін, - деген жауабын алдық.
Өте орынды жауап. Әр жеткіншек –жанұсының «айнасы». Баланың жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнеріне қарап, ата-анасының дәрежесін анық көруге болады.
Федоровка қазақ жалпы орта білім беретін мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Федоров ауылдық округі бойынша аналар кеңесінің төрайымы Айман Кумашева тәрбие тал бесіктен емес, құрсақтан басталады деген пікірде.
- Бала анасының құрсағынан бастап тәрбиеленеді. Балаға деген мейірімі, сезімі, махаббаты ананың ыстық ықыласы мен тәрбиесінен берілетін құнды дүние. Ата-ананың бала тәрбиелеудегі мақсаты – болашақта баланың жеке тұлға болып қалыптасуына, саналы ұрпақ болып өсуіне, дұрыс білім алып жетілуіне, өмірде өз орнын табуына көмек беру. Себебі тәрбие жоқ жерде білім де жоқ. Тәрбие қаншалықты тереңде болса, білім де соншалықты тереңде. Бауыржан Момышұлының «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» деген аталық сөзінде үлкен мән жатқаны анық. Дана халқымыз «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болып өскенде оны түзете алмайсың» деп бекер айтпаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, яғни адамгершілік секілді құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікке тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқарады.
Психолгтар «Егер балаңыздың бір нәрсеге ренжігенін, ашулы екенін көрсеңіз, сол бастан кешіп тұрған сезімінің атын түстеп атауды үйретіңіз. «Ашуланып тұрсың ба? Әлде өкпеледің бе?» деген сияқты көп баланы сол ізденістің өзі тоқтатады. Бала мұны ата-анадан естіген кезде өзінің күйін түсінеді. Ата-анасы оны түсінетінін, еш сөкпейтінін сезінеді. Мұндай ата-анаға сенуге болатынын біледі. Өзінің қиындығын сеніп, тапсырады. Бала не айтса да, тіпті өзіңіз оныкі дұрыс емес деп шешсеңіз де, оны сынамаңыз. Кері пікір айтпаңыз. «Мен саған айтып ем ғой», «Ылғи осы ғой», «Тірлігіңнің бәрі әкеңдікіндей», «Өскенде кім болар екенсің?», «Кімге тартқаныңды Құдай білсін» деген сөздерді айтпаңыз. Бұлай десеңіз, бала тұйықталып кетеді. Өзін кінәлі сезінеді. Кінә сезіну баланың ойлануын тежейді, дамытпай, жетілдірмей тастайды. Кейін ата-анасына шынын айтпайтын болады. Бала сіз оның әрекетін бұрыс деп санаған күннің өзінде оны жақсы көретініңізді түсінуі керек. Ата-анасына деген сенімді сезінген бала ғана өзіне сенімді бола бастайды» деген тұжырымдаманы ұстанады.
P.S. Бала тәрбиесі туралы таңның атысынан күннің батысына дейін толғата беруге болады. Түйін біреу - баланы сол қалпында қабылдап, жақсы көру. Содан кейін қабылетіне қарай дамыту. Осы орайда бір ұсыныс айтқымыз келеді. Мектепте оқитын 10-11 сынып оқушыларына бала тәрбиесі туралы арнайы оқытылу керек. Сонда тәрбиелеу ұғымының іргетасы әр баланың бойында қаланар еді.
Аягөз Айтқалиева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz