Жәнібек аудандық модельді балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, сыншы, драматург Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығына арналған «Бала жүрегіндегі Қадыр жыры» атты поэтикалық марафон өтті.

Шараға Нүргүл Әбдрешованың жетекшілігімен Т. Жароков атындағы орта мектептің 2-сынып оқушылары қатысып, поэзия әлеміне тағылымды саяхат жасады. Заманауи үлгідегі жаңа кітапхана ғимаратының табалдырығын алғаш аттаған кішкентай оқырмандарға ақиық ақын Қадыр атамыздың өмірі мен шығармашылығы туралы мазмұнды мағлұмат берілді. Кездесу барысында балалар ақынның жүрекке жылы, тәрбиелік мәні терең өлеңдерін жатқа оқып, өз өнерлерін паш етті. Шараның негізгі мақсаты – жас оқырмандардың рухани дүниесін байыту, өлең оқуға, әдебиетке деген қызығушылықтарын арттыру, туған тілге, Отанға деген сүйіспеншіліктерін ояту болды. LED-экран арқылы Қадыр Мырза Әлидің өмірі мен шығармашылығы таныстырылып, ақынның «Санамақ» өлеңі көрсетілді. Кітапхананың белсенді оқырманы Ә. Амангелді «Жалқаубек» әнін орындаса, оқырмандардың орындауында «Атамекен» әні хормен шырқалды. Сонымен қатар, «Қадыр әлемі» атты кітап көрмесіне кітапханашы Армангүл Күлтенова шолу жасап, ақын мұрасының тәрбиелік мәніне тоқталды. Ақынның өнегелі, сырлы өлеңдері бала жүрегіне жол тауып, көңілдеріне шуақ сыйлады. Шара соңында аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Светлана Джукина сөз сөйлеп, шараға арнайы келген қонақтар мен оқушыларға шынайы алғысын білдіріп, мұндай тағылымды, танымдық кездесулердің жас ұрпақтың рухани дамуына зор үлес қосатынын атап өтті. Кездесу соңында қатысушылар естелікке суретке түсіп, кітапханаға танымдық саяхат жасады.
Элиза Болат,
Жәнібек ауданы