Балалар мен жасөспірімдердің өсіп-жетілуі дұрыс тамақтану мен азық-түліктің балансын сақтауды талап етеді. Дұрыс қоректену балаларда түрлі аурудың пайда болуына жол бермейді. Сонымен қатар олардың өмір бойы дұрыс тамақтану дағдыларын қалыптастырады.
Айту керек, қазіргі таңда өткір тұрған аталмыш мәселе оқу-ағарту министрлігінің аумақтық департаменттерімен өткен кеңесінде де талқыланды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл 1 қыркүйектен бастап 7 мыңнан астам мектепте, оның ішінде 591 білім ошағында баламалы асхана: кейтеринг және буфеттік тамақтану әдістерімен 1-4 сыныптарда оқитын 1,6 миллион оқушыға тегін тамақ беріледі. Министрлікке қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бүгінде білім беру ұйымдарында оқушылардың тамақтану нормаларын қайта қарады. Өңірде өндірілетін отандық өнімдерді пайдалана отырып, ас мәзірін әзірлеу нормасы енгізілді. Мектептерде тамақтану мәдениетін қалыптастыруға басты назар аударылады. Атап айтқанда, санитарлық талаптар мен гигиенаны сақтау, дастарханды безендіру, дұрыс тамақтануды насихаттау жұмысы жүйелі жүргізіледі. Сондай-ақ оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздің барлық білім беру ұйымында балаларды сапалы тамақтандыру жұмысын күшейту қажеттігін де атап өткен болатын.
Ендеше, балаларды сапалы тамақтандыру мәселесі ауданда қалай шешім табуда екенін саралап көрсек.
ҚР 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына сай 2023-2024 оқу жылында Бәйтерек ауданында 46 мектептің 42-сі ыстық тамақпен, ал төртеуі (Чинарев, Жаңатаң, Павлов, Қаражар бастауыш мектептері) буфеттік тағаммен, барлығы 4 364 оқушы (47% , оның ішінде 1-4 сынып оқушылары 4151 және 5-11 сынып білім алушыларының жекелеген санаттары бойынша 213 оқушы) 100% ыстық тамақпен қамтылып отыр.
Биыл төрт буфеттік ауқаттануды ыстық тамақтану ретінде ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ мектептерде тамақ күнделікті мектеп директорының бекіткен ас мәзірі бойынша беріледі. Ыстық тамақтың 1 балаға есептелген 1 күндік орташа құны 1-4 сыныптықтарға – 575 теңге, 5-11 сыныптарға – 638 теңге. Мектептерде ыстық тамақ жалға алушылар есебінен ұйымдастырылады.
- Мектеп асханаларының материалдық базасын нығайту үшін жыл сайын асханаға қажетті құрал-жабдықтар сатып алынады. Сонымен қатар Жамбыл, Б.Момышұлы атындағы мектеп және Жалын мектебі жаңа ғимараттарға көшсе, Зеленов, Егіндібұлақ, Т.Бигельдинов атындағы мектеп, Чувашка және Рубежка мектебі күрделі жөндеуден кейін асханаларының материалдық базасы жаңартылды. Жыл аяғына дейін Жайық, Пригород және Өркен орта мектептерін жаңа салынған ғимаратқа көшіру жоспарланып отыр, - дейді аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Сәуле Мұқанова.
Жалпы өңірдегі мектеп асханаларының гигиеналық-санитарлық мәселесін, балдырғандардың күнделікті тұтынатын тамақ нормасын, құнарлылыған анықтау мақсатында бірнеше ауылдық округтегі білім ұяларымен тілдесіп көрдік.
Аудан орталығында орналасқан Қ.Аманжолов атындағы мектепте 361 бала білім алады.
Аталған мектеп директоры Ақзила Дакешова балалардың дұрыс тамақтануы әрдайым басты назарда екенін айтады. Мұнда білім алып жүрген балалар екі ауысымда мектеп асханасынан тамақтанатын болса, оқушыларға берілетін ыстық тамақ еліміздің Білім және ғылым министрлігінің бекіткен талабына сай дейді.
Санитарлық ережелерге сәйкес, 100 орындыққа арналған мектеп асханасында тағамдарды дайындайтын, шикізатты сақтайтын бөлек қоймалар қарастырылған. Биылғы оқу жылында бастауыш сынып оқушылары түгелдей, яғни 142 бала және 5-11 сыныптағы жекелеген санаттағы 8 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
Қалған оқушылар ата-анасының есебінен буфеттік немесе ыстық ақылы тағамды сатып ала алады. Асханада фастфуд өнімдері сатылмайды.
Биылғы оқу жылында тағам сапасы мен қауіпсіздігін тексеретін комиссия мүшелері және ата-аналардың шешімімен шұжық қосылған нан өнімі (сосиска в тесте) ас мәзірінен алынып тасталған. Күнделікті ас мәзіріне мектептердегі оқушыларды ыстық тамақпен қамту кезіндегі қауіпсіздікті және тағамдардың сапасын тексеру мақсатында құрылған арнайы комиссия әр айдың 20-сы, ал мектеп медбикесі күн сайын мониторинг жүргізеді. Мектеп медбикесі Жанат Инирбаева таңертең және түскі уақытта дайындалған тағам балаларға ұсынылмастан 15 минут бұрын дәмі мен құнарлылығын тексеріп, толық дайындалғанына көз жеткізіп, соған сай күнделікті бракераждық журнал жүргізіп отыратынын жеткізді. Сөзіне сүйенсек, осы уақытқа дейін балалар арасында тамақтан улану дерегі тіркелмеген.
Оқушылардың да мектеп асханасындағы тағамдарға көңілі толады. «Әсіресе буфетте сатылатын бәліш, ішіне ірімшік салып пісірілген нан (ватрушка), үшбұрышты нан (треугольник) секілді тағамдардың дәмі тіл үйіреді. Олардың қатарын пицца мен бургер толықтырса ғой. Бірақ оған рұқсат етілмейді» дейді балалар.
Ал биыл жаңа ғимаратқа көшкен Жалын негізгі мектебінде 46 оқушы оқиды. Заманауи үлгіде жасақталған мектептің асханасы 35 орындыққа шақталған. Тегін тамақпен бастауыш сыныптың 27 оқушысы және әлеуметтік жағдайы әлсіз, аз қамтылған отбасынан шыққан 4 оқушы ауқаттанады. Асханада екі қызметкер, аспазшы мен көмекшісі жұмыс істейді. Тамақ ішетін ыдыс-аяқ жеткілікті, шеті сынған ыдыстар мен құрал-жабдықтар уақытында жаңартылады. Күнделікті ас мәзірі ілініп тұрады. Ас мәзірі оқушылардың денсаулығын нығайту мақсатында дәрумендерге бай көкөністерден әзірленеді.Тамақтану кезінде оқушылардың өзара қарым-қатынасын жақсартуға баса назар аударылады. Тамақтың дәмі мен температурасына да ерекше мән беріледі. Асханада мұғалімдердің көмегімен кезекшілік құрылып, мектеп директорымен бекітілген. Аптасына бір рет асхана жұмысын қадағалауға ата-аналар комитетінің төрағасы Асылғаным Кенжеғалиева арнайы келеді. Оның сөзінше күнделікті тамақты мәзір бойынша, құнарлы өнімдермен уақтылы дайындап отырады. Жаңадан өнім келгенде кезекші құрамға хабарланады. Жарамдылық мерзімі тексеріліп, сапасы сыннан өткен соң ғана тұтынуға ұсынылады.
- Жаңа мектеп болған соң асханамыздың жабдықтары су жаңа күйінде. Іші жарық әрі кең. Асхананың санитарлық-гигиеналық жағдайы жақсы. Ауқаттанып болған соң балалар қолын жуып, арнайы кептіргіш құрылғылармен кептіреді. Тамақтың бағасы өзге мектептермен бірдей. Орташа есеппен тамақтануға бір бала күніне 200 теңге жұмсайды. Оның 150 теңгесіне самса, 50 теңгесіне компот алып ішеді. Менің үш қызым бар, күн сайын 600 теңге, аптасына 3000 теңгені балаларымның мектепте ішетін тамағына бөлемін, - дейді ата-ана Асылғаным Наурызғалиқызы.
Бейбітшілік ауылындағы Қ.Ахмиров атындағы мектептің балалары да күніне екі мезгіл тамақтанады. Мектеп директоры Айгүл Құлтасбаеваның айтуынша, мұнда 124 оқушы білім алады. Олардың дені бірінші ауысымда оқиды. Асхана 60 орындық. Жергілікті бюджеттен ыстық тамақтың 1 балаға есептелген 1 күндік орташа құны – 180 теңге. Мектеп асханасының санитарлық-гигиеналық жағдайы күнделікті қадағаланып, тағамдарды дайындау технологиясына, өнімдердің сақтау мерзіміне, мектеп асханасының талапқа сай жұмыс жүргізілуіне байланысты жалға алушыға барлық мән-жай ескертілген.
Айта кетейік, Қ.Ахмиров пен Жалын мектебінің асханаларын «Токарь» жеке кәсіпкері, ал Қ.Аманжолов атындағы мектептің асханасын «Дуйсенгалиева Н.А.» жалға алып отыр.
Мекемеге ас-су жеткізуші кәсіпкерлер бюджет есебінен бөлінген қаражат шығынды жабуға жеткенімен, қазіргі таңда азық-түлік бағасының шарықтап бара жатқанын айтып, күніне бір оқушыға шақталған бір реттік тамақтану құны көтерілсе» деген уәждерін жеткізді.
Аптаның бес күнінде 6 сағатқа жуық уақытын мектепте өткізетін, одан қалса қосымша сабақ пен үйірмеден қолы босамайтын оқушылар мектеп қабырғасында уақтылы тамақтанып, сапалы білім алуы керек. Салауатты өмір салтын қатаң сақтанғанда ғана дені сау әрі санасы ашық, сауатты ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Нұрсәуле Әбілпейсова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz