Бәйтерек ауданындағы 46 мектепте 9258 оқушы оқуларын аяқтауда. Жазғы демалыс кезінде жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтарды болдырмау және оқушылардың қауіпсіз әрі тиімді демалуын қамтамасыз ету мақсатында тиісті іс-шаралар алынуы керек.
Бұл туралы осынау мәселелерге орай аудан орталығында өткен жиында аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев мәлімдеді. Оған аудан прокруроры, полиция, төтенше жағдай, білім бөлімдерінің, денсаулық сақтау саласының өкілдері, мұғалімдер, ата-аналар мен жоғары сыныптар оқушылары қатысты,
- Жазғы демалыста 1-4-сыныптардың оқушылары мектеп жанындағы лагерлерге барса, ортанғы буын (5-8сынып) Түркістан мен Бурабайға сапар шегуге және Орал қаласындағы «Еуразия», «Дарын» лагерьлерінде демалуға жағдай жасаудамыз. Ал жоғары сынып оқушылары ақылы қоғамдық жұмыстарға белсене қатысулары үшін ауылдық округ әкімдерімен сөйлесіп жатырмыз,-деді жиынға төрағалық еткен Ерлан Ерсайынұлы.
Іс-шарада алғаш болып баяндама жасаған жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы, полиция лейтенаты Индира Кенжеғалиева құқықбұзушылықтың кең өріс алған түрлерін сөзге тиек етті. Олардың арасында түңгі уақытта көшеде жүру және жүргізуші куәлігінсіз көлік құралдарын айдау бар. Осы құқықбұзушылықтар 7-10 АЕК-ті құрайтындай айыппұл төлеуге әкеліп соғады. Жаз мезгілінде белгіленбеген жерлерде суға түсу және өрт қауіпсіздігі туралы аудандық төтенше жағдай бөлімінің бастығы Олжас Абдрахманов сөз етті. Ал аудандық аурухананың эпидемиологы Динара Зағипарова ішімдік ішу мен темекі (электронды темекі) тартудың және энергетикалық сусындардың зияны мен заңнамадағы тәртіптік нормалар туралы айтса, аурухана психологы Айнұр Мендіғұлова баланың жан дүниесін ұғыну туралы ата-аналарға арнап баяндама жасады. Аудан прокуроры Алмас Меңлібаев болса құқықбұзушылықтағы ата-аналардың жауапкершілігі туралы сөз қозғап, тиісті заңнамалармен таныстырды.
Жиын соңында жасөсірімдер арасындағы қылмыстың, баста да қауіпті жағдайлардың алдын алу жөнінде бейнеролик көрсетілді.
Салтанат Зұлқарнаева,
Бәйтерек ауданы