4.12.2024, 13:01
Оқылды: 22

Балалар сәлем беруден қалған ба?

Бала кезімізден ыстық естелік – ата-әжеміз тіліміз шыққанда үйреткен ең алғаш тіркесі «Сәлем бердік!» болатын. Шағын ғана ауылдан шыққанбыз, балалығымыз сол ауылда өтті. Бәрі бір-біріне туыс, жақын-жұрағат. Солардың бәріне жүздескенде амандасып, сәлемдесудің маңызын түсіндірді үйдің үлкендері. «Сәлем бердікке» де сол тіліміз көп келе бермейді, «сәәм бедік» деп те, ағайынның ақ тілек-батасын алатын едік.

IMG_6823

Кейінірек адамы көбірек, сол кезде орыстары басым Чапаевқа көшіп келдік, сонда ешкімді бөтенсінбейміз, жатырқамаймыз – мектеп пен ойынға шыққанда, көрінгеннің бәрімен (көбісін танымаймыз да) сәлемдеспей өтпейтінбіз.

Арамызда екі-үш үй бар, рулас үлкен кісілер тұратын. Атайдың да, әжейдің де мінезі біртоға, жұртшылықпен ашылып сөйлеспейді де.

Көршілес болған соң, күніне бір-екі мәрте жүздесеміз ғой. Соларға бала болып, сәлем берсек, «Сәлем алдық, дырау бол!» деп айтпайтын еді, үндемей шығарып салатын. Неліктен сәлемімізді қабыл алмағанын білмедік, бала деп менсінбей ме, әлде мінезі сондай ма? Сәлемімізді алмаған соң, ағайынды қоңыр қаз (сіңлім екеуіміз) үйдегілерге  ренішімізді ақтаратын едік.

Сонда атамыз: «Ренжімеңдер, олар – қалаға (осы Чапаев қой) әбден сіңіп кеткен, орыстанған адамдар, баланың сәлем бергеніне үйренбеген шығар, біртіндеп сәлемдеріңді алар әлі. «Сәлем – сөздің атасы» деген, сәлемнен ешкім аттап өте алмаса керек. Сондықтан алса да, алмаса да, жасы үлкен болғасын, оларға сәлем беру – сендерге міндет», - деп ақырын шығып кетті.

Сосын білдік, сол шыққаннан рулас інісіне тіке тартып: «Немерелерімнің сәлемін аяқасты етпей, баталарыңды берсеңдер, баланың әппақ сәлемін алып, ықылас етсеңдер, еш жерлерің кеміп қалмайды!» - деп ашуын төгіпті. Солай тәртіпке салған еді ағайындасын атам.

Ал қазір ше? Біз де сол ата-әжеміздің жасына жақындап келеміз, алдымыздан жүгіріп шыққан балалардан сол «Сәлем бердікті» біз де дәметеміз.

Бірақ тәрбие кемшіндеу ме, санасына ата-анасы сіңірмеген бе – әйтеуір ұл-қыз үлкендерге амандасуға құлықсыз. Жұмыс пен үйдің екі ортасында үлкен мектеп тұр. Кеште жұмыстан шыққанда, оқушылар да сабақтан шығып жатады.

Сол кезде мектептен шұбыра шыққан балалардың ішінде сәлемі түзуі – тек бірді-екілісі ғана. Сонда да батысымыздың дәстүрі, яғни кішілердің үлкенге «Сәлем бердік» деп амандасу үрдісінен тайқып, «Сәлеметсіз бе?» деп, сыпайылатып қал сұрайды.

Әлбетте, батыс-шығыс деп бөлінетін түгі жоқ, бірақ «Әр елдің салты басқа» дегендей, ата-бабамыздан қалған осы үрдісті неге бізге сақтап қалмасқа, балаларымызға үйретпеске?! Сәлем бердік – өте мағыналы тіркес, кішінің үлкенге құрметін, амандығын тілейтінін, адамгершілік қасиетін бойына сіңіргенін анық көрсетіп тұр емес пе? Шынтуайтына келгенде, тәрбиенің нағыз өзегі осы сәлемдесуден басталады.

Сондықтан үйдегі балаға түзге шыққанда үлкендермен амандасу жол екенін, сәлемі түзу баланың амандасқанына риза болған аға-апа, ата-әжелер «Көсегең көгерсін!», «Жүз жаса!», «Азамат бол!» деп, бата беретінін үздіксіз айтып, дұрыс сәлемдесуге үйретуіміз керек. «Сәлеметсіз бе?» деп сұрау салған баланы да сөкпеймін, үйрету солай, бастысы ниеттері дұрыс.

Өзімнің балабақшаға баратын немерем бар. Балабақшадан үйге қайтып келе жатқанда, кездескен жанның барлығына «Сәлем бердік!» деп айғайлап сәлемін береді. Періште көңіл балдырғанның амандасқанына мәз-мәйрам болып, олардың да жүздері жайнап сала береді.

Міне, сәлемдесу әдебін балаға үйреткеннің бір ғана мысалы, тәрбие арқылы шынайы қазақылығымыздың болмысын сақтап қалатынымыздың, сәлемнің адамды жақсылыққа бастайтынының дәлелі.

Біздің халқымыз бағзыдан сәлем беруге ерекше мән берді. Сол себепті амандасудың, сәлем берудің, қал сұраудың негізінде адамдардың бір-біріне деген ыстық ықыласы, құрметі, сыйластығы жатырғанын, ең алдымен, ата-аналар ұғынып, тәрбиенің игі дәстүрін жалғастыруы тиіс. Ағайын-тума, көршілер, әріптестер, тамыр-танысқа өзіміз сәлем беріп, үлгі көрсетіп, ұл-қызды соған үйретейік! Сәлемімізді түзейік!

Асқар Ардақ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале