Бәйтерек ауданы орталығының дәл іргесіндегі Зеленов ауылында балалар алаңы ашылды. Аумағы 20х20 шаршы метр болатын алаң ішінде 3 кешен бар. 29 тамызда басталған нысан құрылысы уақытынан бұрын аяқталды.
Ауылдық округ әкімі Ізғали Дәулетовтың айтуынша, мұндай алаң ауылдың орталық тұсында бұдан бұрын ашылған еді. Ал ауыл шетінде, ел-жұрт арасында «Вокзал жақ» деген атау алған осы маңда балалар алаңы керектігі жөнінде бұрыннан айтылып келе жатқан. Енді ол мәселе де шешімін тапты. «Алаң салынып жатқанда ауылдық қоғамдық кеңес мүшелері құрылыс барысын өз бақылауына алды,- дейді Ізғали Сапарғалиұлы. - Соның нәтижесінде ақтөбелік мердігер компания жұмысты сапалы жүргізді. Алаң көпшіліктің көңілінен шығуда.
- Мұндағы тұрғындар бұл мәселені өткен жылдары аудан әкімінің есептік кездесуінде көтерген болатын. Аудан басшысы «2022 жылы саламыз» деген еді. Әкім уәдесінде тұрды. Соған ел-жұрт болып қуанып жатқан жайымыз бар,- деп атап өтті ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы Зейнолла Тасмұқамбетов.
Жаңадан ашылған алаңның маңында тұратын ауылдың ақсақалы Амангелді Мыңбаевтың сөзіне қарағанда, осы жақ бөлікте 400-дей адам тұрады, яғни ауыл тұрғындарының төрттен бірі. Мұнда бала да аз емес. Түйіткілдер біртіндеп шешімін тауып жатқанына тұрғындар қуанышты. Енді қиындық тудырып тұрғаны – ауылішілік жол. Әсіресе осы маңдағы үлкен көшенің бірі Заречныйдың жолын жөнге келтірсе нұр үстіне нұр болар еді.
- Осыған дейін балалар бұрыш-бұрышта ойнайтын. Енді осындай әдемі алаң ашылғанына баламен бірге ата-аналар да қуанып жатырмыз. Енді перзенттеріміз таза жерде ойнап, спортпен шұғылданатын болады. Салауатты өмір салтын бала кезден бастап бойына сіңірген жеткіншектер дені сау, ойы сергек азамат болары анық. Ал мұндай жандар - қоғамның байлығы. Балалар жылы аясында бізге осындай қуаныш сыйлаған жергілікті атқарушы билік өкілдеріне, бұл игі іске үлесін қосқан азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз,- деді еңбек ардагері Балжан Қожабаева.
Жаңбырдың жауғанын нұрға, жақсылыққа балаған аға буын өкілдері жаңа алаңның ашылу құрметіне шашу шашып, бата берді.
Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz