Бүгін Шыңғырлау ауданының орталық саябағында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бақытты бала» атты мерекелік концерт өтті. Салтанатты шараны ашқан аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова жеткіншектерге бақытты балалық шақ пен кемел келешек тіледі.
Концерттік бағдарламада аудандық бөбекжай тәрбиеленушілері «Біз бақытты баламыз» әнін шырқап, «Болашақ» бөбекжайының бүлдіршіндері «Гүлдер», «Флешмоб» билерімен көпшіліктің ықыласына бөленді.
Сондай-ақ балалар өздерінің сүйіп көретін мультфильм кейіпкерлерінің сахналық көріністерін қызықтап, сұрақтарға жауап беріп мәре-сәре болды.
Шара соңында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері балаларға жаз мезгілінде суға түсу және өрт қауіпсіздігін сақтау туралы түсіндіріп, парақшалар таратты.
«Жердегі бір бала күлсе, аспандағы періштелер қуанады» дейді үлкендер. Тәтті жеп, әткеншек тепкен сәбилердің сыңғыр күлкісі саябақ ішін әдемі әсерге бөлеп тұрды.
Б.Баймағамбетова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz