Бәйтерек аудандық орталық балалар кітапханасының қызметкерлері Переметный ауылындағы «Мұнайшы» шағын ауданында орналасқан балалар ойын алаңына барып, демалушыларды қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі балалар жазушысы Сапарғали Бегалиннің өмірі және шығармашылығымен таныстырды.
Кітапханашыларды көрген бойда балалар доптары мен басқа да қызықты ойынын тастай салып, шара ұйымдастырушыларының жанына үйірілді. Жазушының 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты әдеби-танымдық сағат балалардың үлкен қызығушылығын тудырды. Барлығы ұсынылған кітаптарды ашып қарап, жазушы туралы сұрақтарын қойды. Жас тұрғындардың сұрақтарына жауап берген кітапханашылар балалар әдебиетінің қазынасына өзінің ұлан- ғайыр үлесін қосқан жазушы туралы қызықты деректерді айтып өтті. Әсіресе Сапарғали Бегалиннің балалық шағындағы арманы болған жазушылыққа білім мен еңбек арқылы жеткендігін балалар қызыға тыңдады.
– Халықтың асыл мұрасын бойына сіңіріп, бүгінгіге жеткізген ардақты жазушы Сапарғали Бегалин – біздің алтын сандығымыз. Ол сандық ашқан сайын көз қызықтырып, көңілімізді өсіреді. Қазақ балалар әдебиетінің атасы Сапарғали Ысқақұлы Бегалиннің мәртебелі өмір жолынан, шара қатысушылары үлгі алады деп ойлаймыз, – дейді шара ұйымдастырушысы, аудандық орталық балалар кітапханасының меңгерушісі Зәуреш Габдулиева.
Табиғат аясын оздырылған танымдық кеш соңында ұйымдастырушылар балаларға кітапхана қорынан ұйымдастырылған «Балалар әлемінің елшісі» атты кітап көрмесімен таныстырды.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер