Иә, заман өзінікін жасап жатыр. Аттан түсіп, темір көлікке отырдық. Жайлы екен. Еркелетіп, «темір тұлпар» дедік. Жаңа ғасырдың басында бұрайтын телефонға зар едік, қазір әлемнің тетігін төс қалтамызға салып алып жүрміз. Балаға, бесік жырын шырқауды да, ертегі айтуды да телефонға тапсырып қойдық. Тап сонымыз дұрыс па? Атасы мен әжесінің ертегісін тыңдап емес, смартфоннан мультфильм көріп өскен баланың болашағы туралы ойланып көрдік пе?
Баланың болашағын ойлау дегенді жұрт оқыту, жалақысы жақсы жұмысқа орналастыру, көлік мінгізу, сол бала үшін сарайдай етіп үй салу деп ойлайды. Сөзіміз жоқ, бұл да болашағын ойлаған адамның қам-қарекеті. Бірақ ұрпағымыз жаңағы біз армандаған оқуға тәрбиесіз болып барса, жақсы жұмысқа білімді маман, бірақ тәрбиесіз адам болып орналасса, түптің-түбінде беттің қарамайын сыпырып жүріп салған шаңырағыңыз, шаңыраққа байлаған арман-үмітіңіз сіз емес, телефон тәрбиелеген перзентке қалатын болса, қорқыныш деген осы емес пе? Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзді біз осындайда ойлансын, амал қылсын деп айтты ғой.
Расымен де, бүгінгі күні «Тәрбие басы – талбесік» деген сөз, «Тәрбие басы – телефон» деп өзгерді. Гаджеттерге байланған өмір, әлеуметтік желі, виртуалды ойындар жайлы біраз жаздық. Бүгін біз балалар телефоннан тамашалайтын мультфильмдерге шолу жасап көрмекпіз. Мультфильм – кітап пен Уикипедия үшін фильм, туынды, шығарма, өнім шығар. Ал қоғам үшін идеология, бала үшін қуатты құрал. Бұл құрал бүгін баланы басқарса, ертең оның болашағын басқаруы мүмкін.
Бүгінгі балалар теледидар мен телефоннан қандай мультфильм қарап жүр? Бұл сұраққа біреулер «Маша мен Аю» деп жауап берсе, біреулері «Настя» деген балаларға арналған фильм тартымды, бүлдіршіндер үйір деп жатты. Арасында «Монстарлар мектебінен» тәлім алып жатқандары да, «Тачки» – «Көліктерге» таң-тамаша болып жүргендері де бар екен. Әрине, ата-аналардың ішінде «Балаларымыз «Ертемір», «Мұзбалақ» деген отандық фильмдерді сүйіп қарайды. «Қошқар мен теке» қызық» деп мерейімізді өсіргендер де болды.
Әрине, жоғарыда айтылғандай әр фильмнің өзіне артқан аманаты, яғни идеологиясы бар. Мәселен, кеңестік мултьфильм индустриясының үздік туындысы – «Ну погоди, заяц!» атты фильм балаларға тек күлкі сыйлап қана қоймай, қасқыр мен қоянның кикілжіңі арқылы бұл өмірде қара күш емес, ақылдың жеңетінін, сондықтан білім алу – басты борыш екенін түсіндіріп еді.
Ересектер мультфильмді көп қарамаймыз, мағына-мазмұнына мән бермейміз.
Журналист Серікбол Хасан да «Айқын» газетіндегі «Мультфильм көрген монстрлар» атты мақаласында мультфильмнің тұнып тұрған идеология екенін айтады. Оған мынадай дәлел келтіреді:
– «Спанч Боб – төртбұрышты шалбар» деген америкалықтардың «шедеврі» бар. Бұлардың кейіпкерлері барып тұрған есерсоқтар. Біркөзді Планк тон-тұрқы биттің қабығындай бола тұра, басынан қулығы артылмайтын, қызғаншақ кейіпкер. Крабс деген шаянның мейрамханасын тартып алып, өз мақсатына өзгелерді алдаумен қол жеткізгісі келеді. Боб пен теңіз жұлдызы Патрик бір-бірін «нақұрыс», «есалаң» деп тілдейді де жүреді. Бір-бірінің басынан балғамен ұрады. Жеуге келмейтін нәрсені жейді (мәселен, майшамды). Осылайша, балаларға жеңіл юмор сыйлағысы келген. Бұл ешқандай юмор емес – баланың психикасын бұзу. «Спанч Боб» деген – гомосексуализмнің дайын жарнамасы. Екеуі де еркек кейіпкер бола тұра, Боб пен Патриктің қол ұстасып жүруі, бір төсекке жатуы, бір-біріне қылмыңдап-қылымсуы, тіпті бір қоңызды екеуінің бірігіп асырап алуы, сөйтіп Бобтың әйелдің киімін киіп «мама», Патриктің «папа» болуы, сол секілді сегізаяқ Скивардтың (бұл да еркек) қыздың бас киімін киіп, душқа түсуі, косметикаға жақын болуы, қысқасы, қызға қажетті бұйымдардан бас алмауы секілділердің бәрі де әдейі жасалған сюжеттер. Сондықтан бұл мультфильмді балаға көрсетуден біржола бас тарту керек дейді журналист.
Біздерге саясатты судай сапырып, анаған-мынаған күйе жаға беретін не болмаса кімнің-кіммен жатып-тұрғанын өсектейтін емес, қаламын тереңірек батырып, ұлтқа келе жатқан кесапаттың жолына тұратын осындай журналистер керек-ақ! Әрине, көрерменнің фильмдегі басты кейіпкердің қылығын, мінез-құлқын, болмысын өзіне сіңіретіні – анық нәрсе. Көрермен бала болса – тіпті де.
Жалпы білім беретін А. Жұмағалиев атындағы орта мектептің мектепалды даярлық сыныбының тәрбиешісі Қаракөзайым Ибатованың редакциямызға жолдаған мына хаты осы жерге сұранып тұрған сияқты.
«Балаға мультфильм қарауға рұқсат беру аз, фильмді баламен бірге көру керек. Мультфильм сюжеті балаға әркез түсінікті бола бермейді, сондықтан оның жанында болып, түсінбеген жерін түсіндіріп, анықтап, не нәрсеге екпін қойылғандығын айтып отыру керек. Сөйтіп, бала дамиды, жаңа нәрселерге үйренеді. Сол кезде мультфильм қарау жай әуесқойлыққа емес, уақытты пайдалы өткізуге айналады. Егер фильмде басты кейіпкер ашушаң, қатыгез, қиратқыш, зұлым, зиян келтіретін қиянатшыл болса, оның қылығы өзгелер тарапынан жазаланбаса, сондай-ақ кейіпкер соңында байып кетсе, онда мұндай анимациялық фильмдерді балаға көрсетуге болмайды. Эпизодтарда адамдар тарапынан жануарлар әлемі мен өсімдіктерге деген қиянат болмауы керек. Кейіпкер сүйкімсіз, көріксіз болып, қиындықтан қашса, оңай жолмен еңбексіз, алдап-арбау арқылы табысқа жетуді көксесе, ондай мультфильмдерді де көрсетуден аулақ болу керек.
Қазақ мультипликациясының негізін қалаған Әмен Хайдаров түсірген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қожанасыр – құрылысшы», «Қырық өтірік», «Айнакүн» сияқты тамаша мультфильмдер бар. Алдар көсе туралы көпсериялы анимациялық фильм бар. Алдар көсенің бастан кешкен сан түрлі оқиғалары үлкенге де, кішіге де қызық. Себебі ол кедейлерге күн көрсетпейтін сараң байларды өз айласымен алдап, сабақ береді. «Аңшы» фильмінде бұрындары бір ауылдың жұрты қалай аң аулағанын көрсетеді. «Ер Төстік және Айдаһар» мултьфильмі батырлық пен ерлікке, отансүйгіштікке тәрбиелейді. Мультфильм баланың жасына сай таңдалса, шектеулі уақыт қараса әрі пайдалы түрі болса, оның еш зияны жоқ. Үйде нақты ереже орнауы керек, бала да сол тәртіпке үйренеді», – дейді жосалылық мұғалім.
Біздіңше, нағыз зиян, сол арқылы нағыз мәселе – мультфильмнің қай тілде екендігінде болып отыр. Біздер бір бұрышта жатып алып, Facebook арқылы «Билік басындағылар мемлекеттік тілді білмейді» деп ұрандатып жатқанда, бір бұрышта балаларымыз орысша мультфильм қарап, қазақша емес, орысша сөйлеуге бейім болып бара жатқанын аңғармаудамыз.
Оны балалардың ата-аналары да мойындап отыр. Самал деген ана: – Иә, менің балам орысша сөйлейді. Қалғандарымыз қазақша сөйлейміз, – десе, қаланың басында тұратын үш бірдей баланың әкесі: – Телефон «тәрбиесінің» салмағы басым болып тұр ғой. Тілі жаңа шыққанда орысша шүлдірлеп жүргенін қызық көргенбіз. Әрі бірден тыйым салсаң сөйлемеу қаупі туындайды дегенді естіп, өз-өзімізді тоқтаттық. Нәтижесі не болды? Баламыз қазір естияр. Менің өзім орысша білмеймін, ал балам таза, акцентсіз сөйлейді. Қуанатын нәрсе емес болып тұр. Бұл олқылықтың орны толады. Қазақ мультфильмдерін кінәлаудың қажеті жоқ. Жақсы дүниелер бар. Соған уақытында бейімдеу керек екен. Балаға телефон ұстатпау керек деген жалған ұраннан гөрі, оның ішінен не қарайтынын бақылауға алу керек. Әрине уақытқа да шектеу қою керек. Бала тәрбиесін телефонның «қолына» бермей, ата-ана өз қолына алу керек», – деп ағынан жарылып, шындығын айтты.
Орысша болса да тілі шыққаны жақсы ғой. Жасы үшке келсе де тілі шықпай жүрген балалар да бар екен.
– Мен бала тәрбиесі саласында 40 жылдан бері еңбек етемін. Бұрындағы жасы үшке келген бала қойылған сұраққа толық сөйлеммен жауап беріп, тақылдап тұратын. Өз киімдерін өздері киіп, түймелерін салып, тап-тұйнақтай болып, шауып жүретін. Соңғы онжылдықта көңіл түсіретін көрініс байқалуда. Түймесін салу түгілі, киімін кие алмайды. Ал телефон ақтаруға, оның ішіндегі қолданбаларды пайдалануға, виртуалды ойындарды ойнауға шебер. Дастархан тағамдарын жегісі келмейді, ал дүкендегі чипс, колаға үйір-ақ. Балабақшаға келетін балалардың 40 пайызы – жасы үшке толғанша сөйлемейді. Кінә – телефоннан. Орысша сөйлеген, қытайша, кәрісше мыңқылдаған мультфильмдерді көріп-көріп, балалар қай тілде сөйлеу керегін білмей мылқау болуда. Балабақшаға келгесін ортаның тәрбиесімен, 6 айдан кейін ғана бүлдіршіндер сөйлеп жатады. Қазақы тілді орта жанұяларда да болуы керек, – дейді аудандық «Балдырған» балабақшасының меңгерушісі Ғалия Балпейісова.
«Отандық мультфильмдер тартымды емес. Балалар сосын шетелдік өнімдерді қарайды» дегенге балабақша меңгерушісі де келіспейді. Біз де келіспейміз. Отандық өнімдер сапа жағынан да шетелдіктерден қалысып жатқан жоқ, ал мағына жағынан әлдеқайда озып тұр. Мәселен, «Мұзбалақ» мультфильмінің өзі қытай мен кәрістің фильмдерін графика, анимация жағынан да, беретін рухымен де жолда қалдырады. Ал режиссер Батырхан Дәуренбековтың «Қазақ елі» атты анимациялық фильмі бала түгілі, ересектер қараса да артық етпейтін тамаша туынды.
– Фильм осы заманнан бастау алып, Ақ Орда дәуіріне өтеді. Керей мен Жәнібектің балалық шағы, өсіп жетілген кезеңі, кемелденіп, Қазақ хандығының іргесін қалап нығайтқанға дейінгі өмірі қамтылады. Сол кездегі Ақ Орданың жай-күйі мен ішкі-сыртқы саясатынан балаларға түсінікті тілмен мәлімет беріледі, бала тәрбиесі басты назарда болады. Кішкентай баланың батыр болуға деген ынтықтығы жеткіншектің мінездерімен беріледі. Сол дәуірдегі ең басты экономикалық күретамыр «Жібек жолының» ел үшін маңыздылығы сезіледі. Сонымен қатар болашақ хандардың білімге деген ынтасы әйгілі Отырар кітапханасы арқылы тамаша көрініс тапты деп ойлаймын, – деп сұқбат беріпті «Егемен Қазақстан» газетіне автор Сағаділдә Үсібәлі.
Осындайда ойлаймыз, мультфильм – идеологиялық құрал болса, атамыз батыр екен ат шаптырып, той жасай бермей, сол қаражатқа неге мультфильм түсірмейміз. Мәселен, Сырым батырдың образы мультфильмге сұранып тұр. Сырым туралы ештеңені ойлап табудың да керегі жоқ. Ақын, жазушы Жәрдем Тілеков «Сырым батыр» дастанында бәрін жазады.
- Ашулы көкжал арыстандай.
Айдалада айдаһар
Айбатынан сасқандай.
Қабағы тым қатыңғы,
Қара бұлт басқан аспандай.
Қимылына қарасам,
Найзағайын аспанның
Қағып ап, көкке атқандай. – Сырымның қанды болат қылышын қара тасқа жанып:
Қамалдан жау қарсы атып,
Оқ жауынын дамытты.
Дамыған оққа қарамай,
Дауылдатып барысты,
Аңдыған жаумен шендесіп,
Араласып қалысты.
Халықтан туған он алып
Қадалған жерден қан алып,
Қамалған жерде қарысты,
Күн екінді болғанда,
Тоңғыз жігіт оққа ұшып,
Батырды ыза-кек қысып,
Бадана көзді сауыттың
Алқым да бауын ағытты.
Долданып, көзі қанталап,
Халқының арын арқалап,
Жаумен жалғыз алысты, – деген ерлігі Өрмекші адам мен Бэтменнің өтірік төбелестерінен әлдеқайда артық.
Немесе Қасым жазған «Ақын өлімі туралы аңыздағы» Абдолла батырдың:
«Оқ орағын орай сермеп,
Соғып жерге жау жүрегін,
Төңкерілтіп төңірегін,
Бұрсанды кеп батыр ұлан,
Автоматтан түлетіп оқ», - деп жырланатын ерлігі нағыз балаларға үлгі ететін ерлік емес пе?
Мультфильм түсіру кино түсіруден ауыр әрі нәзік жұмыс екенін жасырмаймыз. Бірақ ауыр екен деп қол қусырып отыруға да болмайтын секілді. Мәселе, бала тәрбиесіне, болашаққа тіреліп тұр ғой.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер