4.08.2022, 10:15
Оқылды: 132

«Балалар жылы»: нақты іс бар ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биылғы барыс жылының Балалар жылы деп жариялануы көңілімізге қуаныш ұялатты. Қай кезде де жас буынның денсаулығы, білімі, әлеуметтік жағдайы, қауіпсіздігі ұдайы ел назарынан түскен емес.

 IMG-20220803-WA0040

Тағылымды тәрбие – бала болашағының іргетасы. Қазақтың қарадомалақ балалары әлемдік деңгейде ел мерейін асыруда. Қарапайым ауылдан шыққан талай баланың жұлдызы жанып, қабілетімен дарындылар қатарына қосылды. Иә, қай кезде де мемлекет  баланың үздіксіз дамуына инвестиция құюды тоқтатпайтыны анық. Мектеп партасында отырған әрбір баланы білімді, дарынды, өнерлі, интеллектуалды етіп тәрбиелеу күн тәртібінен түспейді. Ең алдымен, Балалар жылы аясында жас балғындардың барлық жағынан дамуына жұмыс жасалуы тиіс.

Мәселен, Теректі ауданының білім беру саласында іске асқан шаруаның тінін тарқатсақ, «Ұшқыр ой алаңы» атты республикалық  пікірсайыс турнирінің аудандық кезеңі ұйымдастырылды.

Сонымен қатар Абай, Қадыр, Мұқағали, Әбіш, Ақұштап оқулары барысында талантты шәкірттер анықталды. Ал «Мен бақытты баламын!» атты мектеп оқушылары арасында өткен жас ақындар айтысы көпшіліктің көңілінен шықты. Теректі ауданы «Бірлік» деструктивтік діни ағымдардан қорғау және көмек көрсету орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен «Салт-дәстүр – сан ғасырлық саф мұра» тақырыбында дебат, «Сырым батыр» жыры мен шешендік сөздеріне арналған «Дала кемеңгері», «Bilim high» («Білім battle», «Bilim бәйге») телевизиялық жоба байқаулары жоғары деңгейде өтті.

Дарынды балалармен жұмыс жасау – уақыт талабы. Қазіргі таңда ғылыми тәжірибелер алаңы қалыптасып, мектеп жасынан балаларды зерттеу жұмысына бейімдеген абзал.

Мәселен, компьютерлік бағдарламаларды меңгерген жас өрендер робототехника жасауға машық. Сонымен бірге, халықаралық, республикалық, облыстық білім бәсекелерінде бақтарын сынаған оқушыларымыз орасан жетістіктерге қол жеткізуде.

Қазақта «Адам болатын бала алысқа қарайды» деген мәтел бар. Дәл қазіргі уақытта білімді, алғыр балғындардың көптеп шығуына балабақшалардың атқаратын рөлі зор.

- Бар білімнің негізі балабақшадан қаланады. Балалар жылында балабақша педагогтары ерекше серпінмен жұмыс жасайды. Себебі, барлық жұмысымыз кішкентай балғындармен тығыз байланысты. Әркез ата-ананың көз қуанышына айналған сәбидің бақытты болғанын қалаймыз. Ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын балалардың жан-жақты болуы үшін педогогикалық әдістемелерге сүйенеміз. Балалар жылын жан-жақты қолдау мақсатында

кешенді іс-шаралар өткіземіз, – дейді балабақша қызметкерлері.

Теректі аудандық білім беру бөлімі мамандарының айтуынша, алдағы уақытта да жоспарға сай іс-шара легі жалғасын таппақ.

Балалар жылына орай Теректі ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі көптеген шаруаның басын қайырған екен. Олардың бәрін жіпке тізсек, басылым беті жетпес. Сондықтан ең ауқымды шара жөнінде айтайық. Ақжайық ауылында аудан тарихында тұңғыш рет оқушылар арасында айтыс ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет үйінде «Балдәурен» балалар шығармашылық фестивалі өтті. Бұл байқау бұрынғыдан өзгерек болды. Айрықша үлгіде безендірілген зал мен балалар сүйіп көретін мультфильм кейіпкерлерінің суреттері ерекше әсер қалдырды. Балалар шығармашылық үйі көрме дайындап, түрлі бұйымдарын таныстырды. Теректі аудандық мәдениет үйінде өткен «Ана – өмір шуағы» атты балалар концерті көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Аудан, ауылдардағы өнер ошақтары ұйымдастырған түрлі мәдени шаралар, сурет байқаулары, спорттық жарыстардың бәрі де балаларға арналды. Олар белсенділік танытып, әр шараның басы-қасынан табылды. Мысалы, «Мен және отбасым», «Ән қанатында», «Бала дауысы –2022» тағы да басқа байқауларға балалар белсенді қатысты. «Кітап – ғылым, тілсіз мұғалім» демекші, аудандағы һәм ауылдардағы кітапхана ұжымының балалар жылына қосқан үлестері орасан.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылды «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жарияланған болатын. Осыған орай екі жыл көлемінде аудан бойынша күллі кітапхана ұжымы балалардың шығармашылық әлеуетін көтеру мақсатында тиісті іс-шараларды қолға алған. Олар жас оқырмандарға ертегілер, ғибратты әңгімелер желісінде сахналық қойылымдар ұсынды. Сонымен бірге елімізге танымал ақын жазушыларға арналған шығармашылық кештер өткізді. Айталық, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі бойынша барлық кітапханашылар «Балалар әдебиеті сыр шертеді» кітап көрмесі, әдеби шолулар ұйымдастырған. Теректі аудандық балалар кітапханасы балалардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында жасақталған «Жаңа кітаптар әлемі» атты кітаптар топтамасын ұсынды. Покатилов ауылдық кітапханасының «Көк сандық» кітапханалық жобасы «Рухани қазына» мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық фестивалінде «Үздік балалар аудиториясына арналған кітапханалық жоба» аталымын иеленді.

Аталмыш жобаның мақсаты - Теректі ауданының барлық кітапханаларын аралау, балаларды жаңа кiтаптармен және авторлармен таныстыру.

Жалпы осы жылдың Балалар жылы болып жариялануының өзі ізгі бастаманың бастауы іспетті. Биыл Ақсуат ауылында балаларға арналған шаруалар жүзеге асуда. Соның бірі — спорт алаңы. Бұл ауыл тұрғындарына, әсіресе, балаларға үлкен қуаныш сыйлары хақ.

- Аталмыш алаңның жұмысына Теректі ауданы әкімінің қолдауымен жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Мердігер - «НухСтрой» ЖШС.  Кәсіпкер Арман Рыспаев басшылық ететін серіктестіктің жұмысшылары алаңды сапалы жасап, мерзімінен бұрын тәмамдады, - дейді Ақсуат ауылдық округінің әкімі Жаннұр Ахметов.

«Берсең, балаға бер» демекші, енді ауыл балақайлары спорт алаңында футболды алаңсыз ойнайды. Ал екіншісі, балаларға арналған ойын алаңы. Бұл алаңның салынуына тапсырыс берген Ақсуат ауылдық округі әкімі аппараты, ал заманауи балалар алаңын уақытында сапалы ұсынған мердігер «Бизнес Строй» ЖШС екенін айта кеткен жөн. Теректі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі де Балалар жылына орай білек сыбана еңбек етуде.  Олар «Бала - өмірдің гүлі» жобасы аясында  аудан бойынша 13 жасқа дейінгі балаларды ойын-сауық орталығына апарып, мерекелік кеш ұйымдастырды. Сонымен қатар «Әлем балалар көзімен» тақырыбында сурет байқауын өткізді.  Бөлім қызметкерлері балалармен бірге Орал қаласындағы зообаққа саяхат жасады. Балалар Подстепный ауылындағы «Жігер» коворкинг орталығында болып, электрондық кітаптарды тыңдап, түрлі қолөнер көрмелерін тамашалады. Балаларды қорғау күнінде теректілік ерекше балаларға аудан әкімі мен жомарт кәсіпкерлер атынан тәтті қоржындар таратылды.

Балалар жылында әр сала бойынша бос ұраншылдыққа салынбай, нақты жобалар қамтылғаны абзал, әрине. Мәселен, балалардың әлеуметтік тұрғыдан жағдайын жақсарту көзделсе игі. Сонымен бірге денсаулығында кінәраты бар балалар ерекше қамқорлыққа алынуы тиіс. Бүгінде Теректі ауданында 152 мүгедектігі бар бала бар. Жыл көлемінде олардың денсаулығына жіті көңіл бөлініп, аурушаңдық деңгейі төмендесе жақсы. Көпбалалы отбасылар тиісінше көмек көрсе дейміз. Әйтпесе, әр бөлімнің  ұйымдастырған шараларын құр цифрмен тізбектеп, іс жүзінде балаларға пайдалы шаруа атқарылмаса, бос әурешілік.

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале