30.07.2020, 18:01
Оқылды: 120

Бәле болған букмекер...

«Теректі жаңалығы» аудандық газеті редакциясына мақала талдап, қала берді өз тілек-өтініштерін айтуға келетін оқырмандар саны көбейіп тұр. Қызу жұмыс күні аяқтала бере аудан орталығының тұрғыны Алуа (тегін жазуға қарсы болды) бас сұқты редакцияға. Оқырманның әңгімесіне құлақ түрсек, мәселенің төркіні әріде жатыр екен.

A5F699AD-073B-45F1-AED8-A5B09112C0CD

Алуаның жолдасы екінші жыл қатарынан құмар ойындарына салынған екен. Жұмыс жасап тапқан ақшасының бір бөлігін жанұясына берсе, бір бөлігін міндетті түрде букмекер орталықтарына «сыйлайды».

- Алғашында 1000 -2000 теңгелеп салып жүрді. Бір кездері ұтқан ақшасын үйге әкеліп, «міне, осылай байлыққа кенелеміз» дейтін. Айына елу мың ұтқаны не керек, жүз-екі жүз мыңдап құмар ойынға жіберсе? Достарының, ағайын-туыстардың бәріне дерлік қарыз. Кейде өз-өзіме қол жұмсағым келеді деп айтып қалады. Бірақ ақша салуын қоймайды. Құдды, бір есірткі сияқты мынау букмекер деген. Сіздер осы орталықтар туралы, менің оқиғам туралы газетке, әлеуметтік желілерге жазып, тым болмағанда он адамға ой салсаңыздар,- деп көзінің жасын бір сығып алды оқырман.

Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен букмекерлік орталықтар Теректіде болмағанмен, Орал шаһарында сап түзеп тұр. Көшеде кімнен сұрасаң да, «жабу қажет» дейтін букмекер орталықтарына шынымен де Үкімет тарапынан қысым көрсетіле ме? Олардың қоғамға пайдасы  бар ма? Оқырманымыз көтерген мәселе төңірегінде осы сауалдарға жауап іздеп көрелікші.

94A053EE-CD8D-4642-8884-CEE96055456E

Тарихи кинолардағы гладиатор жекпе-жектерін көргенде жиналған жұрт жаппай ақшаларын тігіп жатқанын байқау қиын емес. Иә, шынымен де алғашқы бәс тігулер ежелгі Рим империясында пайда болған деседі. Ресми мемлекеттің мақұлдауымен алғашқы букмекер орталығын Англияда 1795 жылы Гарри Огден Ньюмаркет қаласында ашыпты. Оның бір ерекшелігі – тек ат спортына ғана бәс тігуге рұқсат етілетін еді. Ал қазір спорттан тыс кино, саясат та қамтылады.

Ресми түрде Қазақстанда алғашқы букмекер 2007 жылдан бастап ашылған. Ал оның кең қанат жаюы 2009 жылдан басталады. Ғаламтордағы деректерге сүйенсек, әлемнің алпауыт елдері Ұлыбритания, Швеция, Жапония, Канада, Сингапурда бәс тігу экономикаға өлшеусіз пайда түсіретін қаржы көзі деп саналып, тіпті Үкіметтің өзі жеке қадағалайды. 2018 жылы Қазақстанның бюджетіне букмекер орталықтарынан түскен қаржы 14.4 млрд. теңгені (37 млн. доллар) құраған. Міне, букмекер орталықтарының әр қалада жаппай бірінен соң бір ашылуының сыры неде екендігін аңғара беріңіз. Онлайн бәс тігуде Қазақстан 247 мемлекеттің арасында 24-ші орында екен.

Ия, бүгінгі қоғамда құмар ойындарының құрсауына іліккендердің шамадан тыс көбеюі орын алып отыр. Бұған себеп, мойындағы қылбұрау қамыт несие мен жұмыссыздық. Несиеге белшеден батқан адам оңай ақша тауып, бар қарызымнан құтыламын деп ойлайды. Бірақ дендеп кеткенде қарыздың үстіне қарыз жамап, түбі депрессияға салынып, ең ақыры өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Бұлардың үміттері – балығы жоқ суға қармақ салған ақымақ балықшының арманы іспеттес.

Осындай орталықтарды жою мақсатында Үкімет не істеп жатыр деген орынды сауал туындауы мүмкін. Жұрт жапсын деп шулайтын букмекер орталықтарынан Үкіметке өткен жылы әрбір букмекер кассасы айына 150 айлық көрсеткіш деңгейінде, онлайн букмекерлер 2000 айлық көрсеткішінде салық төлесе, биылғы жылдан бастап әр касса ай сайын 300 айлық есептік көрсеткішін, онлайн ойындар 3000 айлық көрсеткішті төлеп қана қоймай, алғаш рет әр тігілген болжамнан 12% НДС алынады. Бұл букмекер орталықтарына тиімсіз болғандықтан, сарапшылардың ойынша алдағы уақытта олардың қатары азая түспек.

Букмекер орталықтары ішінде дәурені жүріп тұрғаны – «Олимп». Өткен жылы осы орталық жабылды деген ақпарат тарағанда дүйім қазақ қуанды. Бірақ кейіпкеріміз Алуаның аузынан күні бүгінге дейін «Олимп» түспейді. Ең алғаш 2007 жылы 15 мамырда келген бұл орталықтың дәл қазіргі сәтте 307 нүктесі бар екен. Неге бұл букмекер орталығы өзгелерден қарағанда танымал? Себебі «Олимп» бір квитанция бойынша максималды түрде 10 миллионға дейінгі ұтыс береді. Қалған букмекерлер тек 5 млн. теңге ғана ұтысты бере алады. Сол себепті «Олимптың» қалтасы өзгелерден қарағанда бірнеше есе қалың. Бейресми мәліметтерге құлақ түрсек, жылдық табысы 250 млрд. теңгені құрайды.

Осындай қыруар қаржы тауып отырған адам өмірінің жалмаушысына тоқтау жоқ па сонда? Әлемдік тәжірибелерге қарасақ, букмекерлік кеңселер жұмысын жасамайтын елдер бар. Әсіресе Въетнам, Қытай сынды елдерде бұл заңмен шектелсе, Араб әлемінде бәс тігу қасиетті Құранмен тыйым салынған. Сол секілді Израильдың қағидасында да бәс арқылы ақша ұту адамды табысқа жетелемейді деп санайды.

АҚШ-тың Невада, Атлантик-Сити сынды жерлерінде, Оңтүстік Кореяның қаладан тыс Канвон қаласында ғана арнайы бәс тігуге рұқсат етілсе, еліміздің Парламентінде де осы ұсыныс 2017 жылдан бері үнемі айтылып келеді. Одан тыс букмекер орталықтарын оқу орындарынан, мешіттерден алыс жерлерге ығыстыру мәселесі де қозғалуда. Бірақ жағдай сол қалпы.

Психологтардың пайымдауынша, жас азаматтар, оқушылардың азарттық ойындарға деген ықыласы тез ауады. Елімізде букмекер орталықтарында көбінесе студент жастар көп баратындықтан, қоғамда бәс тігу 21 жас деп емес, 25 жасқа дейін көтерілуі тиіс деген сыңайда пікірлер бар. Рас, кәмелетке жасы толмағандар сайтқа тіркеле алмауы тиіс. Егер осы талаптар бұзылған жағдайда, лицензияны тартып алу т.б қатаң іс-шараларды қолданса, букмекер орталықтарының да көлеңкелі тұстары азая ма дейсің....

Ғаламторды ашсаң букмекер орталықтарының сайттары мен жалпы құмар ойындарының зияны турасындағы пікірлер бірге қабаттасып жүр. Әр ауданда қанша адам бәс тігеді дейтін статистиканы жүргізер мекеме болмағасын, Теректіде де осыншама адам құмар ойындарының соңынан кеткен деп дөп басып айта алмаймыз. Бірақ спорттық ойындар, ит жарыстыру секілді дүниелерге жиған-тергенін ойланбай сала салатын таныстарымыз барын жасыра алмаймыз ғой.

Ашығында, жерлесіміз Алуаның хәлі бәрімізге сабақ болуы тиіс. Алуаның басына түскен жағдай күні ертең сіздің де үйге келуі ықтимал. Оңай ақшаның берекесі жоқ. Жүз мыңдап ұтқан сайын, екі есе қаржыны сол бәске тігіп жүргеніңізді сіз байқамауымыз мүмкін. Керісінше, сол ақшаны үй алуға жинап, отбасыңызбен саяхаттауға жаратсаңыз, сізден бақытты жан болмас еді. Ойланып көрелікші.....

 Әділет Орынбасаров,

Теректі ауданы

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале