1.04.2022, 9:45
Оқылды: 371

Балабақшада сәтті өткен семинар

Жуырда Шыңғырлау ауданындағы «Бөбек» бөбекжайында «Мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеу мен оқытудағы тиімді тәжірибелер» тақырыбында аудандық семинар-практикум оздырылды. Мектепке дейінгі ұйым педагогтарының шеберлігін насихаттау, әдістемелік және кәсіби шығармашылығын дамыту, осы бағытта тәжірибе алмасу бағытында ұйымдастырылған семинарға ауданымыздың 8 балабақшасының меңгерушілері мен тәрбиешілері қатысты.

IMG-20220331-WA0057

Семинардың ашылу рәсімінде «Бөбек» бөбекжайының меңгерушісі Рамзия Китарова сөз сөйлеп, жұмыстың нәтижелі де жақсы өтуіне сәттілік тілесе, аудандық білім бөлімінің әдіскері Нұрбике Нұрова оның маңыздылығын түсіндірді.

Семинарда педагогтардың жаңартылған бағдарламасы бойынша теориялық әдістемелік білімін жаңғырту, тәжірибе алмасу, тәрбиешілердің кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсат етіліп, теориялық және тәжірибелік бағыты бойынша өткізілді. «Ойнаймыз, ойлаймыз» деп аталатын І бөлімде «Көктем келді» тақырыбымен ұйымдастырылған оқу қызметі мен «Теңізшілер» сюжеттік рөлдік ойын форматы көрсетілді. Ал, семинардың «Тәжірибе алаңы» деп аталатын практикалық бөлімінде «Бөбек» бөбекжайының тәрбиешілері «Мектепке дейінгі ұйым педагогтарының іс-тәжірибесінде қолданатын инновациялық технологиялары» түрінде «Дәстүрден тыс сурет салу», «Үрлеп сурет салу», «Әйнекке сурет салу» секілді әдістерімен бөліссе, «Бүлдіршіндердің математикалық  қабілеттерін ойын әдісі арқылы дамыту» сабағында «Шатасқан сандар», «Кім тез» түстерді ажырату, «Пішіндер шеруі», ал «STEAM технологиясы бойынша тәжірибе жүргізуде» «Ауаны зерттеу»,  «Судағы бейнелер», «Тығылған заттар» әдістерін шебер қолдану арқылы бүлдіршіндердің білімге деген құштарлығы мен қызығушылығын дамытуға бағытталған сан түрлі әдістерді ортаға салды. Қызықты да ұтымды шыққан сабақ соңында өзге бөбекжайдың тәрбиешілері өздерінің пікірлерін білдіріп, ойларымен бөлісіп отырды.

Осындай аудандық семинарды өз шаңырағында өткізіп отырған «Бөбек» бөбекжайы биыл ауданда алғашқылардың бірі болып «Эко-балабақша» жобасы аясында жұмыстануды бастаған екен. Балаларды табиғатқа жақын болуды, оны күтіп-бағуға үйретуді көздеген 3 жылға созылатын жобаға атсалысатын тәрбиешілер мен бүлдіршіндерге сәттілік тілейміз.

Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале