6.08.2021, 22:51
Оқылды: 1928

Баланың есімі – өмірлік серігі

Балаға ат қою – игі дәстүр. Сондай-ақ өмірде бір-ақ рет болатын рәсім. Қазақ халқы ежелден бұл рәсімге аса құрметпен және сақтықпен қараған. Ат қояр алдында он ойланып, тоқсан толғанып, ұйқыда болғанда тіпті аянмен балаға есім берген. Бала дүниеге келгенде әр саналы отбасы оған жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысатыны хақ. Бұл рәсімде халқымыздың даналығы бірінші орында болған. Балаға арнаған есімге оның тағдырын, келешегін, болашағын, тіпті мінезін де болжаммен қойған және сондай наным-сенім бар. Яғни, есімнің тағдырға тигізер ықпалы зор. Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыз «Балаға ат қоюда мұқият болыңдар, көркем есім беріңдер» деген. Сол себепті де бабаларымыз ұрпағын ұлылардың жолына салу үшін, оларға киелі кітаптарға қарап Пайғамбарлар есімін, тарихқа қарап батыр, жырау, ақындардың есімдерін берген. Ертеде данагөй ата-әжелеріміздің ақ батасымен берілетін есім еш қарсылықсыз құпталған. Ал қазір ше? Қазір ол заңдылық артта қалған секілді. Олай дейтініміз, ат қою рәсімі заманауи әкесі мен анасына өткен. «Қазір заман басқаша» дей отырып, ежелден келе жатқан дәстүріміз – балаға ат қою мәселесінде де заманауи болуға өзгеріп бара жатқандаймыз.

37B8221A-A75D-4D5D-85AF-28FDC6A24A0C

Имам не дейді?

«Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып калғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да, қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова тәтейше айтқанда, «Бұлар – жоғары идеялы есімдер». Мұндайлар өз атын кәдімгідей мақтаныш көріп, біреумен таныса қалса, мәнерлеп көтеріңкі дауыспен айтады. Ал енді айтуға да, естуге де қолайсыз есімдер бар. Өзге түгіл өзіңе де ұнамайды-ақ. Әттең қолдан келсе табанда өзгертіп, әдемі аттардың бірін иемденіп алар едің». «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожабергеннің осы монологы естеріңізде болар? Қожа секілді өз есіміне қанағаттанбаса да, амалсыздан «мойнына іліп» жүргендер де баршылық. Бүгінде азан шақырып қойған есімін ауыстыру сәнге айналды. Әрине, балаға кезінде дұрыс есім бермесе, Қожа сынды балалар өз есімінен ұялып, ыңғайсыздық туындатса, есімін ауыстыру дұрыс та шығар деп ойлаймыз. Алайда, қазіргі қазақи әдемі есімдерді өзгерту – құр әурешілік-ау. Осы тақырып төңірегінде аудандық мешіттің бас имамы Жомарт Лұқпановқа хабарласып, пікірін сұрағанбыз.

- Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыздың хадисінінен бастайық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Әкенің бала алдында үш міндеті бар»-деген. Біріншісі – өзі жоқ кезде балаға жақсы тәрбие беретіндей жақсы ана таңдау, яғни жақсы жар таңдау. Екінші міндеті – жақсы есім қою, мағынасыз есімдерден және Алланың қаһарына ұшырататын есімдеден аулақ болу. Алланың алдындағы жақсы аттардың бірі – Абдулла, Адбрахман деген есімдер. Немесе, біздің қазақи есімдерді қою. Ал баланың алдындағы әкенің үшінші міндеті – баласына ислами тұрғыда тәрбие беру. Данагөй халқымыз «Әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» дейді. Сол сияқты, әке баланың алдында осы міндеттерді дұрыс, адал атқару керек. Осының ішіндегі балаға есім қою туралы тоқталып өтсем. Жоғарыда айтып өткенімдей, Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыз өзінің хадисінде балаға қойылатын жақсы есімдердің бірі – «Абд...»-дан басталатын есімдер деген. Сонымен қатар шариғат шеңберінен шықпаған қазақи есімдер де қаншама?! Мысалы, Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр сынды есімдерді қоятын болса, сәби ер жеткен кезде елін, жерін қорғаған батыр болуға тырысып өсетіні белгілі. Себебі, бала өзінің есімімен үнемі бой түзеп жүреді. Оның атын атаған сайын ерік-жігерін күшейтіп, намысын оятып, оң әсер ететіні анық. Ұстазымыз айтатын-ды: балаға есім қойған кезде, мысалы, Алланың атымен аталған есімдерді (Абдулла, Абдрахман, Абдулазиз, Абдулхаким, Абдулкарим) алатын болсақ, бала жаман әдеттерден, күнәлі істерден аулақ болуына да себепші болады деген. Себебі, ол есімді алып жүрген бала атына кір келтірмеуге, жаман жағынан аталмауына, жақсы жағынан естілуі үшін үнемі амал етіп жүретін болады. Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыз «Қандай да бір сәби дүниеге келіп, оның оң құлағына азан шақырылып, сол құлағына қамат айтылып есімі қойылатын болса, ол бала шәйтанның азғыруынан, оның тигізетін зиянынан аулақ болады» деген. Сондықтан да балаға есім қойған кезде Алланың есімдерімен қойған дұрыс-ақ. 

Қазіргі уақытта заманның дамығаны ма, есімдердің де ешқандай мағына бермейтін, кинодан көретін, еліктеген есімдерді қойып жатқаны қынжылтады. Көптеген отбасының шет елдіктерге, шет елдің әнші, әртәістеріне еліктеп, қазақи, ислами тұрғыдан да сай келмейтін мағынасы жоқ есімдерді қоюы белең алып барады. Сол себепті жаңа туған сәбиге жақсы есім қою – ата-ананың ең үлкен міндеттерінің бірі,-дейді ол.

Қазіргінің «бренд» есімдер қандай?

Жалпы кісі аттары әртүрлі жағдайда қойылады. Оны тергеп, үңіле берсеңіз ұшы-қиыры жоқ әңгіме болары белгілі. Десек те, ат қою туралы ой тарқатуды жөн көрдік. Себебі, балаға дұрыс есім беру және оны алып жүру үлкен жауапкершілік.

Сонымен, әріге бармай, ауданымызда қандай есімдер жиі қойылып жүргенін білдік. АХАТ бөлімінің мәліметіне сүйенсек, соңғы кезде аудан көлемінде ұл балаға Адбрахман, Омар, Амир, қыз балаға Медина, Райана (Раяна), Мариям сынды есімдер жиі қойылған екен. Бұлардың ішінде Амир есімі, дұрысында Әмір болуы керек емес пе? Онда не себепті қазақ тілінен алынған Әмір – «әмірін жүргізді, билік етті» деген сөз бұрмаланып кеткен? Бұған қоса, Райана есімін айталық. Райан есімінің мәні – жәннат қақпасы, Пайғамбар (с.ғ.с.) мүбәрак сөздеріне қатысты. Олай болса, Райан емес, неге Райана? «А» сөзі қайдан және не үшін қосылды? Мүмкін, Жанар дегенді «Жанара», Айжанды «Айжана» дегеннен шығар?! Сондай-ақ қазақта Асылжан, Бақыт, Жанат, Жұлдыз, Баян сынды ер балаға да, қыз балаға да ортақ есімдер бар. Дегенмен, ажырату үшін «а» әріпі ешуақытта қойылмайды.

Сонымен қатар қазіргі таңда қазақтарда ең көп қолданылатын есімдерді де іздеп көрдік. Негізінен, қазақ жұртында өзге халықтардан сіңген есімдер өте көп. Айтылуы да, естілуі де әдемі, өзге тілде жақсы мағына беретін есімдерді қою соңғы жылдары кең танымал. Әсіресе, қазақтарда ежелгі түркі, араб, иран есімдері көп. Мысалы, ежелгі түркі есімдерінен: Едіге («жақсы»), Ораз («байлық, сәттілік»), Манас («Сұмдық алып»), Бөкей («батыр, мықты»). Ал Араб есімдерінен: Абылай («ата, әке»), Аида («сыйақы, пайдалы»), Әсел («бал»), Әмина («сенімді»), Асхат («бақытты, сәтті»), Ғазиза («сүйікті, қымбатты»), Ғани («бай»), Данияр («жақын, таныс»), Динара («күміс ақша»), Жамал («әдемі, тартымды»), Қадір («құрметті»), Қайрат («күшті, қуатты»), Мәлік («патша»), Мұхит («мұхит, қоршаған орта»), Мұхтар («ерекше, таңдамалы»), Рәзия («сүйікті, тартымды»), Сәбит («нық, сенімді»), Иран есімдерінен: Айдана («ақылды, дана»), Айнагүл («таза, мөлдір»), Ахан («темір»), Бақтияр («бақытты, қалаулы»), Бибігүл («Гүл шашқан ханым»), Дана («данышпан, ақылды»), Жәния («нәзік жанды»), Раушан («көрнекті, ашық-жарқын»), Рүстем («батыр, ержүрек») аттары қазақтар арасында кең таралған.

Мысалы, менің есімім иран тілінен алынған. Мағынасы «жан біткеннің көріктісі, нұрлысы» дегенді білдіреді. Осы мақаланы жазу барысында өз есімімнің мағынасын біліп алдым. Құрметті оқырман, ал сіз өз есіміңіздің мағынасын білесіз бе?

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале