Жыл сайын аумағы кеңіп, тұрғындар саны да артып жатқан Бәйтерек ауданы Махамбет ауылындағы шағын балабақша көбейген үстіне көбейіп жатқан балаларды қабылдай алмай келген-ді. Бұл мәселе ауыл, аудан әкімдерінің халық алдындағы есептік кездесулерінде де жиі көтеріліп жүрді. Жергілікті әкімдік пен ауыл кәсіпкерлері аталған мәселені осы күні бір жақты етті.
Осы кезге дейін ауыл бүлдіршіндері 25 орындық шағын балабақшада тәрбиеленген еді. Жергілікті атымтай жомарт азаматтар мен әкімдіктің шешімді іс-әрекетінің арқасында әкімдік ғимаратының екінші қабаты мен біраз бөлігі босатылып, ескі балабақшаға тағы 50 орын қосылған.
-Осы кезге дейін балабақшаның бірнеше тобы мектеп жанынан ашылған балабақшада тәрбиеленіп келді. Оқушылар санының артқаны ол мәселені күрделендіре түсті. Амалсыздан мектеп жанындағы бақшаға арналған кабинеттерді босаттық. Мәселенің шешімі ауыл әкімдігінің ғимаратын босатып, ол жерді балабақшаға ыңғайлау болды. Жергілікті кәсіпкерлердің арқасында ойымыз іске асты,-дейді Махамбет ауылдық округінің әкімі Бейбіт Аманғалиев.
Бюджет есебінен көк тиын жұмсалмай жасалған жаңа балабақша ішінде барлығы бар. Бір кәсіпкер есік-терезелерін жөндесе, енді бірі жуынатын бөлмелер мен балаларға ыңғайлана жасалған әжетхана бөлмелерін ретке келтірген. Сонымен қатар көздің жауын алатын ұлттық нақыштағы суреттерді салдыруға да махамбеттік бизнесмендер қолғабыс еткен. Осылайша бірліктің арқасында осыған дейін тек 25 баланы қабылдап келген балабақшаға тағы елу орын қосылыпты. Бұндай іске жергілікті тұрғындар да разы. Одан бөлек, жаңартылған балабақшада 25 жаңа жұмыс орны ашылған.
-Жаңартылған бақшамызда керектінің барлығы бар. Салқын және жылы сумен де қамтамасыз етілді. Елдің сұрауын жерде қалдырмай, мәселенің оң шешімін тапқан ауыл әкімдігі мен кәсіпкерлерге алғысымыз шексіз,-дейді Махамбет ауылындағы «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі Бақытгүл Аманшиева.
Ауылда әлі де балабақша керек екенін айтқан округ әкімі Бейбіт Аманғалиев болашақта әкімдік ғимаратын түгел босатып, балабақшаға келетін бүлдіршіндер санын 100-ге жеткізуді жоспарлап отырғанын да айтты.
-Болашақта қазіргі ғимараттың әкімдік отырған бөлігін толық босатып балабақша етсек деген жоспарымыз бар. Одан бөлек, ауылішілік 7,6 шақырым жолды асфальттап, әр үйге су өткізуді де көздеп отырмыз,-дейді ауыл әкімі Бейбіт Аманғалиев.
Жалпы, қазіргі таңда ауданда балабақша жетіспеушілігі біртіндеп шешіліп келеді. Әсіресе, жеке балабақша салу не бар ғимараттарды бақша ашам деген кәсіпкерлерге жалға беру жағын бір жолға қойылғалы мәселе реттелген. Қазір ауданда 23 шағын орталық, 12 мектеп-балабақша, сегіз жеке балабақша бар екен. Бұл мәліметті бізге аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Гүлмира Мұсағалиева берді.
Маманның айтуынша, соңғы жылдары аудандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетіпті.
-Бүлдіршіндерді балабақшамен қамту жайы біртіндеп шешіліп келеді. Алдағы күндері Володар ауылында 50 орындық балабақша бой көтереді. Бұл да мәселені шешудің бір жолы,-дейді аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Гүлмира Мұсағалиева.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz