14.09.2021, 11:50
Оқылды: 39

Балапан баққан озады

Елімізде кәсіпкерлік саласын дамытып, өркендету мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Кәсіпкерлер мен жаңадан кәсіп бастаймын деушілерге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер мен арнайы бағдарламалар да бар. Бұл шаралар тұрақты жұмыс орындарын құруға және жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлердің санын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді деген сөз. Солардың ішінде ең оңтайлысы – «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған  бағдарламасы» дер едік. 

2fe9d576-ea0b-4acb-bca7-afefd5b11e6f

Жұмыссыздық деңгейін төмендету, ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашуына жәрдемдесу – бағадарламаның басты мақсаты. Бағдарламаның «Еңбек» жобасы жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беру арқылы ауыл адамдарының өз ісін дамытуына жағдай туғызуда. Айталық, жобаға қатысушы адам басына биыл 583 мың теңге қаражат бөлінген.

Мәселен, мемлекеттік бағдарламаға қатысушы ауыл тұрғыны құс шаруашылығымен айналысуға бизнес-жоба дайындап, грант иеленеді.  Өзіне берілген қайтарымсыз несиеге балапандарды сатып алып, жаздай  күтіп-баптайды. Күзде оны етке өткізіп, түскен қаржыға өз шаруашылығын одан әрі дамыта алады. Халық та сапалы әрі табиғи өніммен қамтылады.

Былтыр «Еңбекпен» балапан алғандар бағдарламаның игілігін көргені рас. Сондықтан да шығар, биыл құс өсіруге құлшынғандар саны едәуір артқан.

Теректі аудандық жұмыспен қамту орталығы берген мәлімет бойынша, биыл  87 адам  құс шаруашылығымен айналысуға бел буған көрінеді. Сөйтіп,олардың бизнес-жобаларын іске  асыруға 50 755 800 млн. теңге  берілді. Бұл қаржыға 20100 бройлер балапандар алынды. Содан небәрі 1289 балапан ғана табиғи шығынға кетті. Қазір төрт мың жарымдай тауық ұшасы саттыққа шығарылған көрінеді.

«Балапанды күзде санайды» демекші, жаздай балапан баққан  ағайын енді еңбегінің жемісін татар кезге жетті.

«Бәрі өз берекесімен келеді»

Покатилов ауылының тұрғыны Руслан Жалелов:

- Былтыр мамыр айында ауылдағы әкімшілік тегін балапан берді. Ауылдағы көп балалы отбасы ретінде 94 балапан алдық. Әу баста өзім қаз баққаным бар еді. Сондықтан да болар балапан өсіру таңсық емес. Жем-суын беріп, өсіріп, кейін тауық етін саттым. Бұл балапандардан зиян көрмедік, өзіміз де етін жеп, саттыққа да шығардық. Содан, құс шаруашылығын қолға алып, кәсіп бастауды ұйғардым.

бакытгул

«Алма піс, аузыма түс» деп қол қусырып, үкіметтен көмек сұраған дұрыс емес. Бес баланың әкесімін. Бала-шаға нәпақасын өзім айыруым керек. Құс өсірумен айналысамын деген соң, дайындалдым. Кәсіпкерлік бастауға оқыдым. «Еңбек» бойынша грант алуға қатыстым. Жолым болып, грантқа іліктім. Сол қаржыға үшке бөліп, үш жүздей бройлер тұқымды балапан алдым. Алғашқы лекте алған балапандарды сатып бітірдім. Екінші лекпен келген балапандарды сатып жатырмын. Үшіншісін  дайындап отырмын.

Тауық етіне сұраныс бар. Аптасына бір мәрте ауылдағы дүкенге өткіземін. Еттің келісі 1500 теңгеден, салмағы 2,5-3 келі тартады. Қала берсе, тауық ұшасын ешкі-лаққа айырбастаймын. Сөйтіп, қорама мал жинап алсам ба деп жүрмін. Бәрі өз берекесімен келіп, керек жеріне жұмсалып жатыр. «Қой баққанға бітеді» демей ме, құстан да пайда түсіруге болады. Бастысы, үкімет мүмкіндік беріп тұрғанда тартынбай, іске кірісу керек.

