22.01.2024, 10:00
Оқылды: 81

«Балаларым үшін алаңдаймын»

Қаңтар айының 17-сінде басталған Жаңақала аудандық мәслихат депутаттарының ауыл халқына есеп беру жиыны жалғасты. Жаңақала ауылының №127 Гагарин сайлау округінің депутаты Жасұлан Жақсымбетовтің есептік жиынына өкінішке орай ерлі-зайыпты бір ғана жанұя қатысты.

IMG_0648

Жасұлан Мұстажапұлы Қызылоба ауылында бір, аталмыш округке қарасты Жангелді елді мекенінде екі тұрғын үйге жеңіл бағамен көгілдір отын жүргізіп бергендігін, сайлау округіне жататын Қисық Қамыс көшесі тұрғындарының сұранысы бойынша биыл көл суын жүргізетіндігін, тозығы жеткен электр бағаналарының жаңартылуына қомақты көлемде қаржы бөлінуіне атсалысқандығын айтты. Сондай-ақ сайлауалды бағдарламасында көтерген мәселелерді шешуде жұмыстанып жатқандығын тілге тиек етіп, жиынға қатысқан жанұяны жеке қабылдады.

IMG_0653

- Мені толғандырып жүрген үй мәселесі. Өзім ақылы қоғамдық жұмыс жасаймын. Жолдасым ІІ топ мүгедегі, жұмыссыз. Үш баламыз бар. Тапқанымыз тамақ пен жолдасымның дәрі-дәрмегінен арылмайды. Біраз жыл апаттық жағдайдағы үйде тұрып келдік. Осыдан 2-3 жыл бұрын аудан басшылығы бір кездері комхоз кеңсесі болған тұрғын үйдің бір бөлмесін алып берді. Бесеумізге аядай бір бөлме тарлық етеді. Сонымен қатар ішімдікке үйір көршімнің үйіне маскүнемдер жиі жиналып, мазамызды алады. Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қалдық. Ішкен адамның есі кіресілі-шығасылы болады. Балаларым үшін алаңдаймын. Бір шара қолдансаңыздар. Кеше аудандық мәслихат төрағасы Қамбар Қаменовтың есеп беру жиналысында да осы мәселені көтерген болатынмын. Шешімін табуға уәдесін берді. Сізден де осыны сұраймын, - деді ауыл тұрғыны Тұрсын Мұратова.

Ауыл тұрғынының шағымын тыңдаған мәслихат депутаты жуық арада байланысуға сөз берді.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале