18.03.2025, 17:45
Оқылды: 183

Балабақша – бақытты балалар ордасы

Балабақша – баланы тәрбиелейтін ең алғашқы білім ордасы. Баланың мінезін, қандай да бір қабілетін де ерте жастан дамытатын осы балабақша. Мектепке дейінгі білім ордасы еліміздің болашақ ұрпағын еңбекке, өнер-білімге баулитын алғашқы баспалдақ. Осындай балабақшалардың бірі - Ақсай қаласының №5 «Ертегі» бөбекжайы. Аталған балабақша туралы білу үшін бөбекжайдың басшысы Гүлзайда Талиповамен сұхбаттастық.

WhatsApp Image 2025-03-17 at 12.14.23

  • Гүлзайда Жандарбекқызы, өзіңіз басқарып отырған №5 «Ертегі» бөбекжайы туралы айтып берсеңіз.
  • №5 «Ертегі» бөбекжайының ғимараты 1990 жылы пайдалануға берілді. Негізінен 240 балаға арналған, бірақ та биыл 280 орынды қамтып отырмыз. Балабақшамызда 5 қазақ және 5 орыс тобы бар. Мектепке дейінгі білім беру ұйымы заманауи педагогикалық технологиялармен жабдықталған. Және әдістемелік, психологиялық, логопедия және дефектологиялық, қазақ және орыс тілдерін оқыту, музыкалық-хореографиялық зал, дене шынықтыру залы, балаларға арналған тұзды шахта кабинеттері жұмыс жасайды. Қазіргі таңда балабақшада мамандардың барлығы жеткілікті, толық қамтылған. Бөбекжайымызда 28 педагог жұмыс жасайды. Барлығы диплом бойынша өз лауазымдарына сай, модератор, сарапшы, зерттеуші санаттарындағы білікті педагогтар. Балабақшаның сапалық құрамы жоғары, 6 зерттеуші, 6 сарапшы, 7 модераторымыз бар. Және де екі дене шынықтыру нұсқаушысы, қазақ тілі мұғалімі, музыка жетекшісі, логопед, дефектолог, психолог, педагог-ассистент балалармен нәтижелі жұмыстануда. Балабақша тәрбиешілері әрқашан ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Қазақ халқы қай уақытта болмасын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген. «Біртұтас тәрбие»  бағдарламасы аясында бөбекжайымызда «Даналық мектебі», оның ішінде  «Әжелер мектебі», «Аналар мектебі», «Аталар мектебі», «Әкелер мектебі»  жүйелі жұмыс жасауда.
  • 579ff3a3-74a1-49b5-9577-709f3c9ab7cd
  • Балабақшаларыңыз қандай бағдарламалармен жұмыс жасайды және педагогтер қандай тәсілдер қолданады?
  • Балабақшамыз «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу» бағдарламасы бойынша оқу-тәрбие жұмыстарын қазақ тілінде жүргізеді. Бөбекжайдың оқу-тәрбие жұмыстары еліміздің мемлекеттік жалпыға бірдей стандарты  бойынша жүргізіледі. Егемен еліміздің талабына сай  мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, қазіргі заманға сай білімді де тәрбиелі ұр­пақ тәрбиелеу – білімді, жан-жақты тәрбиешілердің ен­шісінде. Заман өзгерген сайын­  әдіс-тәсілдер көбейіп, жа­ңа­­­рып, толығып жатыр. Бала­лар­дың тілін дамытуды, қызықты үйрету үшін жаңа әдістер мен технологияларды өз тәжірибемізде қолдануға ізденеміз. Жаңа технология­ны, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану үздіксіз тәрбие беру мен білім сапасын арттырады. Біз заманға сай дәстүрлі оқытумен қатар инновациялық технологияларды қолданамыз. Тіл үйретуге «Сиқырлы қалам», жан-жақты дамытатын «Ойнап дамимыз», «Мультстудия» бағдарламалары, психолог, дефектологтар қолданатын «Дары Фребеля» және тағы да басқа әдістермен жұмыстанамыз.
  • Тіл үйрететін «Сиқырлы қаламның» басқа әдіс-тәсілдерден қандай айырмашылығы бар?
  • «Сиқырлы қалам» мемлекеттік тапсырыс аясында мектеп жасына дейінгі балаларға қазақ және ағылшын тілдерін үйретуге арналған интерактивті оқу-әдістемелік кешені. Бұл мектеп жасына дейінгі балаларға арналған жаңа бағыттағы инновациялық тіл үйрету құралы. Негізінен балабақшалардың бағдарламасынан ағылшын тілі сабақтары алынып тасталды. Ал бұл тәсілді біз қазақ тілін үйрету үшін қолданып келеміз. «Сиқырлы қалам» балаларға бір уақытта оқуға, тыңдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қаламды арнайы плакатқа тигізгенде, суреттерге «жан бітіп», бейнелер экранға көшіп, сөйлеп кетеді. Қаламның сиқырлы сыры осы. Заманауи технология арқылы жасалған интерактивті кешен балалардың тіл үйренуге деген қызығушылығын дамытып, танымын, қабілетін арттыруға көмектеседі. Осы тәсіл арқылы балалар дыбыстардың дұрыс айтылуын, екпінді дұрыс қолдана білуді жеңіл меңгереді. Сондай-ақ сөздерді буынға бөлуді, санауды, түстерді атауды, түрлі іс-әрекеттерге байланысты қысқа сөйлемдер, шағын әңгімелер құруды үйренеді. Тіл үйрету құралының әдіс-тәсілдері балалардың жас ерекшелігіне сай жасалған. Инновациялық кешенді кез келген теледидарға немесе компьютерге қосу арқылы балалар танымдық, қызықты бағдарлама тамашалап отырғандай әсерде болады. Балалардың жас ерекшелігіне сай анимациялық, мультипликациялық көріністер олардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттырып, есте сақтау қабілетін дамытуға көп көмектеседі. Балалар есту, көру, қайталау арқылы сөздерді дұрыс айтуға жаттығады.
  • 2d5d6bcf-c297-4ec0-9873-cd8ab5da0922
  • Жан-жақты дамытатын «Ойнап дамимыз», «Мультстудия» бағдарламалары туралы айтып берсеңіз.
  • «Ойнап дамимыз» мектеп жасына дейінгі балалардың жан-жақты дамуына арналған бағдарлама. Ол бөбекжай педагогтері мен тәрбиешілерінің жұмыстарына жиі қолданылатын оқу-әдістемелік кешендердің бірі. Интерактивті бағдарлама 3-6 жас аралығындағы балаларға арналған әртүрлі тапсырмалардан құрылған. Бағдарлама «Қауіпсіздік», «Сөйлеуді дамыту», «Қоршаған орта» атты 3 бөлімнен тұрады. Аталған бағдарлама балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, қызықты жасалған. Интерактивтік тақтаның көмегімен жүргізілетін ойындар арқылы тәрбиеленушілер кеңістікті бағдарлау, жануарлар әлемін тану, қауіпсіздік ережелерін сақтау, буындап оқу және тағы басқа да дағдыларды үйренеді. Сонымен қатар біз мультфильмдер жасауға қатысу арқылы балалардың танымдық, шығармашылық және сөйлеу белсенділігіне деген қажеттілігін оятатын «Мультстудия» бағдарламасында қолданамыз.
  • e8aad139-2fac-4336-8e08-4ddeb74e405b
  • Қолданатын әдіс-тәсілдеріңізді атаған кезде психолог, дефектологтар қолданатын әдістерді де атап өттіңіз. Осы әдістер туралы да айта өтсеңіз.
  • Балабақшалар үшін психолог, дефектолог мамандары әрқашан сұранысқа ие. Бұл маман иелеріне қай балабақшада болмасын жұмыс табылады. Дефектолог маманының болуы тіл және тірек қимылы кешеуілдеген бүлдіршіндер үшін маңызды. Балабақшамыздың психолог, дефектолог мамандары қолданатын тәсілдердің бірі - «Дары Фребеля» әдісі. Баланың танымдық дамуы мектепке дейінгі жастан, қоршаған әлеммен белсенді түрде танысқан кезден басталады. Кішкентай нәресте әр түрлі затты қолымен ұстау арқылы пішін және түстер туралы түсініктерін қалыптастырады. Ф.Фребель мектеп жасына дейінгі балаларға арналған өзінің дидактикалық, яғни, «білім беру» материалын әзірледі. Бұл мектеп жасына дейінгі балаларға арналған әлемдегі алғашқы дидактикалық материал. Фребельдің сыйлықтарына әртүрлі пішіндегі, өлшемдегі және түстердегі заттар кірді. Мысалы шарлар, текше, цилиндр, төсеуге арналған таяқтар, тоқуға арналған жолақтар және т.б. Аталған әдіс балалардың өзіндік жұмысына үлкен мән беретін толыққанды оқыту әдісі. Олар ең алдымен ұсынылған заттарды зерттеп, өздері ойнау жолдарын іздейді. Содан кейін тәрбиешіден дұрыс жауабын біледі. Ойын арқылы педагог баланың қалай жұмыстанатынын байқап, оның қаншалықты тәуелсіз екенін, достарымен бөлісе алу, алмауын, қиындықтан қорқу-қорықпауын, шығармашылыққа жақын ба екенін анықтайды. Себебі осы қасиеттер болашақта баланың мінезін қалыптастыратыны белгілі.
  • 8af9e490-9236-4619-acb6-25b491d760e6
  • Балабақшаларыңызда мектепке дейінгі даярлық тобы барма, ол қалай жұмыс жасайды?
  • Мектепке дейінгі шақ адам өміріндегі ең маңызды ке­зең. Өйт­кені осы кезде баланың бойын­дағы барлық табиғи дарындылық жан-жақты дами бастайды. Сондықтан осы шақта бала­лар­мен анағұрлым жан-­жақ­ты дамытушылық әрекеттер жүйелі жүргізілсе, жұмыс сонша­лық­ты нәтижелі болады. Қазіргі уақытта біздің бөбекжайда екі мектепалды топ тәрбиеленуде. Тәрбиелі, білімді ұр­­пақ балабақшадан мектепке дайын шәкірт болып барады.
  • Сұхбат бергеніңізге рахмет. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін.

Сұхбаттасқан Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале