16.04.2022, 12:20
Оқылды: 66

Балдырғанды баураған «Балдәурен»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жаңажылдық құттықтауында 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Атаулы жылдың маңызы артып, балаларға жан-жақты көмек көрсетіліп келеді. Оның ішінде балалардың қатысуымен көптеген мәдени іс-шаралар ұйымдастырылғанын атап өтуге болады. Соның бірі – жыл сайын өзіндік сипатын жоғалтпайтын, биылғы жылы ерекше мәнге ие болған «Балдәурен» балалар фестивалі.

59C5799D-B54D-4F70-9C1D-A0FB4380B2D9

«Балдәурен» коронавирус індетінің таралуына байланысты екі жыл қатарынан онлайн форматта ұйымдастырылып, «Балалар жылында» дәстүрлі форматқа қайта ауысты. 14 сәуір күні Казталов ауданы орталығында «Балдәурен» балалар фестивалінің аудандық іріктеу кезеңі өтті. Байқауға аудан бойынша 145 өнерпаз қатысып, талантын әділ-қазылар алқасы мен көрерменге паш етті. Фестиваль «Эстрадалық вокал», «Хореография», «Халықтық музыка», «Домбырамен ән салу және жыр айту», «Поэзия» жанрлары бойынша өтті. Жүзден жүйріктер арнайы ұйымдастырылған гала-концертте марапатталды.

DD99065D-7F92-4750-ABE6-2BB4D12D9F74

С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының балалар және жасөспірімдер бөлімінің ұйымдастыруымен өткен фестивальде қатысушылардың өнеріне «Кешкі әуен» вокалды аспапты ансамблінің көркемдік жетекшісі Б.Сәртөк, Жалпақтал мәдениет үйінің музыка сүйемелдеушісі Е.Аманжолов, Казталов балалар саз мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі Ә.Жұмабаева, Казталов халықтық театрының режиссёры Д.Жұмабаева, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті «Хореография» кафедрасының аға оқытушысы, магистр, халықаралық, республикалық би байқауларының лауреаты, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы «Назерке» би ансамблінің бишісі Т.Амреева әділ бағасын беріп, қазылық етті. Қатысушыларды марапаттау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Берік Рахымғалиев, С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Аңсар Ибраев арнайы қатысты. Зәйлім Исатайқызы балалар жылының маңыздылығын ескеріп, жас өрендердің өнер жолындағы қадамдарына сәттілік тілеп, «Балалар жылын» жалаң ұранмен өткізбеуге шақырды.

0E058CC3-9B14-4D01-A955-1920FB7CDEB2

Фестиваль қорытындысына тоқталар болсақ,«Эстрадалық вокал» жанры бойынша көктеректік Іңкәр Серікқызы мен Шырын Тілеген, Жұлдыз ауылының «Жұлдыз» вокалдық тобы, ақпәтерлік «Қыздар-ай» тобы жүлделі ІІІ орын, жалпақталдық Ернар Ерсайын мен Алихан Рамазан, қараобалық Бекарыс Тасқали мен Ахмет Қуатқали жүлделі ІІ орынды иеленсе, қарасулық Қайсар Өтепов пен Жігер Жасқайратов өзгелерден оза шауып, жүлделі І орынға ие болды. Ал «Халықтық музыка» жанры бойынша жалпақталдық Мақсат Хамзин, Нұрай Нұрлан, ақпәтерлік Ғалымбек Садық жүлделі ІІІ орынмен, жалпақталдық Динара Ғұмар, казталовтық Ақбота Есентаева жүлделі ІІ орынмен, жалпақталдық Томирис Талапова жүлделі І орынмен марапатталды.

D4E4826F-EB66-41DD-B758-159FEB37ED63

Қатысушы саны аз тіркелген «Домбырамен ән салу және жыр айту» номинациясы бойынша ІІІ орын Бостандық ауылынан келген Айару Мұсабекке, ІІ орын жалпақталдық Саят Ерешов пен Аянат Серікке бұйырды. Бас жүлде Жалпақтал ауылының өнерпазы Әмина Едрестің қанжығасына байланды. «Поэзия» жанры бойынша бостандықтық Гүлназым Төлеуғалиева, жаңажолдық Гүлхан Сапарғали, қошанкөлдік Ілияс Қайсағали ІІІ орын, көктеректік Айкөркем Сағындық пен қараөзендік Азат Сатыбалды ІІ орын, Саралжын ауылынан келген Аяназ Жанарбекқызы жүлделі І орынға ие болды. Мың бұралған бишілер өнерін ортаға салған «Хореография» жанры бойынша бас жүлдені казталовтық «Қарлығаш» халықтық би ансамблі иеленсе, ІІ орынға бостандықтық «Сымбат» және ақпәтерлік «Жас толқын» би топтары жайғасып, қошанкөлдік «Айжұлдыз», қарасулық «Толқын», қайыңдылық «Аяла» би топтары ІІІ орынды қанағат тұтты.

BD514A7E-3CE3-46A4-8BB8-694C0441FA5D

Фестиваль жүлдегерлері арнайы дипломдармен, естелік сыйлықтармен марапатталса, қалған қатысушыларға алғысхаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.

0A94615F-6A58-4967-8CD8-FD881427D179

Әділқазылар алқасының шешімімен фестивальдің облыстық кезеңіне Қайсар Өтепов пен Жігер Жасқайратов, Томирис Талапова, Аяназ Жанарбекқызы, Әмина Едрес және «Қарлығаш» халықтық би ансамблі жолдама алды. Облыстық кезеңде бақ сынайтын өнерпаздарымызға сәттілік серік болып, ауданымыздың аты облыс руханиятынан ойып тұрып орын алар деген сенімдеміз.

Асылбек Нәсіпқали

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале