Елімізде соңғы жылдары отбасылық зорлық-зомбылықтың күрт өсуі, сонымен қатар балалар құқықтарының тапталуы сынды әртүрлі деңгейдегі өрескел заң бұзушылықтардың орын алып жатқаны жасырын емес. Осындай келеңсіздік пен адам өміріне көлеңке салар сәттер жайында аудандық соттың төрағасы А.Дүйсенғалиевке бір-екі сауал қойған едік.
– Асланбек Шәріпұлы, жалпы, отбасын шағын мемлекет деп жатамыз. Әр жанұяда басты құндылық, бұл – бала. Сонымен бірге әр үйдің жылуын сақтап тұратын аналардың өз шаңырақтарында қиянат, зорлық көріп жүргендері қаншама? Осы мәселе жайында ой тарқатсаңыз?
– Әрине, тұрмыстық қатынастар аясында ең көп кездесетіні – зорлық-зомбылық. Яғни ол некеде немесе бірге тұратын бір адамның басқа бір адамға үй ішінде жасаған қиянаты, жәбір көрсетуі. Мұндай жағдайдың қауіптілігі сол, ол жәбірленушіге тек физикалық ауырсыну, дене жарақаты немесе денсаулыққа зиян келтірумен ғана шектелмей, ақыр соңы өлімге әкеп соқтырып жатқанын айта кеткен ләзім.
Бір айта кетерлігі, мұндай кезде жәбірленуші үнемі қорқынышпен өмір сүреді. Өзін-өзі бағалауы төмендеп, қорғану қабілеті жоғалады. Қашан да жасқаншақтап, кісі көзінен жасырынып, үреймен өмір сүреді. Үмітсіздікке ұрынып, депрессияға шалдығады. Бірақ олар қайратын жинап, қиындықтан шығар жол таба алмайды. Осы күйге түскен тұрмыстық зорлық құрбандары өз өмірлеріне мән бермейтін адамға айналады. Қоршаған ортада болып жатқан жағдайлар оларды селк еткізе алмайды. Бұл өзгерістер болашақта оларды әлсіздерге қиянат жасауға итермелеуі әбден мүмкін.
Бұл жағдай, әсіресе кәмелетке толмаған құқық бұзушылардың іс-әрекетінен байқалып жатады. Балалардың көз алдында орын алған тұрмыстық «қақтығыс» оларға моральдық зиян келтіріп қана қоймай, үйлесімді дамуына кеселдік келтіреді. Анасына жасалған қиянатты көрген балалар тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа еттері үйреніп, кейін өздері де болашақта зорлаушыларға айналуы әбден мүмкін. Жалпы, жанұядағы әлімжеттікті көп көретіндер – әйелдер екені дәлелденген. Бір айта кетерлігі, Қазақстан Респуликасы Президентінің 15.03.2020 жылғы №285 Жарлығына сәйкес 2020 жылдың 16 наурызынан азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында карантин режимі жарияланғаны белгілі. Адамдардың үйден шығуы шектелген кезде зорлық-зомбылық негізіндегі әкімшілік құқық бұзушылық фактісі едәуір көбейіп кетті.
Атап айтсақ, Тасқала аудандық сотына осы жылдың 16 наурызынан бастап 11 мамырына дейін 46 әкімшілік құқықбұзушылық іс түсті. Соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен 18 құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс аяқталды. Бұл 39 пайызды көрсетеді. 7 құқық бұзушы 3-10 тәулікке дейін қамаққа алынды. Медиация тәртібімен татуласуына байланысты 8 іс тоқтатылды. 3 құқық бұзушыға әкімшілік жаза ретінде ескерту берілді.
Бір қынжылыс тудырар факт: тұрмыстағы зорлық-зомбылық көбіне құрбанның шын мәнінде олар үшін қорған, тірек болар адамдары тарапынан орын алып жатады. Өкінішті, әрине. Адамдар өздерінің ең жақын адамдарынан еш жамандық күтпейді. Сондықтан да оқиғаны сараламай, әбден ушықтырып барып қана заң өкілдеріне жүгініп жататыны шындық. ҚР Конституциясының 17-бабында «адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Ешкім де азаптап, қатыгездік көрсетіп, адамның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынасқа ұшырамауы тиіс» деп көрсетілген.
– Бала – болашақ. Әр әулетте жас өскіндердің тәрбиесіне ата-ана ғана емес, қоршаған орта да жауапты. Кейде олардың құқығы аяққа тапталып жататын фактілер орын алуда. Осы орайда кәмелетке толмаған балалардың тәрбиесі жайында не айтар едіңіз? Балаларға қатысты міндеттерді орындамаған ата-аналарға қандай жауапкершілік жүктеледі?
– Баланың толық және үйлесімді тәрбиеленуі мен дамуында отбасы маңызды орта болып табылады. Ата-аналар балаларды тәрбиелеу, дамыту, күтіп-бағуға міндетті. Олар өз сәбилерін кез келген физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтан, қатыгез қарым-қатынастан қорғауға тиіс. Өкінішке қарай, отбасы жағымды да, теріс фактор ретінде де маңызға ие. Көптеген ата-аналар балаларына қандай жауапкершілік жүктейтінін түсінбейді. Кәмелетке толмаған балалардың заңды өкілдерінсіз сағат 23.00-ден таңғы сағат 06.00-ге дейін көшеде жүруіне мүмкіндік беріп, әкімшілік заңнаманың негізгі ережелерін аяқасты етіп жататын жайттар аз кездеспейді. Таяуда аудандық сот кәмелетке толмаған баланың ата-анасына қатысты әкімшілік іс қарады. Мұнда құқық бұзушы кәмелетке толмаған бала. Ол анасы бола тұра, бір жылдың ішінде тұрғынжайдан тыс жерде заңды өкілін ертіп жүрмегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот құқық бұзушыны кінәлі деп танып, жаза ретінде оған 12.990 теңге көлемінде айыппұл салды. Сонымен бірге балаларға білім берудегі жауапсыздық, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау міндеттерін бұзғандарға қатысты заң бұзушылық орын алғанын айта кеткен жөн. Аудандық сот тағы бір ата-анаға жаза ретінде 18 557 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салды. Мұнда үнемі күтімді қажет ететін, кәмелетке толмаған І топтағы мүгедек баланы анасы жалғыз қалдырып, өзі қонаққа кетіп қалған. Сот ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігімен оны кінәлі деп танып, айыппұл түріндегі әкімшілік жазаға тартты. Бұл орайда ата-аналар кәмелетке толмаған балаларының өміріне жауапты екенін ескерсе дейміз. Әрі бала тәрбиесімен айналысуға міндетті екендерін естен шығармағандары абзал.
– ҚР-ның Президенті Қ.Тоқаев сот жүйесін жетілдіру жұмыстарына байланысты халықтың сот билігіне деген сенімдерін арттыруға бағытталған шаралардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуде. Осы орайда не айтар едіңіз?
– Әрине, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында құзырлы орындарға, соның ішінде Сот жүйесіне бірқатар тапсырма бергені мәлім. Қысқаша айтқанда, сот жүйесіндегі реформаларды әрі қарай жалғастыру, сот актілерінің сапасын арттыру және өзге де тақырыптар төңірегіндегі мәселелер күн тәртібінде. Қазіргі таңда тапсырма бойынша зорлық, соның ішінде педофилия, есірткі заттарымен заңсыз айналысу, әйел адамға қарсы зорлық-зомбылық сынды ауыр қылмыс түрлеріне қатысты заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жауаптылық күшейтілді.
– Жоғарыда айтып өткеніміздей, жанұяда орын алған келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында аудандық сотта қандай жұмыстар қолға алынды?
– Қазіргі уақытта жұмыс тобымен әкімшілік жауапкершілікке, соның ішінде отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы жиі әкімшілік құқықбұзушылық жасайтындардың тізімі жасалып, жәбірленушілердің, отбасылық психологтардың қатысуымен кеңес өткізілді. Нәтижесінде екі жәбірленуші балаларын алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы арыз жазуға ниет білдірді. Қазіргі уақытта Тасқала аудандық ауруханасында осы екі арыз бойынша емдеу- профилактикалық мекемесіне мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы мәселе қаралу үстінде. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, құзырлы орын қызметкерлерімен бірлескен жұмыстың нәтижесі болар деп үміттенеміз.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұқбаттасқан Тұрсын Тек