Балапанға бап керек

Ақсоғымдық  Бақтыгүл Темірғалиева:

- Мал бағып өске ауылдың адамымын. Қой-сиырды көз ашқаннан көріп келеміз ғой. Малы бар адам көштен қалмасын білемін. Ал құс бағып, қарқ болуды бұған дейін ойламаған екенмін. Былтыр талай теректілік бройлер балапан алып, жағдайын түзепті дегенді естіп, биыл мен де сол іске кірісуге шешім қабылдадым. Біраз дайындық жасадым. Нәтижесінде, мемлекеттік бағдарлама арқылы грант қаржысын алуға қолым жетті. Бағымы оңтайлы болу үшін екіге бөліп, 300 бройлер балапан алдым. Жем, қажетті дәрі-дәрмегін де сатып алдым. Балапандарым  жақсы өсіп жатыр.

Байқағаным, күтімі жақсы болса, бройлерлер тез өседі. Бастысы, орын-жайы, жем-суы сапалы болуы тиіс. Және, қорада еркін жүріп, күні бойы алдына азық салып отырсаң, ет жинайды. Еті диеталық тағам түріне жатады. Ағзаға сіңімді. Саттыққа шығарған кезде сұраныс болады деп ойлаймын. «Еңбек бәрін жеңбек» демекші, төккен тер, шыққан шығын ақталатыныңа сенемін.

«Бройлер өсіру – тиімді»

Аңқатылық Ерболат Ғабдуллин:

- Біз көпбалалы отбасымыз. Үш ұл, екі қыз өсіріп отырмыз. Ұлымның үлкені  ІІ топ мүгедегі, мен соның күтімімен жүремін. Содан, алысқа ұзап, ауысымдық жұмыстарға кете алмаймын. Дегенмен, балаларды өсіп-жетілдіру әкелік парызым. Ойлана келе, өз ісімді бастауға тәуекел еттім. Бұл орайда біз сияқты жұмыссыз, көп балалы отбасыларға үкімет мүмкіндік туғызып тұр. Арнайы оқып, кәсіпкерлік әліппесімен таныстым. Мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасына қатысып, қайтарымсыз грант иеленгенде отбасымыз болып қуандық.

Мемлекеттік грант есебінен үш бөлікке бөліп үш жүз бройлер балапан алдым. Беретін жем, дәрумендеріне де сол қаржы жетті. Алғашқы алған балапандарым жетілді, саттыққа  дайын тұр. Балаларым да жаздай құс бағып, еңбек етті. Біраз тәжірибе жинап алдық. Жалпы, есептеп отырсам, тез жетіліп, ет жинайтын бройлер тауықтар өсіру тиімді болып тұр. Мамандардың айтуынша, ол 37-40 күнде орташа 3 келіден салмақ жинайды екен. Келісін 1500 теңгеден сатқанда, қанша пайда түсіруге болады!

Ендігі мәселе, осы балапандарды қайда, қалай өткізсе жақсы болады? Қаладан алыс жатқан ауылда құс етін жәрмеңке-базарға жеткізу оңай емес. Осы орайда ауыл  әкімі «құс етін сату амалын табамыз» дегені үлкен қолдау болып тұр.

Күні кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан «Мен бұған дейін көтерме-тарату орталықтарының желісін құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет орындалып жатыр. Осы орталықтардың шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде, жеке қосалқы шаруашылықтарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл нарықтың монополиялануына жол беруге болмайды» деген жолдарды оқып, көңілімді бірледім. Ондай орталықтардың жұмысы шағын тауар өндіруші бізге де, тұтынушы жерлестеріме де тиімді болары сөзсіз.

Арнайы бағдарламалар енгізіп, халыққа кәсіп бастауға көмек берген мемлекетке алғысым шексіз.

Міне, бұл құс өсіруді кәсіпке айналдырған 87 теректіліктің үшеуінің ғана ой-пікірі. «Жақсыны білмекке» дейді. Мемлекеттік бағдарлама арқылы пайдалы кәсіп тауып, ісін бастаған жерлестеріңізді таныстырғыңыз келсе, бізге [email protected] электрондық поштасына хат жазып, хабарласыңыз. Өз ісін ашуға тәуекел ете алмай жүрген жандарға үлгі болар!

 

Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале